• RUB:
    5.05
  • USD:
    450.79
  • EUR:
    482.21
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Мамыр, 2024

Құлсарылықтарға өтемақы беріліп жатыр

235 рет
көрсетілді

Жылыой ауданының Құлсары қаласындағы «Болашақ» шағын ауданында 150 үйдің құрылысы басталғалы отыр. Мұнда жаңа үйлер бой көтеретін аумақ тегістеліп, іргетасын қағуға дайындық жүріп жатыр. Бұған үш мердігер компаниядан 30 жұмысшы мен 20 арнайы техника тартылды.

Атырау облыстық құрылыс басқарма­сы­­ның басшысы Нұрберген Құсайынов­­тың айтуынша, тұрғын үйлердің құрылы­сын күзде аяқтау көзделген. Құрылыс компаниялары алғашқы кезекте 80 жеке үйдің құрылысын қолға алады. Бұл үйлер «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен салынады. Шағын аудан­да осы кезге дейін жолдан өзге инже­нер­лік коммуникациялар жүргізілген.

«Атырау облысының әкімдігімен қол қойылған арнайы меморандум бар. Соған сәйкес жергілікті атқарушы орган жаңа үйлер салу үшін жер учаскелерін су баспайтын қауіпсіз аумақтан бөлуді қамтамасыз етеді. Жергілікті атқарушы орган құрылыс жүргізу мерзімі мен техникалық талаптардың сақталуын, құрылыс жұмыстарының сапасын бақылайды», дейді Н.Құсайынов.

Тасқын судан зардап шеккен құлсары­­­лықтарды толғандыратын жайт – өтем­­ақы мәселесі. Осыған алаңдаған 1 мың­­нан аса тұрғын өтемақы мәселелері бойынша 109 бірыңғай байланыс орта­лы­ғына жүгініпті. Орталық басшысы Ақмарал Батырханованың айтуынша, Жылыой ауда­нында төтенше жағдай жарияланған 4 сәуірден бері 6 мыңнан аса қоңырау түскен.

«Құлсары қаласының тұрғындары баға­лау қорытындысын дайындау, өтем­ақы алу мерзіміне байланысты сауалды жиі қояды. Күнделікті тұтынатын ауыз­судың сапасы, жалған ақпаратты анықтау мәселесіне алаңдайды», дейді А.Батырханова.

Өтемақы демекші, кейінгі күндері бұл қаржыны алып жатқан құлсарылықтар қатары көбейіп келеді. Мәселен, 23 мамырға дейін тасқын судан зардап шек­кен 357 тұрғын өтемақы алу үшін келісімшартқа қол қойды.

«Арнайы құрылған жұмыс комиссиясы 1 500-ден аса нысанды бағалау қорытындысын дайындады. Үйі суға кет­кен­діктен, өтемақы алу туралы келі­сім­ге қол қойған 109 тұрғынның жеке есепшотына өтемақы қаражаты аударылды», деп мәлімдеді облыстық жедел штабтан.

Көп жылдан бері Құлсары қаласында тұратын Нұршат Әуелбайдың айтуынша, бағалау компаниясы есептеп, ұсынған қаржы өзінің есебімен сәйкес келген. Өйткені оның үйі апатты деп танылып отыр. Енді сол үйді бұзады.

«Су кірген үйімнің құны әділ баға­лан­ды. Есепшотыма түсетін өтемақы шығы­нымды толығымен жабады. Ақша­лай өтемақыға жаңа үй сатып алатын шығармын. Реті болса, жаңа үй салуым мүмкін. Қазір бұл мәселені отбасымызбен ақылдасып отырмыз», дейді Н.Әуелбай.

Ал Күнзира Тәжіғұлованың үйіне кірген тасқын су метр деңгейінде сақ­талып тұрған. Әрине, бірнеше күн тас­қын судың ортасында тұрған үйде бұдан былай тұру мүмкін емес. Сол себептен оның үйі апатты жағдай екені баға­лау жүргізген комиссияның шеші­мі­мен расталған. Ал үй иесі енді бүлінген бас­панасын бұзып, жаңасын салуды көздеп отыр.

Ұзақ жыл берекелі тірліктің ұясы бол­ған баспанасы апатты деп танылған­дар­­дың қатарында Гүлбаршын Қоңыр­бае­­ва да бар. Қазір ол өтемақы тө­леу ту­ра­лы келісімге қол қойған.

«Үйі­міз апатты деп танылған соң ақша­лай өтемақы алу үшін 19 мамырда барлық құжатты тапсырған едік. Содан соң банктен есепшот аштық. Сол есепштотқа 21 мамырда өтемақы қаржысы аударылды. Енді жаңа үй сатып аламыз», дейді Г.Қоңырбаева.

Моноқаланың байырғы тұрғынының бірі Галина Қаражанова 20 мамырда ақшалай өтемақы алу мақсатында құжат тапсырыпты. Оның да есепшотына 21 мамырда мүліктік залал үшін қаржы түскен.

Тағы бір құлсарылық Мейрам Тілекбаев бағалау парағында көрсетілген қар­жыға келісімін беріпті. Қазір ақшалай өтемақы алу үшін құжат жинап жүр.

«Менің үйім тұруға қауіпті деп танылды. Қазір бұзылып жатыр. Жақында мамандар маған бағалау қорытындысының парағын әкелді. Келтірілген шығынға байланысты есептелген қаржы көлеміне көңілім толады», деді М.Тілекбаев.

Облыстық жедел штабтың мәліме­тіне сүйенсек, Құлсары қаласында тұр­ғындарға бағалау қорытындысын таныс­ты­руға 20 мобильді топ жұмылды. Бұл топтардың мүшелері күшейтілген ре­жімде жұмыс істеп жүр. Олардың жұ­мысы тұрғындардың бүлінген мүлкін ба­ғалау аяқталғанға дейін созылады. Ал бағалау жұмысын осы аптаның соңына дейін аяқтау көзделген.

 

Атырау облысы