Бүгін Бангкок рингіне екі боксшымыз көтеріледі. Олар: Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг) және Ұлжан Сәрсенбек (54 кг), деп жазады Egemen.kz.
Бокстан 63, 5 кг салмақ дәрежесінде Қазақстан қоржыны әзірге бос. Осы олқылықтың орнын екінші рет толтыруға Мұхаммедсабыр Базарбайұлы Бангкокке аттанған еді. Ол бүгін түрік боксшысы Мизан Айкөлге қарсы шаршы алаңға шығады.
Бұл жекпе-жек 28 мамыр Қазақстан уақытымен 11:45-те өтеді деп жоспарланған. Ел боксшысы лицензиялық турнирдің бірінші айналымында филиппин боксшысынан басым түсті.
Ал 54 кг салмақ дәрежесінде Париж жолдамасы жолында Ұлжан Сәрсенбек Бангкок рингінде бірінші рет жұдырықтасады. Оның қарсыласы америкалық Шэра Мэй Патрицио. Былғары қолғап шеберлерінің бұл айқасы 28 мамыр 16: 45-ке белгіленген.
Жекпе-жектерді тікелей эфирде Қазақстан бокс федерациясының Instagram-дағы ресми парақшасынан тамашалауға болады.