1928 жылы 27 тамызда Қазақ АССР-інің билік орындары өз халқына қиянат жасаған бір құжатты өмірге әкелді. Негізі Мәскеуде ойластырылған саяси науқан Қазақстандағы ірі байларды тәркілеп, жер аудару туралы декрет еді.
Ел аузында «кәмпеске» деген атқа ие болған оған республикамыз бойынша 696 отбасы ілікті. Оның 562-сі жартылай феодалдар деп аталған дәулетті жандар да, қалған 134-і әлеуметтік артықшылықтары бар топ деген хандар мен сұлтандардың, би-болыстардың және ірі дінбасылардың тұқымдары еді. Осындай ұйғарыммен тәркіленетіндер өздері тұратын жерлеріне қарай көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы деп аталды да, оларға төмендегідей талап қойылды. Ол көшпелі өңірлерде малдарының саны ірі қараға шаққанда 400, ал жартылай көшпелі аудандарда 300, отырықшы жерлерде 150 бастан асатындардың кәмпескеге ұшырағандығы болатын. Осылайша, өз шаруашылығын ғасырлар бойы дала заңына мықтап бейімдеп, сол арқылы ауыл-аймақ адамдарына істейтін жұмыс тауып беріп, дүйім елді аман-есен асырап келген дәулет иелерінен өкімет төрт түлікті түгелдей тартып алып, олардың өздерін күштеп жер аудара бастады. Солардың қатарында біз өзіміз төменде арнайы сөз етпек болып отырған Абиыр Дәркембаев атты ел ағасы да бар еді.
Ол кісі 1873 жылы бұрынғы Жетісу губерниясындағы Жаркент уезінің Сарытоғай ауылында дүниеге келген. Бабалары ХХ ғасырдың басына дейін қыста аңғарына қар түспейтін ықтасын жер Шарын, Тастықарасу мүйістерін мекен етіп, көктемде өр жақтағы Темірлік өзені бойында мал төлдетіп, жазда таудағы Қарқара жайлауына шығып, ал күзде қайтадан ойдағы Сарытоғайға түсіп ғұмыр кешкен. Бұл әулетті кезінде Жаркент көпесі Уәлібай Юлдашев ерекше қадірлеп, құрмет тұтыпты. Себебі сарытоғайлықтар жыл сайын оған өздері өсірген төрт түлік өнімдерін өткізуде үнемі уәде үдесінен шығып, сол қаладағы мұсылман мешітін салу басталғанда, таудағы оның құрылысына қажет ағаштарды тасу үшін аты мен түйесі және өгізі бар 42 көлік күшін бөлген екен. Абиыр Дәркембаевтың аталарынан қалған белгілер бүгінгі Ұйғыр ауданының төңірегінде әлі күнге дейін бар. Соның бірі – Қайқы асуының етегіндегі Ақсай мен Шонжыға бұрылар күрежолдағы көне зират. Бұл – «Атаманның ақыры» атты атақты фильм кадрларына іліккен жер. Онда шекараның арғы бетіндегі қауіпті тапсырманы орындап, ел шетіне іліккен чекист Шадияров жанындағы жолдасымен айдаладағы бейітке келіп аялдайтын көрініс бар емес пе? Сөйтіп, жан шақырып, бер жақта өздерін күтіп жүрген шолғыншымен жүздесе бергенде, ақгвардияшылар қуғыны қайта басталмай ма? Міне, кинолентада көрініс берген сол қорым күмбездері біздің кейіпкеріміздің бабалары Барат пен Бекен бидің зираты дейді көнекөз қариялар.
...Аталған аймақтағы ел өстіп өмір сүріп, жұрт уақыт ауанымен осылай жүріп жатқанда 1916 жылғы атақты Қарқара көтерілісі басталады. Оның тарихы, себеп-салдары және мәні мен маңызы туралы қазір кітаптар мен интернетте мәліметтер өте көп. Сондықтан оларды қайталап жатпай, бұл жерде біз осы мақалаға қатысты бір-ақ нәрсеге тоқталмақпыз. Ол – «Өзіміз сөз етіп отырған Абиыр Дәркембаевтың бүкіл Жетісу өңірін дүр сілкіндірген сол халықтық қозғалысқа қатысы бар ма, жоқ па?» деген сауал. Иә, кейіпкеріміз көтеріліске қатысқан. Онда болған. Мұны көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбайдың 1991 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Бейуақ» ғылыми-сараптамалық кітабындағы деректер анық дәлелдейді.
Кейіпкеріміз туралы осыдан кейінгі толық мәлімет беретін құжат деп Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің №135 қорындағы 264-істе тіркелген материалды айтуға болады. Бұл – өзіміз сөз етіп отырған ел ағасын 1928 жылы тәркілеп, өзі мен отбасын Ресейге жер аударуға шешім шығарар кезде толтырылған дәйектеме қағаз. Орыс тілінде жазылған онда былай делінген: «Даркембаев Абиыр. Казах бывший Джетысуской губернии Джаркентского уезда Интифакской волости Сартогайского аула. 55 лет, образование нисшее. Имеет 1050 баранов, 110 лошадей, 80 голов крупного скота, 12 верблюдов. Осенью занимается скупкой риса, каковой весной продает, покупает и продает баранов. Отец был крупный бай и руководитель Сартогаевских №1 и №2 аулов. Был 3 г. волостным управителем, принимал участие на чрезвычайной съезда рода «Албан». Считался при царизме почетным человеком, имевшим всюду доступ. Сам Абиыр Даркембаев был 6 лет волостным управителем и 3 г. бием, один из самых развитых и влиятельных аксакалов. Имеет в качестве награды бронзовую медаль от царских властей. Начальник ВО Ковалышкин».
Жергілікті биліктің осындай анықтамасынан кейін кәмпескеге іліккен Абиыр Дәркембаев 1928 жылы тамыздың аяғында өзі, кәмелетке толған 16 жастағы ұлы Батталғазы мен емшектегі Мұсахан атты сәбиі бар, зайыбы Айымхан төртеуі Қарқара жайлауында отырған жерлерінен «көк арба» деп аталып кеткен конвой керуені арқылы Алматыға аттандырылады. Осы арада оқырмандар тарапынан: «Сол кездері бұл отбасымен бірге осы өңірден тағы кімдер тәркіленген? Олар жөнінде дерек-мәліметтер сақталған ба?» деген сұрақтардың болуы мүмкін. Бірден айтайық, ондай құжаттар бар. Ол – атақты ғалым, тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбековтің 1991 жылы сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институты архивінің №141 қорынан тапқан құжаттар. Ескертіп айтар жайт, қазіргі Алматы облысының Ұйғыр, Кеген, Нарынқол өңірлері кәмпеске алдында бір жергілікті әкімшілік-басқару орталығы болып, Қарқара ауданы деп аталған екен. Міне, сол жерден дәулетті адамдар есебінде 15 отбасы айдалыпты. «Ақиқат» журналының 1992 жылғы №9–10 сандарында «Батысқа айдалған байлар» атты тақырыппен берілген тізімдегі олар мыналар: 1. Бәдімтаев (Бірімтаев) Иса; 2. Байбатшаев Оразалы; 3. Дәркембаев Абиыр; 4. Иманбеков Исабек; 5. Есенов Айдарбек; 6. Қанапиев Әбдікәрім; 7. Қараев Әлімбай; 8. Қаныбеков Қасен; 9. Келгенбаев Әбділда; 10. Кенікенов Таппай; 11. Құмаев Ақшал; 12. Қылғибаев (Қилыбаев) Жетібай; 13. Малаев Сәмет; 14. Тұрғанбаев (Түргенбаев) Жазылбек; 15. Тыштыбаев Дайырман.
Алматыға апарылған соң, бұларға сол қаладан атақты көпес Қали Ордабаев (көрнекті мәдениет қайраткері, 60-жылдары атақты «Гүлдер» эстрадалық ансамблін құрған өнер өкілі Гүлжиһан Ғалиеваның әкесі), Қапалдан есімдері бүкіл Жетісу өңіріне белгілі меценат Есенғұл Мамановтың ұрпақтары Қожахмет пен Махмұтбектің отбасылары қосылады. Сөйтіп, бәрі қызыл вагонға тиеліп, батысты бетке алады. Айдалғандардың елге жазған хаттарындағы дерекке қарағанда, олар алдымен Ресейдің Астрахан облысына апарылған. Бір айдан соң Ордабаев, Маманов отбасылары сонда қалдырылады да, басқаларын кері қарай Оралға алып келіп, Жымпиты ауданына айдайды. Бала кезіміздегі естіген әңгімелерден ұққанымыз, 134 шақырым жерді жаяу жүріп өткен бұл жолдағы ата-әжелеріміздің көрмеген азабы қалмаған. Ақыры бір ай дегенде аталған өңірге арып-ашып жеткен олар аудан орталығынан 20 шақырым жердегі Былқылдақ ауылына қоныстандырылады. Бұл жердегі өмірдің де оңай болмағандығын мұрағаттағы сақталып қалған хаттар анық дәлелдейді. Соның бірі – Абиыр Дәркембаевтың айдауда жүріп, КазЦИК төрағасы Елтай Ерназаровқа жазған өтініші. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің №135 қорындағы 19-істен алынған бұл құжатта мынадай жолдар бар. «...Мұнда келгеніме жарты жылдан астам уақыт өтті. Содан бері қолымда түгім қалмады. Пұл таусылды. Үй-ішімізбен аурумыз. Суық тиіп, қызылша деген кеселден бір жастағы ұлым Мұсахан көз жұмды. Ауа райына, бөтен жерге үйрене алмадық. Өкімет жазасынан ешкім қашпайды ғой. Сіздерге айтайын дегенім, берілген кесімді мерзімнің қалғанын енді туған жерге жақын маңда өтесек деген ой. Ол – мысалы, Қырғызстандағы Қарақол төңірегі. Сонда жанымыз қала ма, қалмай ма, білмейміз. Осы өтінішімізге құлақ ассаңыздар деймін».
Өкінішке қарай, республика Орталық Атқару Комитетіне жолданған бұл мұң мен зарға ешкім назар аудармайды. Тіпті оқып көріп, жауап жазбайды да. Кеңсе қызметкерлерінің: «Жабылсын!» деген бұрыштамасымен архивке өткізіледі де, хат тағдыры сонымен бітеді. Осылайша арада 4 жыл өтеді. Бұл орталық, солтүстік және батыс пен оңтүстік, шығыс Қазақстандағы ұлы жұттың басталған кезі еді. Далада тышқан аулап, құмаршық шөбінің басындағы дәнді талғажу етуге көшкен жергілікті халықтың өзіне ештеңе тауып бере алмаған өкіметтің енді айдауылдарға қарауға тіпті мұршасы да тимейді. 1932 жылдың жазында кәмпескеленгендердің қолдарына «Жазасын өтеу мерзімі аяқталды» деген тілдей қағаз беріп, елге қайтарады.
Бірақ... иә, бірақ неше түрлі қорлықтан сағы сынған, сөйтіп туған жерге арып-ашып әрең жеткен бұларға жергілікті билік жылы қабақ танытпайды. Суық көзқараспен қарап, олардың қолдарындағы анықтама қағаздарын күшпен тартып ала бастайды. Сөйтіп: «Тап жауын табу нормасы орындалмай жатыр. Сол үшін біз енді сендерді Сібірге жер аударуымыз керек», деген қоқан-лоқы жасайды. Осының бәрін айтып, зәбір көрсетіп жүргендер бөтен ешкім де емес, кешегі өздерінің малын бағып, шөбін шапқан, егінін орып, етегін жапқан ауыл адамдары еді. Бүгін енді бастарына бес жұлдызды буденовка киіп, былғары курткаларына дүрбі, планшет бауларын айқыш-ұйқыш таққан шолақ белсенді бәлшебек олардың мынадай кеудемсоқ түрін көрген ел ағалары жерлестерінен қатты түңіледі. Сөйтеді де, шекара асып, жат жерге кетуге бел байлайды. Олардың арасында Абиыр Дәркембаевтың да отбасы бар еді. Осылайша ол және оның тағдырын бастан кешкендер 1932 жылдың күзінде Қалжат жотасы арқылы Қытайға өтеді.
...Халқымызда «Шөп шығатын жеріне ғана шығады» деген сөз бар ғой. Арғы бетке өтіп, ес жиған соң, біз сөз етіп отырған жандар еңбек, тек еңбек етуге көшеді. Тірлікке қажет нәрсені ысырап етпей үнемдеп, бірді екеу етудің нәтижесінде оларға қайтадан бақ қонып, дәулет бітеді. Сөйтіп, Текес бойындағы байырғы жұртқа сіңісіп, сол өңірдің бұйығы өміріне жақсылықтың жарық сәулесін түсіре бастайды. Оның нақты бір белгісі – бұрын ешқандай білім ұясы болмаған түкпірге 1935 жылы Абиыр Дәркембаевтың демеушілік етіп салдырған сауат ашу мектебі. Басында екі жылдық оқу-ағарту үйі деп аталған оған атақты фольклоршы, ХІХ ғасырдың аяғында «Қыз Жібек», «Алпамыс» эпостық жырларын ел аузынан жазып алып, Қазан қаласында жеке кітап етіп бастырған, кейін Түркістан төңірегінен Жетісуға келіп, 1916 жылғы Қарқара көтерілісіндегі үркіншіліктен соң, Қытайдың Күнес жағына қоныс аударған Жүсіпбек қожа Шайхысламұлы бір жыл сабақ береді. «Тау мектебі» атауын иеленген бұл білім ұясы 1952 жылы төрт жылдық болады. 1965 жылы коммуна мен мәдени ревоюция әкелген өзгерістерге байланысты бөктерлер мен кең аңғар және сай-салаларда отырған қандастарымыз ойға, яғни төмендегі жазыққа көшіріледі де, өр жақта ешкім қалмағандықтан, «Тау мектебі» жабылады. Жақсы ма, жаман ба, қалай дегенде де, Текес бойын жайлаған жұрт балаларына 30 жыл білімнің бісмілләсін үйреткен бұл оқу-ағарту үйі сол уақыттағы өз заманы жүктеген жұмысты шама-шарқынша атқарғаны анық. Ал оның бастауында меценат Абиыр Дәркембаев тұрған еді.
Ол кісінің арғы бетте жүріп жасаған үлкен бір еңбегі әр кездері түрлі жағдаймен Қазақстаннан Қытайға өткен өз отандастарын ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір атамекенге қайта оралатындарын айтып, елді үміттендіруі және сол бағытта жұмыс жүргізуі еді. Бұл оқиға былай басталған. 1944 жылы КСРО мен Германия арасында соғыс жүріп жатқанда, Қытайдағы қазақ ауылдарына Құлжа қаласындағы кеңес консулдығының қызметкерлері келеді. Олар 1917–1932 жылдар аралығында қилы себептермен Шыңжаңға қоныс аударған жандардың кеңес азаматтары болып табылатынын, сондықтан осы уақытқа дейін қолдарында ешқандай құжаты жоқ олардың КСРО паспортын алуы керек екендігін айтады. Жұрт ол ұсыныстан ат-тонын ала қашады. «Бір кезде бізді қаңғытып жіберіп, енді қамқорсығаны несі? Көрмегеніміз кеңес өкіметі болсын», деп өкілдерге қатты-қатты сөздер айтады. Сол кезде Абиыр ақсақал өзінің туған-туыстарына консулдық қызметкерлерінің сөзіне құлақ асу керек, Кеңес одағы бізді соғыста опат болғандардың орнына жұмыс істейтін еңбек күшіне пайдалануы мүмкін, Қытай елі бүгін бізге жақсы қарап тұрғанымен, ертеңгі жағдай қалай болады, сондықтан беремін деп отырған паспортты алудың артықтығы жоқ дейді.
Осыдан кейін арада 10 жыл өткенде... Иә, сол шамада Қытайдағы өмір өзгере бастайды. Еркін жүріп-тұру азайып, мал мен мүлікке ортақ көзқарас қалыптастыратын коммуна құрылады. Бұл Кеңес өкіметінің 20-жылдардағы бір жерде тұрып, бір қазаннан ас ішуге бейімдеген казармалық социализм талабының басы еді. Ел дүрлігіп, қайтадан абыр-сабыр күйге түседі. Сол кезде 82 жастағы Абиыр ақсақал 1944 жылы алған баяғы паспорттарды сандықтан шығартады да, үлкен ұлы Батталғазы екеуі Құлжадағы кеңес консулдығының өздеріне жақын Жаңашәрі қаласында орын тепкен бөлімшесіне барып, атамекенге қайтуға өтініш береді. Бұл 1955 жылдың күзі еді. Ал содан 5 ай өткенде қария көз жұмады. Бақилыққа аттанардан бір ай бұрын жарықтық: «Елге аман-есен жетсеңдер, ешкімді кінәламаңдар. Біреуге кектеніп, қатты сөз айтпаңдар. Үндемей, тыныш өмір сүріп, бала-шағаларыңды оқытуды ойлаңдар. Кеңес жерінің оқуы күшті. Оны игерген адам жаман болмайды», деп жиі айтады екен. Бұл сөзді естіген балалары: «Ал өзіңіз ше? Бізбен бірге сіз де шақыру қағазын күтіп жүрсіз ғой. Бармайтын адам секілді сөйлегеніңізге жол болсын», десе: «Әй, қайдам,.. Білмеймін», депті.
...Ақсақал өмірден өткен соң, ұрпақтары марқұмды ақ жауып, арулап, өзі 25 жылға жуық уақыт қоныс еткен Текес өңіріндегі Шолақтерек елді мекені тұсындағы Қырқа атты қыратқа қояды. Сол жылы, яғни 1956 жылдың көктемінде Абиыр Дәркембаев әулетіне: «Кеңестік Қазақстанға қайта оралуға болады» деген повестка да келеді. Осы шақырумен жолға шығуды дегбірсіздене күтіп отырған 12 отбасы 1956 және 1957 жылдары екі кезекпен Қорғас шекарасы арқылы туған жерлеріне оралады. Атамекенге келісімен олар аталарының айтқан ақылымен бірден қарапайым тірлікке көшеді. Атап айтқанда, біреуі тракторшы, екіншісі малшы, үшіншісі шофер, төртіншісі ұста мамандықтарын игеріп, Ұйғыр, Нарынқол аудандарында еңбек ете бастайды. Олардың өсіп-өнген ұрпақтары қазір Талдықорған, Алматы және Астана қалаларында тұрады.
Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Астана