Халықаралық балаларды қорғау күніне орай құқықтық тәртіп әскері 27 мамыр – 3 маусым күндері аралығында өтетін «Мен – Отан қорғаушымын!» атты фотобайқау жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық ұлан хабарламасына сілтеме жасап.
Аталған байқау әскери қызметшілердің отбасыларының беделін арттыру, қоғам мен Ұлттық ұланда отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ата-аналардың балаларға деген қамқорлығын, балалардың үлкендерге деген құрметін күшейту, некенің беріктігін насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Байқауға Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің және ардагерлерінің 3 жастан 10 жасқа дейінгі балалары қатыса алады. Үміткерлер ұйымдастыру комиссиясына әскери киімде түскен фотосуреттерін ұсынуы керек.
Дауыс беру Ұлттық ұланның «Instagram»-дағы National_guard_kaz ресми парақшасында өтеді.
Жеңімпаздар «Ұнату» белгілері саны бойынша анықталып, Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының дипломдарымен, сыйлықтарымен марапатталады.