Таяуда Ашхабат қаласында түрікмен ақыны, ойшылы Махтымқұлы Пырағының 300 жылдығына арналған халықаралық жоғары деңгейде мәдени, ғылыми, танымдық іс-шара өтті.
Түркі дүниесінің абыройын көтерген жиында Қазақстан атынан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз сөйлеп, еларалық байланысқа қатысты өрелі пікір білдірді. Сондай-ақ маңызды форумға мәдениет, тіл-әдебиет, экология саласы өкілдері, ЮНЕСКО-ның өңірлік мамандары, кітапхана басшылары қатысты. Өзара әріптестік аясында өткен басқосу қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтерілгенін айқындады.
Аталған халықаралық іс-шара аясында Түрікмен Ғылым академиясы Махтымқұлы атындағы Тіл, әдебиет және ұлттық қолжазбалар институты «Махтымқұлы Пырағының даналық қазынасы» атты ғылыми-теориялық конференция өткізді.
Ғылыми форумға қатысушылар Мақтымқұлы атындағы мәдениет паркі кешенін тамашалап, осында орнатылған әлемдік 24 тұлғаның ескерткішімен танысты. Олардың ішінде қазақтың әйгілі күйші-композиторы Құрманғазы ескерткішінің бой түзегенін айта кеткіміз келеді. Осы парктің жоғарғы жағындағы қыратта Мақтымқұлының 60 метрлік тастан сомдалған бейнесі менмұндалап тұр. Авторы – осы елдің атақты скульпторы Сарагт Бабаев.
«Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы Түркі елдері және басқа да шетелдік ғалымдарымен, қайраткерлерімен сұхбаттасып, Қазақстан мәдениеті мен мерзімді басылымдарын танымалдандыру туралы кеңесті. Бұлардың ішінде Ресей, Қытай, Иран, АҚШ, Түркия, Оңтүстік Корея, Грузия, Литва, Польша, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, т.б. елдердің әдебиеттанушы, тілші, тарихшы, мәтінтанушы, мәдениеттанушы, әлеуметтанушы, медиатанушы кәсіби мамандары болды.
17 мамырда «Спорт» қонақүйінің мәжіліс залында «Түрікменстан» газетінің бас редакторы Какамұрат Режеповпен, «Нейтральный Туркменистан» газетінің бас редакторы Майя Алимовамен, «Гүнеш» (балалар журналы) бас редакторы Гүләлек Бабаевамен кездесіп, Қазақстан мен Түрікменстан тарихи тұлғаларын танымалдандыру туралы уағдаласты. Әріптес елдің газет басшылары «Қазақ газеттері» басшылығының: «Тарихта айрықша орны бар кемі 20 тұлғаны анықтап, түрлі форматта насихаттайық. Бүгінгі қоғамға еңбек сіңіріп жатқан диаспора өкілдері көрсетіп отырайық. Қос елдің ғылым, білім, мәдениет, спорт бағытындағы саңлақтарын бірлесе жазайық» деген ұсынысын қолдады. Сондай-ақ Алаш баспасөзінде орны бар түрікмен қаламгері, ғалымы Күмішәли Бөриевті бірлесе насихаттау екі ел үшін де маңызды екені айтылды. БАҚ басшылары кездесуінде балалар суретшілерінің тәжірибе алмасуы, «Менің туған өлкем» тақырыбында қазақ-түрікмен оқушыларының онлайн эссе байқауын өткізу ұсынылып, қолдау тапты.
18 мамырда «Махтымқұлы Пырағының даналық қазынасы» халықаралық конференциясының негізгі жұмыс күнінде академик Д.Қамзабекұлы «Түрікмен мәдени әлемінің биік құбылысы» атты баяндама жасады. Түстен кейін осы елдің Мәдениет институтында өткен «Махтымқұлы және оның заманы» атты секциялық жиынына модераторлық етті. Осы күні Түрікменстанның «Алтын ғасыр» телеарнасына сұхбат берді.