Сабыр ақсақалдың Американың үлкен бір университетінде оқитын немересі келіп, құрмалдық берген. Аумағы атшаптырым үлкен бөлменің ішінде ине шаншар жер жоқ.
Ниеттес, тілектес қауым. Ауыл үйдің әңгімесі былай қалып, мұхиттың арғы бетіндегі білім мәселесін жіктеп, жіліктеп, талдап-ақ жатыр. Әлден соң алдымызға ас келген. Ақсақал да ақ түйенің қарны жарылған күні аянып қалмапты. Екі жас жігіт екі шетінен әзер көтеріп әкелген ұзынша, үлкен астаудың үстіндегі буы бұрқыраған ет туралып жатыр. Сүбенің өзі бестінің қазысындай. Аппақ қардай жамбас жарты астауды алған.
– «Семіздікті қой ғана көтереді» деген рас, – деді Әубәкір аға. – Қабырғасын қарашы, май жеп қойыпты, жамбастың сүйегі де жіптіктей. Басқа мал болса күпті болып, жүрегін май басып өліп қалар еді.
– Немерем оқуға түскенде байлаған ісек қой, төрт жыл жемде тұрды. Бүгін өздеріңе бұйырыпты. Оқуын аяқтады, енді құжаттарын бір айдың ішінде рәсімдеп келеді, – деді Сабыр ақсақал масаттанып.
– Бұл да заманның өзгергені, – деді Әубәкір аға. – Кешегі кеңес заманында біздің ауылдың бір кісісі «Мен бармаған жер бар ма, Антоновканы да көргенмін», депті ғой, сонда Антоновкасы ауылдан қырық шақырым жердегі орыс поселкесі. Бүгін, міне, Сәбеңнің немересі көз көріп, құлақ естімеген Америкадан оқу бітіріп келіп отыр.
Ас қайырардың алдында Сабыр ақсақал шетін бір әңгіменің ұшығын шығарған. Қайдан тапқанын кім білсін, аршаның бірер көшетін әкеліп отырғызыпты. Көкшетау өңірінде арша Сандықтауда ғана бар. Басқа жерде өсе қоймайды. Сондықтан таңсық. Ақсақалдың екі-үш жылғы талпынысы зая болған. Арша көшеті қанша күткенімен көктемей қойды. Ағаш жайын білетіндердің айтуына қарағанда, кінәрат топырақтан.
Сәлден кейін балалардың бірі табақты алуға рұқсат сұраған.
– Асатайық, – деді Әубәкір ақсақал. – Көне ырым. Жол жүріп бара жатқан баланы топырағымен татқан дәмі періштедей қолдап, қорғап жүреді.
Астаудың түбіндегі бір шөкім қиғаштай тілінген бауырдың үстіне жамбастан жонып алған аппақ майды қондырды. Зордың күшімен қара кесек ет табылды. Сөйтіп, барып алыстағы Америкада білім алып келген Сабыр ақсақалдың немересін шақырды. Бала болса ақсақалдың қолына бір, дәмге бір қарады. Тыжырынған тәрізді. Қолмен берген соң біртүрлі жиіркеніп тұрғаны аңғарылады.
Енді өзі ыңғайсыз жағдайға қалған Әубәкір ақсақал жуып-шайып жатыр. «Атам қазақ осылай жеген, айып-шамы жоқ».
Көк теңіздің әр жағындағы мол білімге бөккен немеренің туған жердің топырағынан ажырап қалғаны аңғарылып тұр еді. Есіме әлгі арша түсе бергені.