• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Өндіріс 29 Мамыр, 2024

Шойын зауыты іске қосылады

97 рет
көрсетілді

Жаңа кәсіпорын іштен жанатын қозғалтқыштың блогі мен бастиекті, жүк көліктерінің қозғалтқыш белдемесіне арналған редуктор корпусын шығарады. Өңір тарихында тұңғыш рет қуатты жүк көліктеріне арналған қосалқы бөлшек шығаруды қолға алып жатқан жаңа зауыттың әлеуетін мамандар қазірдің өзінде жоғары бағалап отыр.

Зауытқа арнайы барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов құрылыс барысымен танысып, инженер мамандармен кездесті. Басқосуда кадр даярлау, өндіріс орнына кіреберіс жол салу және инженерлік коммуникациялар жөнінде сөз болды.

«Инвесторларды қолдау мақсатында таяуда қуаты 224 МВт болатын «Батыс» қосалқы стансасын іске қостық. Бұл станса индустриялық аймақта орналасқан кәсіпорындарды қажетті электр қуатымен қамтамасыз ете алады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, алдымызда елдің берік өнеркәсіптік қаңқасын қалыптастыру міндеті тұр. Сондықтан өңдеу секторын жедел дамытуға баса назар аудару қажет. Президент тапсырмасына сай, индустриялық секторда инвес­тиция тарту және жобаларды іске асыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, өткен жылы өңір экономикасының негізгі капиталына 554,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Жалпы сомасы 80 млрд теңгеге жуық 12 инвестициялық жоба жасалды. Биыл 136 млрд теңгеге 9 инвестициялық жоба іске асырылады», деді Құмар Ақсақалов.

Шойын құю зауыты мыңнан аса маманды жұмыспен қамтамасыз етеді. Зауыт облыс бюджетіне жыл сайын 20 млрд теңге қаржы түсірмек.

 

Қостанай облысы