Жайық өзенінің суы Махамбет ауданында әлі де 10 метрден түспей тұр. Кеше түскі мезгілде мұнда өзен арнасы 1 020 см-ді құрады. Махамбет ауданы жедел штабының үйлестірушісі Алшынбек Мұханғалиевтің айтуынша, қазір Махамбет пен Сарытоғай ауылдарын жалғайтын жолда бақылау күшейтіліп отыр. Полиция қызметкерлері аталған жолдағы қозғалысты, әсіресе, жаяу жүргіншілер мен жеңіл автокөліктер қауіпсіздігін ұдайы қадағалайды.
«Бірнеше күн бұрын Жайық өзенінен мол су келіп, Махамбет ауылына қауіп төндірген еді. Соған байланысты, Махамбет пен Сарытоғай ауылдары арасындағы жол жабылып, арнайы техникалармен жырылды. Жолдың ұзындығы – 5 шақырым. Қазір аталған жолдың екі жағына қорғаныс бөгеті салынып, үстіне ұзындығы 12 метрлік бетон плита қойылды. Бұл жолмен жаяу жүргіншілер мен жеңіл көліктердің өтуіне болады. Сарытоғай ауылынан шығатын орташа және ауыр жүк көліктері «Сейтек» шайханасы жанындағы айналма жолмен жүреді», деді А.Мұханғалиев.
Оның дерегіне сүйенсек, Махамбет ауданында Жайық өзенінің жағалауына әр 300 метр сайын 27 кезекшілік бекеті қойылды. Кезекшілікке төтенше жағдайлар саласының мамандары мен сарбаздар, мемлекеттік қызметкерлер мен жергілікті тұрғындар тартылды. Олар аудандық жедел штабқа сағат сайын Жайық өзеніндегі ахуал туралы баяндайды.
Кеше Атырау-Орал тасжолынан осы аудандағы Талдыкөл ауылына баратын жолды тасқын су басты. Бұл ауылда қалған тұрғындар әлі де бар.
«Жолды су басуына байланысты ауыл тұрғындарының Атырау қаласымен қатынасын үзбеу үшін төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қайықпен тасымалдау қызметін ұйымдастырды. Талдыкөл ауылына су басу қаупі төніп тұрған жоқ. Ауылдағы бөгетті қосымша бекіту жұмысы үзіліссіз жүргізіліп жатыр. Қазір бұл ауылда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімінен 59 сарбаз, Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымынан 17 қызметкер мен арнайы техникалар жұмылдырылды», деп хабарлады облыстық жедел штаб.
Бірнеше күн бұрын Талдыкөл ауылынан 217 тұрғын Атырау қаласындағы эвакуация пунктіне көшірілген еді. Ал 422 адам өз қалауымен туыстарының үйіне орналасқан.
Сондай-ақ Атырау қаласына Индербор кентінен қатынайтын жол жабылды. Облыстық жедел штабтың ақпаратына қарағанда, Жайық өзенінің сол жағалауындағы бұл жолдың жабылуына тасқын судың молдығы себеп болып отыр.
Жайық өзенінің оң жағалауындағы Атырау-Орал тасжолының бірнеше бөлігі жабық тұр. Нақтылай айтқанда, Махамбет ауданының аумағындағы Сарайшық ауылының және 71-шақырым тұсында шектеу қойылған.
Тасқын су Атырау қаласының маңындағы Соколок каналының бөгетін жарып кетті. Бөгеттің бұзылуына тасқын судың көптігі мен қатты жел әсер еткен.
«Соколок каналы – Жайық өзені арқылы Атырау қаласына қарай ағып келетін мол суды реттеудің негізгі тармағы. Қаланы тасқын судан қорғау үшін канал бойындағы алғашқы бөгетке екінші қорғаныс нысаны салынды. Екінші қорғаныс бөгетінің беріктігін қамтамасыз ету мақсатында топырақ толтырылған қаппен нығайту жұмысы жүргізілді. Канал бойындағы бөгеттің биіктігі Балтық жүйесінің деңгейіне сәйкес ұлғайтылды. Бұл учаскеде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып отыр. Каналдағы бұзылған бөгетті қалпына келтіру үшін қосымша техникалар жіберілді», деп хабарлады облыстық жедел штабтан.
Атырау облысы