• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 28 Мамыр, 2024

Қазақстан мен Қытайдың өзара сауда байланыстары кеңейеді

100 рет
көрсетілді

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастаған Қазақстан бизнес-делегациясы Қытайдың Цзянсу провинциясының Нанкин қаласына барып, «Цзянсу – Орталық Азия» сауда орталығы алаңында болды. Ауқымды жоба SOHO Holdings Group компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz аталған министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осы жылдың наурыз айында Қазақстан мен Қытай «Орталық Азия – Цзянсу» көпфункционалды орталығын құру туралы келісімге келген еді. Экспортты қолдау бойынша QazTrade ұлттық операторы мен Jiangsu SOHO HoldingsGroup Co Ltd халықаралық компаниялар тобы тиісті құжатқа қол қойды.

Тараптар Қытайдың Цзянсу провинциясында сауда орталығын салу жобасын жүзеге асыруға келісті. Сауда алаңында Қазақстан өнімдері, ал болашақта Орталық Азия елдерінің тауарлары сатылымға шығарылады.

Цзянсуға сапары барысында Арман Шаққалиев компания өкілдерімен бірқатар кездесу өткізіп, Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін салынған сауда павильонын аралады.

SOHO HoldingsGroup өкілінің айтуынша, жоба бойынша Нанкин қаласының дамыған ауданында 11 ғимарат салу жоспары бар. Аталған нысандардың барлығы бизнестің жаңа түрлерін, соның ішінде трансшекаралық нысандарды орналастыруға арналған. Қазақстан және Орталық Азия мемлекеттерінің өнім өндірушілері үшін төрт қабатты бөлек павильон қарастырылған.

«Қытай – біздің стратегиялық сауда серіктесіміз. Қазақстанмен екіжақты сауда айналымында жетекші орын алады. Мемлекет басшысы Қытаймен өзара сауданы 100 миллиард долларға жеткізу міндетін қойды. «Орталық Азия – Цзянсу» жобасын жүзеге асыру отандық өндірушілердің Қытай нарығына шығуына ықпал етіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастың кеңеюіне серпін береді», деді Қазақстанның Сауда және интеграция министрі. 

Сондай-ақ А.Шаққалиев сауда павильонының аумағы 2 мың шаршы метрді құрайтынын, оның басым бөлігі отандық тауарлар көрмесіне бөлінетінін атап өтті. Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, сауда кешенінің бірінші қабатында қытайлық келушілер үшін Қазақстанның мәдениеті мен ерекшеліктері туралы таныстыру алаңы орналасады. Екінші қабатта әртүрлі санаттағы отандық тауарлар көрсетіледі. Қалған қабаттарда Қазақстан компанияларының кеңселері орналасады.

«Біз отандық бизнесті отандық тауарлардың экспорттық әлеуетін көрсету үшін Орталық Азия – Цзянсу алаңында өз өнімдерін белсенді түрде көрсетуге шақырамыз. Бұл ретте Қытай тарапы QazTrade компаниясына Қазақстан өнімін квота бойынша орналастыруға айрықша құқық береді», деді Арман Шаққалиев өндірушілерге.

Қытайлық серіктестердің айтуынша, Нанкиндегі Орталық Азия – Цзянсу сауда орталығының ресми ашылуы қыркүйек айына жоспарланған. Осыған орай Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев отандық тауар үлгілерін Қытайдың Цзянсу провинциясына жөнелту үшін жедел дайындықты бастауды атап өтті. Қазақстанның іскер топтарының қатысуымен өткен кездесуде Jiangsu SOHO HoldingsGroup Co. Ltd компаниясының президенті команияның даму жолы туралы айтып берді. Сондай-ақ бірлескен жобаны жүзеге асыру аясында ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын белгіледі. Цзянсу провинциясындағы ең ірі кәсіпорын «Белдеу және жол» бастамасына қызмет етеді.

Компания алты бағыт бойынша дамып келеді. Олардың бірі өндіріс пен жеткізу тізбегінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ ауқымды сауда алаңын құруда тәжірибесі мол. Халықаралық топтың басым бағыттарының қатарында сауда логистикасын дамытуды көздеп отыр.

Нанкиндегі отандық павильонмен қатар Қазақстанда да осындай көпфункционалды орталық құру жоспарланып жатыр. Кешенді алаң қытайлық және отандық тауарлардың витринасының рөлін атқарып қана қоймайды, сонымен қатар мұнда бизнес өкілдері халықаралық серіктестермен келісім-шартқа отыра алады, іскерлік келіссөздер жүргізеді, қаржылық және кеңес беру қызметтерін ала алады, сауда операцияларын рәсімдеуге мүмкін болады.

Ірі сауда орталықтарын құру Қытай-Еуропа бағыты бойынша батыс бағытта қойма инфрақұрылымын салумен қатар жүреді. «QazTrade» АҚ бас директоры Жеңіс Өсербай қытайлық серіктестерге Қазақстанда шетелдік қоймалар салу үшін «Қорғастың» мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды.

«Біз SOHO HoldingsGroup-тың аймақтардағы құрылыс жоспарларын, әсіресе Қазақстандағы бастамасын қолдаймыз. Осы жерге ұшпас бұрын біз Қорғаста болып, екі арнайы экономикалық аймақтың әкімшілігімен келіскен болатынбыз. Логистикалық қоймаларды дамыту үшін қажетті аумақ бар. Біз үлкен әлеует пен мүмкіндіктерді көріп отырғандықтан, жобаны жүзеге асыруға бар күш-жігерімізді саламыз», деді QazTrade басшысы.

Сондай-ақ ол Нанкин қаласында ашылатын отандық павильонды толтыру үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында, Орталық Азия елдерінің серіктестерінің Цзянсудағы көпфункционалды орталықты дамытуға қатысуға қызығушылықтары туралы баяндады.

Айта кету керек, Қазақстан бизнеске жан-жақты қызмет көрсету алаңына айналатын және сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге серпін беретін, Орталық Азия елдері арасындағы мәдени алмасуды күшейтетін «Орталық Азия – Цзянсу» кешенді алаңының жұмысын үйлестіретін болады.