Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмағамбетов үйін тасқын су бұзып кеткен отбасыларға берілген 31 пәтердің иелерімен кездесіп, құттықтады.
Үйлі болғандардың бірі Юлия Сәбитова екен. Ол өзінің ұлы және ата-анасымен бірге үш бөлмелі үйге қол жеткізіпті. Бұрын Ойқаланың Калюжный көшесіндегі жекеменшік үйде тұрған көрінеді. Юлия жаңа үй алғанына қуанып қалғанын жасырмады. «Президентке айрықша рахмет айтқым келеді. Біздің жаққа келгенде Мемлекет басшысы ешкімнің ескерусіз қалмайтынын, бәрі үйлі болатынын айтқан еді, сол сөзінде тұрды», деді ол.
Облыс әкімінің ат басын тіреген екінші үй – Қуаныш пен Гүлден Серіковтердің пәтері. Олар да бұрын Ойқаланың Перминов көшесінде 1959 жылы салынған ескі үйде тұрған екен. Жаңа үй бергенде бұрынғымен аумағы бірдей бір бөлмелі жайлы пәтерді өздері таңдапты. Екі бөбегі бар жас отбасына бұл үй тарлау, бірақ өздерінің бұрынғы үйімен салыстырғанда артық екенін үй иесінің әңгімесінен байқап қалдық. «Бізді далаға тастамай мынадай жайлы пәтер берген билікке ризамыз. Аумағы бірдейді аласыздар деген соң осы 36 шаршы метрлік пәтерді өзіміз қаладық», деді Қуаныш.
Жекеменшік үйлерде тұрғысы келетіндерге қаланың «Солнечный-2» шағын ауданында 520 сапалы үйлер салынып жатыр. Қазір олардың құрылысы қызу жүріп тұр. «Жас келсе – іске» дегендей ондағы құрылыстарды жүргізуге «Ауыл» партиясының бастамасымен студенттік құрылыс отряды құрылды. Оның қатарына жергілікті колледждердің жазғы каникулға шыққан студенттері тартылмақ. Олардың көбі – құрылыс жұмыстарынан хабары бар болашақ мамандар. «Ауыл» партиясының облыстағы филиалының басшысы, іскер азамат Қайрат Пішенбаев құрылыс отрядын жасақтауда үлкен белсенділік көрсетіп жүр. Жуырда осы отрядпен кездесуге республикалық «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев та келді. Ол облыс әкімімен бірге студенттік құрылыс отрядының мүшелерімен кездесіп, оларға тілектестігін білдірді.
Студенттік құрылыс отрядтарының белсенді еңбегі кеңес одағы жылдарында қатты ескерілетін. Жаз бойы құрылыста жұмыс істеп, күзде өздеріне киім, тамақ және басқа да керек-жарақтарын алу үшін жастар аянбай, шаршау дегенді білмей жұмыс істейтін еді. Оның үстіне жастар жасамыс құрылысшылардай емес, санасы жоғары болғандықтан еңбекке адал болатын. Сондай бастаманың қайта көтерілгені – жақсылықтың жаңа жаршысы шығар деген ойға қалдық. «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев пен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те жастарға белсенділік танытқаны үшін алғыс айтып, қозғалыстың маңыздылығын атап өтті.
Ал аудандардан жарақтандырылған механикалық бригадалар қазір тасқын басқан шағын аудандардағы су кірген үйлердің маңын тазартып, қалпына келтіруге болатындарын жөндеуге кіріскен. Мұндағы жұмыстардың да оңайлықпен аяқталмайтыны көрініп тұр.
Облыстық әкімдікте «Зиксто» АҚ мен Петропавл қаласының әкімдігі арасында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған жаңа үйлер мен пәтерлерді жиһаз және ірі тұрмыстық жарақтармен қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Бұл құжатқа Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев пен зауыттың бас директорының міндетін атқарушы Айдос Бекмағамбетов қол қойды. Қайырымдылық көмек ретінде «Зиксто» зауыты жаңа салынған 520 үй мен сатып алынатын 197 пәтерді жиһаздар және тұрмыстық техникамен қамтамасыз ететін болды. Облыс әкімі кәсіпорынның басшылығына тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға демеушілік көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді.
Үйлерін су басқан шағын аудандардың балаларына жазғы демалысты белсенді ұйымдастыру жұмыстары қолға алынып жатыр. Каникул уақытында 11 демалыс лагері жұмыс істейді. Бұл орындарда су басқан шағын аудандардағы мектеп оқушылары дем алады. Қазірдің өзінде барлық баланың 94 пайызы қайда сауықтандырылатыны жоспарланып қойған. Демалыс маусымы 10-15 маусымда ашылып, әрқайсысы 10 күнге созылып, 5 кезекті қамтиды. Осы әдіспен 6 145 оқушы қамтылады. Өңір басшысы жазғы демалыс маусымында балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударуды тапсырды.
Солтүстік Қазақстан облысы