• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Несие 25 Мамыр, 2024

Кәсіпкер несиеге қаншалықты мұқтаж?

206 рет
көрсетілді

Бизнес тарапынан банк несиесіне деген сұраныс ұлғая түскен. Шағын бизнестің өтінімі 786 мыңға дейін өскен. Орта және ірі кәсіпкерліктің де үлесі жоғары. Кей банктердің тәуекел профиліне қойылатын талаптарды қайта қарауы несие берілу көрсеткішін жақсартқан сыңайлы. Ұлттық банктің (ҰБ) мәлімдеуінше, мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржыландыруды қайта бастау орта бизнес тарапынан сұранысқа оң әсерін тигізді.

ШОБ-тан түскен өтінім шашетектен

ҰБ Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Көбенбаевтың айтуынша, орта бизнестің кре­дит­тік өтінімі 7%-ға, яғни 6,2 мыңға дейін өсті. Ал ірі бизнес өті­німі 6%-ға қысқарып, 169 болып тұр.

«Есепті тоқсанда кредиттік өтінімді мақұлдау үлесі ірі және орта кәсіпкерлік субъектілерге төмендеді, осылайша, ірі бизнес үшін 51%, орта бизнес үшін 39% болды. Шағын бизнес субъектілеріне бұл көрсеткіш 35% деңгейінде сақталды. Банк­тер сыйақы мөлшерлемесін бір­шама төмендету есебінен кор­поративтік сектор үшін кредит беру шарттарының біршама жұмсартылғанын атап өтті. Бұл ретте жекелеген банктерде бір­қа­тар өзге шарттың елеусіз қатаң­датылуы байқалды», дейді ҰБ өкілі.

 

«ВТБ», «Еуразиялық банк», «Нұрбанк»

Осы орайда қаржы институттарына хабарласып, кәсіпкерлерге кредит беру жайын сұрастырдық. ВТБ (Қазақстан) банкі баспасөз қызметінің хабарлауынша, банк үшін корпоративтік сегменттегі жұмыс – негізгі бағыттың бірі.

«Біз әртүрлі саладағы және бизнестегі компанияларға ынты­мақ­тастықтың нарықтық талаптарын ұсынамыз. Осы жылдың басында жеке кәсіпкерлерге кепілсіз кредиттерді іске қостық. Негізгі мөлшерлемені төмендету нәтижесінде жеке кәсіпкерлерге кредит бойынша неғұрлым тиімді талаптар ұсынылып, орташа мөлшерлеме 6 пайыздық тармаққа дейін төмендеді», дейді.

«Еуразиялық банк» баспасөз қызметінің хабарлауынша, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша қаржы ұйымындағы экономикаға несие берудің өсім қарқыны 2,7%-ды құраған. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда несие өсімі 1,1% болған.

«2024 жылдың басынан бері базалық мөлшерлеме 1 пайыздық тармаққа төмендеді, қазір 13,75-15,75% дәлізбен 14,75%-ды  құрап отыр. Бұл бизнеске кре­­дит беру ісіне сөзсіз әсерін тигізеді. Биылғы жылдың 3 айында біз­дің банкте ірі бизнеске займ беру көлемі 130 млрд теңгеден асты. Несиелеудің теңдестірілген сая­саты нәтижесінде банк таза та­быстың позитивті көрсеткішін қол­дауды, сол арқылы клиент үшін де, акционер үшін де табысты банк болып қалуды жос­парлай­­­ды», дейді.

Банк өкілдерінің айтуынша, өткен жылы бөлшек сегментте де, корпоративті сегментте де несие портфелі тұрғысынан оң динамика сақталған.

«Бір жылда несие портфелі 36%-ға өсті. Корпоративті клиент­тер­дікі – 55%, бөлшек клиент­тердікі – 30%-ға. Депозит бо­йынша айтарлықтай жоғары мөл­шерлеме жеке тұлға қаража­тының 22%-ға өсуіне әсер етті. Банк қазір «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен ша­ғын және орта кәсіп­керлікті қол­даудың мем­ле­кет­тік бағ­дар­ла­масы аясын­да бел­сенді ынтымақтастықта жұ­­­мыс істейді. Жыл басынан бері бірқатар клиент үшін мем­лекеттік қар­жы­ландыру есебінен қаржы тарттық», деп хабарлады.

Нақтылап айтар болсақ, қар­­жы институты кіші, шағын және орта бизнес санатындағы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және қаржыландыру үшін «Үміт» бағ­дарламасы арқылы 1,5 млрд теңге қарастырған. «Даму Өн­ді­ріс» бағдарламасы бойынша өң­деу­ші өнеркәсіптегі шағын және орта бизнесті қолдауға қо­сым­ша қаражат 4,2 млрд теңге тартылған.

«Сонымен қатар банктің 30 жылдығына орай, сыйақы мөл­шер­лемесі жылдық 10%-дан бас­талатын (ЖТСМ 11,7%-дан) ШОБ субъектілеріне арналған несиелеу өнімін ұсынып отыр», деп хабарлады баспасөз қызметі.

«Нұрбанк» өкілдері ШОБ-қа несие беру шартының аздап өзгергенін айтады. «2024 жылдың басынан ШОБ секторында «Нұрбанк» клиенттерді өз қаражаты есебінен қаржы­лан­ды­ратын кредиттік өнімдері бо­йынша сыйақы мөлшерлемелері төмендеу жағына қарай (0,5%-дан -2,5%-ға дейін) қайта қаралды», делінген банк жауабында.

 

RBK Business-тің тиімділігі қандай?

«Bank RBK» бірінші жарты­жыл­дықты қызметтің барлық бағы­тындағы өсіммен тәмамдап жатырмыз дейді. Қаржы институты бюджеттік көрсеткіштерді толық орындап, несие портфелін 8 пайызға ұлғайтқан.

«Банк шағын және орта биз­нес­­ке несие берудің маңызын толық түсінеді және оларға ың­ғай­лы шартпен, жоғары техно­ло­гиялық сервис қалып­тас­тыра отырып, ұсыныс жасау бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. «Жеке кәсіпкерлік үшін кепілсіз RBK Business» атауы­­­­мен инновациялық кредит бастамасы іске қосылды. Енді кәсіпкерлер кепіл ұсынбай-ақ 36 айға дейінгі мерзімде 5 млн теңгеге дейін несие алады. Аталған өнімнің тағы бір ерекшелігі, займ ұсынғаны үшін комиссия алынбайды. Соның нәтижесінде бұрын кредит алу кезінде қиындыққа тап болып жүрген кәсіпкерлердің кредитке деген қолжетімділігі арта түседі. Олар несиеге мо­биль­­ді қосымша арқылы онлайн форматта да өтінім бере алады. Ал өтінімді қарастыру және несие беру небәрі бірнеше минут ішінде жүзеге асырылады», деп жауап берді банк баспасөз қызметі.

 

Несие берудегі цифрландырудың маңызы

«Freedom Bank» дерегінше, банктің болжамды таза пайдасы шамамен 26 млрд теңгені құрауы мүмкін, бұл өз капиталының көлемі 160 млрд теңгені құрайтын елдің ірі банктерінің тізімінде орын сайлауға мүмкіндік береді.

«Өткен жылы шағын және орта бизнесті дамытуға, сондай-ақ қысқа мерзімде жеке және заңды тұлғалармен серік­тес­тік қатынастар құруға мүм­кіндік беретін ішкі бизнес-үдерістер жетілдірілді. Халыққа ұсынылатын түсінікті, ашық және алуға ыңғайлы қаржылық қызметтерді танымал етудің арқасында несие портфелі 2 есе (320 млрд) ұлғайды. 2022 жылдан бастап банк несие портфелінің көлемін серпінді түрде арттырып, 2024 жылдың басында жеткілікті көлемді портфельді қалыптастырды. Биыл банк ел экономикасына несие беруді жалғастырады, бірақ қалыпты қарқынмен. Осы жылдың қаңтар айынан бастап банк 75 млрд теңге сомасына кредит берді. Былтыр жыл ортасында банк шағын және орта бизнес сегментіне арналған өнімді ЖК үшін цифрлық бизнес несиесін іске қосты. Осы өнім шеңберінде банктің өз бағдарламасы бойынша да, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мемлекеттік бағдар­ла­масының бағыты бойынша да несие ресімдеуге мүмкіндік бар», дейді банк.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, кіріктірілген цифрлық клиенттік базаның арқасында несиені бірнеше сағат ішінде, ал мемлекеттік бағдарлама аясында бір тәулік ішінде ресімдеуге болады.

«Банк өтініш беруден бастап несие алуға дейінгі үдерістегі әрбір қадамды цифрландырды. Мемлекеттік бағдарлама бо­йын­ша пайыздық мөлшерлемені суб­сидиялауды және қарызға ке­піл­дік беруді ұсынатын «Даму» қорымен интеграция бойынша жұмыс жүргізілді. Мұның бәрі клиентке үйде немесе офисте отырып, 24/7 режімінде өтініш беруге, мақұлдау алуға және кәсіпкерлік мақсаттарға ақшаны игеруге мүмкіндік береді», дейді.

«Home Cre­dit Bank» бізге берген жауабында банк табысы биылғы төрт айда 9,3 млрд тең­гені құра­ға­нын, бұның былтырғы ұқсас кезеңнен 39%-ға көп екенін айтады. Был­тыр­ғы толық табыс 26,6 млрд теңге болған. Демек ұйым­ның несие портфелі де арық-тұрық болмаса керек-ті. Алай­да бұл жа­йында егжей-тегжей мә­лімет беріл­меген.

«ШОБ-қа несие беруді жүзеге асыру жоспарланып отыр, біз қазір дайындық кезеңіндеміз», делінеді жауапта.

 

Қарыз портфелінің сапасы қай деңгейде?

«Нұрбанктегі» кредит портфе­лінің сапасы тәуекелді бағалау бо­йынша тұрақты қолайлы дең­гей­де және «S&P Global Ratings» халықаралық рейтингтік агент­ті­гінің деректері бойынша оң деңгейде, бұл рейтингтік бол­жам­ның 2024 жылдың бірінші тоқ­санында «Тұрақтыдан» «Оңға» көтерілуімен расталады.

«Еуразиялық банктегі» NPL 90+ (90 күннен кешіктірілген төлемдер) үлесі алдыңғы жылғы 6,69%-дан 2023 жылдың қоры­тын­дысы бо­­­­йынша 4,19%-ға төмен­де­ген. 2020 жылы 9,57% пайыз бо­лыпты.

«Home Credit Bank»-тегі NPL 4,5% деңгейінде және несие порт­фе­лінің ұлғаюы арқасында резерв деңгейі де артып келе жатыр.

«Freedom Bank» биылғы 1 нау­рыз­дағы жағдай бойынша мер­зімі өткен берешегі 90 күннен асатын қарыз үлесі 1,2%-ды, банк жүйесі бойынша орташа көр­­сеткіш 3%-ды құрайды деп мәлім­де­ді.

«Bank RBK»-ның қарыз порт­фелі­нің сапасы тұрақты жоға­ры дең­­гейде. «Ұлттық банк дерегі бойынша, 2023 жылдың қоры­тын­­дысында NPL 90+ үлесі 2,35% бол­ды, бұл – нарықтағы үздік көрсеткіштердің бірі», дейді банк.