«Қазгидромет» РМК 27 мамырда Қазақстан аумағында болатын синоптикалық жағдай мен қауіпті ауа райы құбылыстары туралы болжамын жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгін ел аумағының басым бөлігінде күн райына циклон және онымен байланысты суық атмосфералық ағындар әсер етеді. Соған байланысты түнде жауын-шашын болып, елдің шығысында, солтүстік-шығысында қатты жаңбыр күтіледі. Тек республиканың оңтүстігінде ауа райы ашық, жауын-шашынсыз болады. Республика бойынша екпінді жел соғып, найзағай ойнайды, солтүстікте, орталықта бұршақ жаууы мүмкін, түнде оңтүстік-шығыста тұман күтіледі.
Түнде Ақмола, Қарағандының батысында, Ұлытау облысының солтүстігінде, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Түркістан облыстарының таулы аудандарында 1-2 градус үсік жүреді.
Қостанайдың оңтүстігінде, батысында, Атыраудың оңтүстігінде, Қызылорданың шығысында, Батыс Қазақстан облыстарының батысында, оңтүстік-батысында, Абай облысының орталығында жоғары өрт қаупі күтіледі.
Абай облысының оңтүстігінде, Жетісу облысының шығысында, Түркістан облысының шөлді аймақтарында өте жоғары өрт қаупі күтіледі.