• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 29 Мамыр, 2024

Орнықты дамудағы ортақ жоба

82 рет
көрсетілді

Биыл Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰ ДБ) мен Еуропалық Одақ (ЕО) арасындағы серіктестіктің 20 жылдығы. Серіктестік БҰҰ Жарғысы­ның қағидаттарына, сондай-ақ бейбітшілік пен қауіпсіз­дікті, адам құқықтары мен дамуды ілгерілету жөніндегі мақсаттарға деген ортақ міндеттемеге негізделген.

Cеріктестік 2004 жылы 28 мау­сымда Өзара түсіністік туралы меморандум арқылы рәсім­делгенімен, әлдеқайда ертерек, 1996 жылы Босния мен Герцеговинада басталды. Содан бері БҰҰ ДБ мен ЕО арасындағы серіктестік адамдардың өмірін жақсартуға, олардың үнін кү­шей­ту­ге және Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жет­кізу үшін жергілікті шешімдерді ілгерілетуге бағытталып келеді.

20 жыл ішінде серіктестік ай­тар­лықтай дамыды: БҰҰ ДБ ЕО-ның даму саласындағы ынтымақ­тастық бойынша негізгі серіктесі, ал ЕО БҰҰ ДБ-ның төртінші ірі доноры болды. ЕО мен БҰҰ ДБ бірлесе отырып дағдарысқа, тұрақ­сыздыққа, басқару саласына және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған, 70-тен астам елде жүзеге асырылатын 170-тен астам бастаманы және 1 миллиард еуродан астам қаражатты қамтитын портфельді басқарады.

Сонымен қатар бұл серіктес­тіктің 2030 жылға дейінгі Күн тәр­тібіне деген адалдығы елдер­дің кедейлікті жою, қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ жал­пы­ға ортақ өркендеуді қам­та­масыз ету жолындағы ілгері­л­еуін қолдауынан айқын көрінеді. Мысалы, ЕО мен БҰҰ ДБ арасындағы серіктестік 80-нен астам елге ОДМ-на жетуге ықпал ететін орнықты даму басымдықтарын қаржылан­дыру үшін Қаржыландырудың кешенді ұлттық механизмін (INFF) әзірлеуге жәрдемдесті.

ЕО мен БҰҰ ДБ Орталық Азия­да аймақтық ОДМ  Плат­фор­масын құруға көмектесті. Бұл плат­форма білім алмасуға жәр­дем­десу, институттарды нығайт­у және орнықты дамуды қар­жыландыруға қатысты кедер­гілерді жою арқылы аймақтық интеграцияға ықпал етеді. Негізгі нәтиже – аймақтық ОДМ бақылау тақтасы – аймақта ОДМ-на жету прогресін жеделдетуге арналған цифрлық құрал. Платформа назар аударуды көбірек қажет ететін салаларды бөліп көрсетумен қатар, жалпыға ортақ орнықты дамуға қол жеткізуге бағытталған.

Сондай-ақ ЕО мен БҰҰ ДБ арасындағы серіктестік Орнық­ты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі Парламенттік комиссия құру арқылы Қазақстандағы ОДМ архитектурасын нығайтуға көмектесті. ОДМ-ның жаңа біртұтас институционалдық архитектурасының арқасында Үкіметтің ОДМ-ны жүзеге асыру жөніндегі функциялары қазіргі уақытта Парламенттің жүйелі қадағалау шараларымен қам­тамасыз етілген. Бюджеттеу, нор­маларды белгілеу және өңір­лік даму салаларына орнық­ты даму қағидаттарын интеграциялау және енгізу елге сапалы түрде ілгерілеуге мүмкіндік береді.

БҰҰ ДБ әлем бойынша ЕО-дан алатын қаржыландырудың жартысынан көбін төзімділік, дағдарыс және тұрақсыздық мәселелерін шешуге бағыттайды. Дағдарыс және тұрақсыздық жағдайында өмір сүретін адамдармен жұмыс істей отырып, серіктестік негізгі қызметтер мен инфрақұрылымды қалпына келтіруге, жұмыс орындарын құруға және жергілікті дамуды қолдауға көмектеседі.

ЕО мен БҰҰ ДБ Орталық Азия­да ауған әйелдерінің эко­но­­­ми­­калық мүмкіндіктерін Қазақ­­стан, Өзбекстан және Қырғыз­ Рес­публикасында білім беру және да­йын­дау арқылы кеңейтуге бағыт­талған, ортақ трансшекаралық бастаманы жүзеге асырады. Бұл флагмандық гендерлік бастама 2019 жылдан бастап 155 ауған әйеліне білім алуға мүмкіндік берді. Бастапқыда 50 ауған әйеліне Қазақстан мен Өзбекстанда білім алу мүмкіндіктерін ұсыну мақсатында іске қосылған жоба 2021 жылы ЕО-ның қосымша қаржыландыруының арқасында Қырғызстанды қамтып, тағы 105 ауған әйеліне стипендия таға­йын­дады. 2027 жылға қарай 155 ауған әйелі Орталық Азия уни­верситеттерінен академиялық және кәсіптік білім алып шықпақ.

2023 жылдың соңына дейін ЕО БҰҰ-ның бірнеше агенттігі, соның ішінде БҰҰ ДБ жүзеге асырған, Орталық Азия мен Ауған­стан­ға арналған Spotlight бас­та­масының негізгі доноры бол­д­ы. Бұл бағдарлама әйелдер мен жас қыздарға қатысты зор­лық-зом­бы­лықтың алдын алуға, оған ден қоюға және жоюға бағытталды.

ЕО мен БҰҰ ДБ Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуін қолдау үшін бірлесе отырып жұ­мыс істеп жатыр. Осыған де­йінгі ор­тақ жобаларымыз қорша­ған ор­таны басқару жүйе­сін қолдау, су ре­сурстарын бас­қару саясаты мен тәжіри­бесі, қоршаған ор­таға деген әсер­ді бағалаудың жетіл­діріл­ген проце­дуралары, сон­дай-ақ қауымдас­тықтарды сейс­ми­­ка­лық қауіптерден қорғау және Орталық Азиядағы табиғи апат­т­ар қаупін азайту шараларын кү­­шей­ту сияқты салаларды қамтыды.

Ортақ күш-жігер Қазақстан Үкі­­метінің, азаматтық қоғам ұйым­­дарының, бизнестің, ғылы­ми ортаның және басқа да серік­тестердің қолдауы мен ынтымақ­тасты­ғының арқасында нығая түсті. Олардың адалдығы мен ұмтылысы ортақ табыстың ажырамас бөлігі болды.

ЕО мен БҰҰ ДБ арасындағы серіктестік кедергілерді жоюға, әділ мүмкіндіктердің болуын қамтамасыз етуге және қауіпсіз орта құруға оң әсерін тигізіп келеді. Орталық Азияда ОДМ-на қол жеткізуді жеделдету бағы­тындағы жұмыс аймақты 2030 жылға дейінгі Күн тәртібіне жа­қындатқаны сөзсіз.