Батыс Қазақстан облысының диқандары егін қамымен күні-түні егіс даласында жүр. Қазірдің өзінде 119 мың гектарға жуық (62%) дәнді дақыл, 41 мың гектардан астам (36%) майлы дақыл және 13,5 мың гектардай (31%) мал азықтық дақыл егілді.
«Мұның сыртында 745 га картоп, 418 га көкөніс, 281 га бақша (15%) отырғызылды. Егу жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатыр», дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Рүстем Зұлқашев.
Биыл Батыс Қазақстан облысы көктемгі су тасқынынан көп зардап шекті. Көктемнің жылға азық болатын бағалы біраз күні табиғат апатына қарсы күреспен өтіп кетті. Бүкіл күш тілсіз жауға қарсы жұмсалды. Су тасқынынан тікелей зардап шеккен егіс алқаптары да бар. Мысалы, өңірде 4 957 га күздік дәнді дақыл су астында қалған. Кей жерде жылыжайлар мен шаруашылық жанындағы қоймадағы тыңайтқыштар бүлінген. Бір тәуірі, Ауыл шаруашылығы министрлігі 17 мамырда «Табиғи сипаттағы төтенше жағдай нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залалды өтеу қағидаларын» бекітті. Енді елімізде өсімдік шаруашылығы бойынша су тасқынынан келген шығындарға өтемақы төленеді. Қазір жер-жерде шығынды есептеу үшін арнайы комиссия құрылып жатыр екен.
Жоғарыда айтқандай, мемлекет елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін көктемгі дала жұмыстарын ерекше назарға алып отыр. Сәуір айында Ақжайық өңіріне Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, кейін оның орынбасары Аманғали Бердалин сынды жауапты сала басшылары жұмыс сапарымен арнайы келіп, өңір диқандарымен жүздесті. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары туралы баяндап, шаруалардың сұрақтарына да жауап берді.
Көктемгі егіс науқаны облыс басшылығының да ұдайы бақылауында тұр. Мамырдың 19-ы күні облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов егіс жұмыстарының барысын көзбен көріп, диқандармен бетпе-бет кездесу үшін өңірдің ең астықты өлкесі Бәйтерек ауданында жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында аталған ауданның бірқатар шаруашылығын аралады. Атап айтқанда, «Гепард», «Шонайбеков», «Алтын Болашақ», «Мар-Эль» шаруа қожалықтары және «Асан Ауыл» ЖШС басшыларымен кездесті. Нақты дала жағдайында ұжыммен танысып, көктемгі егістің барысын көрді.
Айта кетейік, бүгінде елімізде әрбір шаруаға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау түрі көп. Мысалы, суармалы егіншілікті дамыту үшін оған қажетті жабдықтардың құнынан 80%-ға дейін көтеріп, жергілікті бюджет есебінен субсидиялау жүргізіледі. Отандық зауыттардан сатып алынған тыңайтқыш құнының 60%-ы бюджет есебінен өтеледі. Шаруаларға тыңайтқыш бағасының 40%-ын бөліп төлеу мүмкіндігі берілген. Сондай-ақ сатып алынған элиталық және бірінші репродукциялы тұқымдар үшін субсидиялау үлесі де биыл ұлғайтылып отыр. Қалияр Шадиярұлы осы жаңалықтың бәрін шаруаларға түсіндіріп, мемлекеттің қолдауын сезінуге шақырды.
Есте болса, бұрын дәл көктемгі егіс пен күзгі қырман уақытында жанармай табылмай, бағасы қымбаттап кетуші еді ғой. Ал маусымдық жұмыстарды уақтылы жүргізу үшін диқан қауымы арзандатылған дизель отынына мұқтаж.
«Биыл біздің облысқа Атырау мұнай өңдеу зауытынан көктемгі дала жұмыстарына 8,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Жеткізуші оператор – «Neftek Operating» ЖШС. 1 литр жанармайдың бағасы – 238 теңге. Бұл – республика бойынша ең төмен бағаның бірі», дейді Рүстем Мүлкәйұлы.
Шаруалар дизель отынын облыс және аудан орталықтарындағы өздеріне ыңғайлы жанар-жағармай құю бекеттерінен алып жатыр.
Биыл өңірде өсімдік шаруашылығын субсидиялау бағдарламалары үшін жергілікті бюджеттен 2 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген екен. Соның ішінде 1,4 млрд теңге субсидиялауға қарастырылған. «Бұл былтырғыдан 27%-ға артық», дейді облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов.
Қазір диқандар тұқымға, тыңайтқышқа, басым дақылдар бойынша субсидиялауға өтініш беріп жатыр. Бұл далалық жұмыстар қарсаңында шаруалар үшін айналым қаражатын толықтыруға жақсы мүмкіндік екені сөзсіз. Субсидиялаудан бөлек, бюджет қаражаты есебінен шаруалардың егуге дайындаған тұқымдарының сапасын тексерту үшін 29 млн теңге бөлінген. Бұл жұмысты «Қазагрэкс» АҚ және «Орал Жер» ЖШС зертханалары атқарып жатыр.
Демеу қаржылардан бөлек, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға жыл басынан бері өңірде 2,4 млрд теңге бөлініп, толық игерілген екен. Жалпы, республика бойынша шаруалардың егіс жұмыстарын оңтайлы мерзімде, жоспарланған межеде өткізуін қамтамасыз ету үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы Батыс Қазақстан облысына қосымша 7,0 млрд теңге (5%-бен) бөлінген. Кепілдік мәселесінде де едәуір жеңілдік бар, яғни «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ несиенің 85%-ына кепіл болады.
Батыс Қазақстан облысы