Алматыда өткен «ОнкоРенессанс 2024» I халықаралық ғылыми-тәжірибелік мектебінде Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс Бас онкологі Диляра Қайдарова елімізде ең көп тараған қатерлі ісіктің түрін атады. Маманның айтуынша, сүт безі обыры бірінші орында ғана тұрған жоқ, жыл өткен сайын осы дертке шалдыққан әйелдер саны да көбейіп келеді.
Мәселен, 2023 жылы Қазақстанда жаңадан 5 500 адамның сүт безі обырына шалдыққаны анықталса, дәрігерлерді науқастардың жасарып бара жатқаны алаңдатады.
– Осы жуырда ғана жасы 23-ке толған науқаста сүт безі обыры өрши бастағанын білдік. Сондықтан қатерлі ісікті асқынбай тұрғанда анықтап, ем-домын ерте бастауға барынша назар аударып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, 2023 жылы онкологиялық кеселдермен күресудің кешенді жоспары қабылданды. Осы жоба арқылы әйелдер арасындағы қатерлі ісікті дер кезінде анықтау үшін жаңа цифрлық маммографтар орнатуды көздеп отырмыз. Қазіргі таңда обыр бастапқы сатыларында 100 пайыз дерлік ем-домға көнеді, – деді «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ төрайымы Диляра Қайдарова.
Өкпе обыры, сүт безі обыры, онкоурология, меланомалар мен ісікке қарсы дәрілік терапияны басқару сияқты бес бағытты қамтыған «ОнкоРенессанс-2024» халықаралық ғылыми-тәжірибелік мектебіне отандық онкологтермен бірге АҚШ, Ресей, Италия, Франция, Испания, Латвия, Түркия, Қытай, Грузия, Беларусь, Әзербайжан елдерінен келген спикерлер мен химиотерапевтер, онкохирургтер, рентгенологтер мен жас мамандар қатысты.
Кәсіби жиынға қатысушылар отандық және шетелдік сарапшылардан сүт безі қатерлі ісігінің Oncotype DX диагностикасы, онкологиядағы молекулалық-генетикалық диагностика, сәулелік және таргетті терапияның заманауи әдістері және онкологиядағы ғылыми жаңалықтар туралы ақпарат алмасты.
Қазақстанда онкологиялық көмек Денсаулық сақтау министрлігінің стратегиялық жоспары мен 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде ілгерілеп жатқанына тоқтала кеткен жөн. 2023 жылы динамикалық бақылауда 218 213 онкологиялық пациент болса, олардың саны саны 5,7%-ға өскен. Бұған дейін жазылғандай, бірінші орында – сүт безі, екінші орында – тоқ ішек, үшінші орында – өкпенің қатерлі ісігі, төртінші орында – асқазан қатерлі ісігі, бесінші орында жатыр мойны обыры тұр. Статистика бойынша қатерлі ісіктерден болатын өлім көрсеткіші 2,8%-ға төмендеп, 2023 жылы қатерлі ісік түрлеріне 12 920 адам көз жұмған. 0-I сатыдағы онкологиялық аурулардың ерте диагностикасы 2023 жылы 5,2%-ға ұлғайып, қатерлі ісіктердің жаңа жағдайларының жалпы құрылымында 30,5%-ды құрады.
– Бұл мәселе Мемлекет басшысының назарында тұрғаны белгілі, Президент тапсырмасын орындай отырып, онкологиялық қызметті жаңғырту мақсатында облыстық онкологиялық диспансерлерде сәулелік терапияға арналған жаңа аппараттар, заманауи цифрлық маммографтар, заманауи 128-кесінді компьютерлік томографтар сатып алынды. «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорынан да қомақты қаржы бөлініп жатыр. Биылдың өзінде жаңа КТ симуляторлары мен сәулелік терапияға арналған 6 сәулелік үдеткіштер алдық. Бұл құрылғылар Астана, Алматы, Семей және Петропавл қалаларында орнатылады. Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоры балаларға да, ересектерге де қымбат тұратын инновациялық таргетті препараттарды сатып алуға 15 млрд теңгеден аса қаражат бөлді. «Қазақстан халқына» қоры мамандарымызды шетелде оқытуға да қаржы бөлді. Халықаралық ынтымақтастығымыздың нәтижесінде отандық онкологтер шетелдерде, Еуропада білім алып, тәжірибе байытып, Қазақстанға жаңа инновациялық емдеу және диагностикалық әдістерді әкеліп отыр», дейді еліміздің бас онкологі.
Қазіргі уақытта елімізде тегін онкоскринингтің 3 түрі бар болса, дер кезінде жасалған диагностикалау арқылы 2022 жылы сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан науқастардың 5 жылдық өмір сүру көрсеткіші 71,6%-ға, жатыр мойны обыры бойынша 67,5%-ға, тоқ ішек обыры бойынша 52,9%-ға дейін ұлғайған.
Елімізде ересектерге арналған онкологиялық көмекті «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ (ҚазОжРҒЗИ), «Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық» АҚ (ҰҒОО) сияқты республикалық ұйымдар, 15 онкологиялық диспансер, орталықтар, көпбейінді стационарлар жанындағы 5 онкологиялық бөлімшелер атқарады.
АЛМАТЫ