«Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы қытайлық «Жэньминь Жибао» басылымының Қазақстан және Орталық Азиядағы тілшісі Ли Чияңды қабылдап, тараптар әріптестік, ақпараттық, мәдени байланыс орнату мәселелерін пысықтады.
Кездесуде Дихан Қамзабекұлы қытайлық журналисті серіктестіктің тыныс-тіршілігімен таныстырып, ғасырлық тарихы бар «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда» газеттері туралы әңгімелеп, «Қазақ газеттері» құрамындағы өзге де басылымдарға тоқталды. Сондай-ақ серіктестіктің бірқатар Қытай басылымдарымен әріптестік байланысы барын айтып өтті.
Осы қызметінде жылға жуық уақыт қана жұмыс істеп келе жатқан қытайлық журналист «Казахстанская правда» газетімен тығыз байланысы барын айтты. Сонымен қатар ол серіктестік басылымдарының «Жэньминь Жибао» газетінің «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында құрылған медиаодақтың мүшелігіне өту жөнінде ұсыныс жасады. Осы одақ жыл сайын өзінің медиафорумын өткізіп, сол іс-шара аясында шетел журналистері үшін Бейжің қаласына саяхат ұйымдастырып тұрады екен.
Сондай-ақ Д.Қамзабекұлы мен Ли Чияң әріптестік шеңберінде газетке жарияланатын мақалалар жайында пікір алмасты.
«Бұған дейін сіздермен әріптестік байланысымыз болған жоқ. Сондықтан газеттеріңіз республика көлемінде тарайтын танымал да іргелі басылым болғандықтан, біз екіжақты әріптестік, ынтымақтастығымызды нығайтқымыз келеді. ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің мақаласын, алдағы уақытта Астанада болғалы отырған ШЫҰ саммитіне қатысты материалдарды газеттеріңізде жариялау жөнінде ұсынысымыз бар», деген қытайлық газет өкіліне серіктестік басшысы қос мемлекеттің Сыртқы істер министрліктері деңгейіндегі тиісті рұқсат құжаттары реттелсе, мұндай ұсынысты қолдауға дайын екенін жеткізді.
Сондай-ақ ол материалдарды мүмкіндігінше «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттеріне бірдей жариялау жөніндегі өз пікірін ортаға салды.
Тараптар алдағы уақытта жалпы қазақ-қытай ынтымақтастығын жандандыруға медиа саласы бойынша үлес қосуға, әріптестік байланысты дамыта түсуге келісті.