Дубайда өткен AIFC Connect іс-шарасына 100-ден астам компанияның өкілдері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz «Астана» халықаралық қаржы орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
28 мамырда «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілдері «AIFC Connect: UAE 2024» іс-шарасы аясында Дубай қаласы бизнесмендеріне Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері, оның Орталық Азиядағы экономикалық рөлі және АХҚО-ның қызметі туралы айтып берді. Іс-шараға 100-ден астам компанияның – инвестициялық банктердің, халықаралық қаржылық, консалтингтік компаниялардың, заң фирмаларының 130-дан астам өкілі қатысты.
Іс-шара аясында екі панельдік сессия өтті, онда спикерлер капитал нарығының даму перспективаларын, сондай-ақ белсенді дамып келе жатқан Орталық Азия өңіріндегі қаржылық қызметтер саласындағы өзгерістерді талқылады. Баяндамашылар арасында S&P Global Ratings егеменді рейтингтер жөніндегі директоры Заабия Гупта, Astana International Exchange биржасының Басқарма төрайымы Әсел Мұқажанова, «АХҚО әкімшілігі» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Темірлан Мұханбетжанов, Halyk Finance Басқарма төрағасы Фархад Охонов, «ҚазМұнайГаз» Басқарма төрағасының орынбасары Диана Арысова, «Қазатомөнеркәсіп» қаржылық бақылаушысы Дархан Әбдімолдаев, SkyBridge Invest филиалының директоры Замира Сүндетова, Amicorp операциялық директоры Робин Хокжан, Al Maryah Community Bank бас директоры Мохаммед Вассим Хайата, UBA Group Таяу Шығыстағы бас директоры Викрант Бхансали болды.
Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Нәжмедин Мұхаметәлиұлы жиналған қауымға ілтипат сөзін арнап: «Біз Біріккен Араб Әмірліктерімен тығыз ынтымақтастығымызды жоғары бағалаймыз. Екі ел арасындағы әріптестік экономикалық әлеует пен іскерлік мүддеге және өзара құрмет пен ортақ құндылықтарға негізделеді. Экономикалық дипломатия біз үшін өте маңызды. Қазақстан Елшілігі инвестицияларды тарту, елдің мүмкіндіктерімен таныстыру және инвесторлар мен жергілікті бизнес арасындағы байланыстарды орнату бойынша белсенді жұмыс жасап жатыр. Біздің экономикалық әріптестігіміз одан әрі кеңейіп, жаңа салаларды қамтиды деп сенемін», деп атап өтті.
Қазіргі уақытта АХҚО-да БАӘ-нің 33 компаниясы тіркелген, олар холдингтік компаниялар, жобалау, құрылыс және қызмет көрсету, ақпараттық технологиялар, маркетинг және бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу жөніндегі кәсіпорындар ретінде жұмыс істейді.
Қаржы орталығының артықшылықтары туралы айта келе, АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров: «АХҚО – «Орта дәліз», «Белдеу және жол» сияқты ірі инфрақұрылымдық бастамалар аясындағы мәмілелерді құрылымдау үшін тамаша алаң. «Орта дәліз» жобасы аясында «ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай-газ компаниясының еншілес кәсіпорны Abu Dhabi Ports Group-пен бірлесіп, біздің орталықта Caspian Integrated Maritime Solutions бірлескен кәсіпорнын тіркеді», деп атап өтті.
Бұдан басқа, АХҚО Басқарушысы: «Біздің елдер арасындағы ынтымақтастық қаржы секторына да таралып отыр. Бұл ынтымақтастықтың маңызды нәтижесі – Astana International Exchange-тың Tabadul цифрлық биржалық хабына қосылуы болды. Abu Dhabi Securities Exchange (ADX), Бахрейн биржасы және Muscat Securities Market биржасы мүшелері болған бұл өңірлік биржалық хаб нарықтарға өзара қолжетімділікті қамтамасыз етеді», деп атап өтті.
27 мамырда Әбу-Даби биржасында (ADX) екіжақты биржа аралық сауда үшін ADX құрған Tabadul цифрлық биржалық хабына AIX-тің қосылуына арналған Ring the Bell салтанатты рәсімі өтті. ADX биржасы Tabadul хабын 2022 жылдың шілдесінде нарықтарға өзара қол жеткізу моделі бойынша жұмыс істейтін өңірдегі алғашқы цифрлық биржалық сервис ретінде іске қосты. Платформа ынтымақтастықты нығайтуға және қатысушы нарықтардағы өтімділікті арттыруға бағытталған қатысушы биржалар арасындағы сауда үшін өңірлік және жаһандық деңгейдегі цифрлық биржа желісін құрайды.
ХВҚ болжамы бойынша, Қазақстанның ІЖӨ 2024 жылы 297 миллиард АҚШ долларына, ал 2028 жылға қарай – 370 миллиард АҚШ долларына жетеді. Goldman Sachs-тың «Path to 2075» есебіне сәйкес, Қазақстан экономикасының көлемі 2050 жылға қарай 0,9 триллион АҚШ долларын, 2075 жылға қарай 2,1 триллион АҚШ долларын құрайтын болады.
2023 жылы Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 3,2%-ке өсіп, 140 млрд АҚШ долларын құрады. Атап айтқанда, осы кезеңде экспорт 78,7 млрд АҚШ долларын, ал импорт 61,2 млрд АҚШ долларын құрады. Орнықты экономикалық тұрақтылық, бай табиғи ресурстар, шикізат нарықтары, белсенді саяси және экономикалық реформалар, сондай-ақ салықтық артықшылықтары бар 13 арнайы экономикалық аймақтың болуы, бұның бәрі Қазақстанды шетелдік инвестициялар үшін өңірдегі жетекші бағыт ретінде орнықтырады.
30 жылдан астам уақыт ішінде БАӘ мен Қазақстан берік қарым-қатынас орнатты. 2005 жылдан 2023 жылға дейін БАӘ-ден Қазақстанға ТШИ-дың жалпы ағыны 4,1 млрд АҚШ долларын, 2023 жылы тауар айналымы 328,9 млн АҚШ долларын құрады. Бүгінгі күні Қазақстанда көтерме және бөлшек сауда, кәсіби қызмет көрсету, көлік және логистика, қаржы, АКТ және құрылысты қоса алғанда, әртүрлі салаларда БАӘ-нің 292 компаниясы жұмыс істейді.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – Қазақстанда ғана емес, Орталық Азиядағы да бірегей юрисдикция. Орталық – бизнеске барынша қолайлы құқық – Англия мен Уэльс құқығының қағидаттарына және әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген инвестицияларды тарту, іске асыру және қорғаудың кешенді құқықтық режимін ұсынатын өңірдегі жалғыз орталық. АХҚО алаңы арқылы Қазақстан экономикасына 11,9 млрд АҚШ доллары жалпы сомасына инвестициялар тартылды. АХҚО-да тіркелген компаниялар саны 78 елден 2700-ден асады.
2024 жылы АХҚО Орталық Азия және Шығыс Еуропа өңіріндегі көшбасшылығын сақтап қалды (Global Financial Centres Index рейтингі бойынша), осымен бизнесті ашу және жүргізу үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортаның және дамыған инфрақұрылымның, іскерлік ортаның, инвестициялар тартудың және адами капиталдың дамуының бар екенін растады. АХҚО Жасыл қаржы орталығының күш-жігерінің арқасында Астана Жаһандық жасыл қаржыландыру рейтингінде (GGFI) Шығыс Еуропа және Орталық Азия өңірінде 1-орынды иеленді. 2023 жылы Қазақстан үшін FATF/ЕАТ өзара бағалау рәсімінен өту жобасы аяқталды. АХҚО юрисдикциясы ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл (АЖ/ТҚҚ) жөніндегі халықаралық стандарттарға сай деп бағаланды. АХҚО салық режимі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) салық ашықтығының жаһандық стандарттарына сәйкес деп танылды.
АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығы дауларды шешудің беделді және тиімді алаңы ретінде танылды.