Ұлттық қорғаныс университетінде «Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы армия генералы С.Қ. Нұрмағамбетовтің әскери мұрасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шара Тәуелсіз Қазақстан Қарулы күштері қалыптасуының бастауында тұрған атақты әскери қолбасшының туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Оған Парламент депутаттары, Қарулы күштердің құрылуы жолында қажырлы еңбек еткен ардагерлер, қоғам қайраткерлері, профессорлық-оқытушылар құрамы және Ұлттық қорғаныс университетінің магистранттары қатысты. Бейнебайланыс арқылы Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан әскери оқу орындарының өкілдері іс-шараға қосылды.
Конференцияға қатысушыларға арнап Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов сөз сөйледі.
– Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі ел тарихында мәңгі таңбаланған. Сағадат Қожахметұлы – көрнекті әскери басшы ғана емес, Отанға адал қызмет етудің үлгісі. Оның жауынгерлік жолы мен ел игілігі үшін еткен қызметі – бәрімізге өнеге, – деп атап өтті С. Камалетдинов.
Конференцияда соғыс тарихы мен әскери өнер және оның даму перспективалары туралы баяндамалар тыңдалды. Оған қатысушылар Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетовтің жауынгерлік жолындағы соғыс тарихын зерттеу тәжірибесімен бөлісті. Одан бөлек, жиында батырдың Қазақстан армияның қалыптасуы мен дамуындағы тарихи рөлі туралы айтылды.
Іс-шараға арнайы кітап көрмесі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің құжаттары мен жеке заттары қойылған экспозиция дайындалды. Астана қаласының мемлекеттік архиві ол туралы сирек кездесетін материалдармен таныстырды.
– Сағадат Нұрмағамбетов – қазақ халқының біртуар ұлы. Ол әскерде 54 жыл қызмет етіп, өзінің барлық күш-жігерін, қажыр-қайратын осы салаға арнады. Батыр есімі – ел есінде, мәңгі жадымызда сақталады. Оның мінсіз қызметі – Отанға шынайы адал қызмет етудің, елге, жерге деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі, – деді Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев.
Баяндамаларда қатысушылар армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің әскери-теориялық және рухани мұрасын зерделеу қажеттігін атап өтті, ол жас ұрпақтың бойында дұрыс өмірлік бағдарлар мен патриотизм, азаматтық, ел ісіне араласу мен жауапкершілік сезімі сияқты жеке қасиеттерді қалыптастыруға оң ықпал етеді.
Іс-шара соңында Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы, генерал-майор Асқар Мұстабеков бірқатар конференцияға қатысушыға «С.Қ.Нұрмағамбетовке 100 жыл» естелік белгілерін, сертификаттар мен алғысхаттар табыс етті.