Таиландтың астанасы Бангкокта шымылдығы түрілген халықаралық турнирде еліміздің екі боксшысы шаршы алаңға шығып, екеуі де жеңіске жетті. Бұл жарыста Олимпия ойындарының жолдамалары сарапқа салынатынын естеріңізге сала кетейік.
Жарысты 50 кг салмақтағы Назым Қызайбай бастады. Әлемнің екі дүркін чемпионы тұсаукесер кездесуін өзінің атағына сай өткізді. Ол жастар арасындағы Еуропа біріншілігінің
(U-22) екі мәрте қола жүлдегері словакиялық Николь Дуриковамен күш сынасты. Бәсеке барысында Назым қарсыласын екі рет нокдаунға жібергеннен кейін төрешінің бәсекені тоқтатудан басқа амалы қалмады. Техникалық нокаут.
Келесі күні Мұхаммедсабыр Базарбайұлы рингке көтерілді. Ол Кристиан Лаурентемен айқасты. Филиппиндік былғары қолғап шебері 2018 жылы жастардың әлем біріншілігінде қола медальды иеленді. Сонымен қатар ол кәсіпқойлар арасында 12 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Бірақ бұл жағдай Мұхамедсабырды еш алаңдатқан жоқ. Үш раунд бойы еркін ойқастаған қандасымыз Лаурентені ұпай санымен ұтты. Енді Базарбайұлы 1/16 финалда түркиялық Мизан Айқолмен айқасады.
Кеше Римма Волосенко (60 кг) германиялық Мария Ганглбауермен және Валентина Хальзова (75 кг) украиналық Каролина Махномен қолғап түйістірді. Бүгін Ұлжан Сәрсенбек (54 кг) америкалық Шэра Мэй Патрисиомен айқасса, ертең Наталья Богданова Еуропа чемпионы, сербиялық Кристина Кулуховамен күш сынасады.