ХХI ғасыр әлемдік урбанизация үдерісін жылдамдатып, ірі мегаполистерді миграциялық тартылыс нүктесіне айналдырып жіберді. Ғаламдық құбылыстың жаңғырығы Алматыға да әсер етті. Қала соңғы жиырма жылдың бедерінде етек-жеңін кеңге жайып, елдегі ірі мегаполиске, мемлекеттің ең басты донорына айналып, қазақ экономикасының ғана емес, қазақ бизнесінің де ірі орталығына айналып үлгерді. Қазір Алматының ел экономикасындағы үлесі – 20 пайыз.
Донорға айналған қала
Отандық өңдеу өнеркәсібінің тиімсіздігі және сыртқы нарықта отандық дайын өнімге сұраныстың жоқтығы туралы пікірлер басым болғанымен, соңғы жылдары елімізде бұған қарама-қайшы мысал көбейді. Бұл жерде ең таңғалдыратыны – Алматының тәжірибесі: қалада табиғи ресурс жоқ, бірақ ел бюджетінің негізгі доноры мәртебесінің тізгінін ешбір аймаққа берген емес. Бюджеттің қомақты бөлігі де Алматының үлесінде. Ресурстық емес экономикалық дамудың флагманы болып отырған да осы қала.
Алматыда кәсіпкерлікті дамыту үшін көптеген қолдау шаралары жүргізіліп жатыр. Қала мемлекеттік және аймақтық бағдарламаларды жүзеге асырады. Кәсіпкерлікті қолдаудың негізгі бағдарламасы – «2021-2025 жылдарға арналған ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы». Бұл жоба бұрын қолданыста болған «Бизнестің жол картасы-2020» және «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламаларының жалғасы. Сонымен қатар кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Алматы бизнесі», «Агроөнеркәсіптік кешен», «Алматы бизнесі-2025», «Jana Business» бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Тағы бір қызық факт – Алматыда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны экономиканың барлық саласында өсіп келеді, бұл бизнеске жан-жақты қолдауды көрсетеді.
Кәсіпкерлік бастама орталығы
Белсенді шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерінің саны 17,7%-ға өсіп, 344,4 мың бірлікке жетті. Бұл қалаға елдегі бірінші орынды сақтап қалуға мүмкіндік береді. Биыл субсидиялауға, кепілдендіруге және несиелендіруге бюджеттен 51,1 млрд теңге бөлінсе, оның 11 млрд теңгесі – жергілікті бюджет есебінен. Бұл шағын және орта бизнестің 1 705 жобасын қолдауға жағдай жасайды.
Экономиканың негізгі салаларындағы өсім де мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдердің артуына ықпал етіп жатыр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке түсімдер 34,5%-ға, оның ішінде республикалық бюджетке – 35.3%-ға, жергілікті бюджетке – 32%-ға ұлғайып, 4.9 трлн теңгені құрады. Қазір қала әкімдігі жанынан барлық ШОБ бірлестіктерін біріктіретін іскерлік кеңес құрылып, табысты жұмыс істеп жатыр. Расында, бизнестің қала басшылығымен тұрақты байланыста болуы, өзара іс-қимыл, мәселелерге жедел ден қою бизнестің дамуына жағдай жасап, кәсіпкерлердің жергілікті билікке бизнестің болашаққа деген сенімін арттырады.
Алматының кәсіпкерлік бастаманың орталығына айналған қала екені осыған дейін талай айтылған. Халықаралық құрылымдар мен қаржы институттарының, ірі ІT-компаниялардың, жоғары оқу орындарының басым бөлігі Алматыда орналасқан. Ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) бестен бір бөлігін қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша өңірлер арасында жетекші орынды тізгіндеді. Мегаполистің одан әрі айтарлықтай даму әлеуеті бар екенін тәуелсіз экономистер де жоққа шығармайды.
2021–2024 жылдары жалпы құны 4,5 трлн теңге болатын 201 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылады. 7 мыңнан астам жұмыс орны, 187,9 млрд теңгеге 92 жобаны іске асыру жоспарланған. 2023 жылы Алматының жалпы өңірлік өнімі 10,1%-ға өсіп, 24,8 трлн теңгені құрады. Бұл – соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш.
Мегаполистің 2023 жылғы көрсеткіші қаланың экономикалық әлеуеті сақталып отырғанын байқатты. Экономикалық дамудың драйверлері:
Өңдеу өнеркәсібі (+17,5%); Сауда (+14,5%); Қаржы және сақтандыру қызметі (+12,0%); Ақпарат және байланыс (+11,3%); Жылжымайтын мүлікпен операциялар (+6,9%); Көлік және қойма шаруашылығы (+5,7%).
Қаржы секторы қарқынды
Экономист Замир Қаражановтың айтуынша, Алматының жалпы өңірлік өнімі бірнеше негізгі факторға байланысты.
«Бұл 2022 жылы қабылданған қаланы дамыту бағдарламасын тиімді жүзеге асырудың нәтижесі. Бұл бағдарлама экономиканың жаңа секторларын құруға, тұрақты экономикалық өсуге бағытталған. Сонымен қатар жергілікті өндіріс пен кәсіпкерлікті белсенді қолдау қаланың ішкі жалпы өнімге қосатын үлесін арттыруға ықпал жасайды. Қазір қала кәсіпорындардың саны жөнінен республикада алда келеді. Бұл Алматының одан әрі дамуына жол ашып тұр. Шағын және орта бизнес жеткілікті икемді, қажет болған жағдайда тез қайта құрылады, жаңа жағдайларға бейімделеді, яғни олар осылайша, өзінің бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын сақтайды. Мен оның үлесі тек қызмет көрсету және сауда саласында ғана емес, сонымен қатар стартаптар мен басқа да салаларда одан әрі өскенін қалаймын. Оның үстіне қалада білімді халықтың үлесі жоғары, жоғары оқу орындары көп, даму деңгейі жоғары салаларға кадрлар дайындалып жатыр», дейді З.Қаражанов.
Саясаттанушы Эдуард Полетаевтың айтуынша, ел орталығының Астанаға көшірілуі Алматының жаңа келбетін қалыптастырды.
«Әл-Фараби даңғылының бойында Алатаумен бой теңестірген банктердің пайда болуы банк секторының мүмкіндігін әлемдік технологиямен интеграциялады. Отандық банктердің технологиялары әлемдік технологиялармен үйлесетінін қаржы секторының тынысын зерделеп отырған сарапшылар да жиі айтады. Бұл жағынан алғанда біздің Алматы еуропалық, тіпті жаһандық трендтерден де алда. Смартфондары арқылы банктік карталармен немесе QR-кодтарды пайдалану арқылы қиындықсыз төлем жасау мүмкіндігі Алматының қаржы секторының банктік және цифрлық суперинтеллект деңгейінің қандай екенін көрсетіп тұр», дейді сарапшы.
Сарапшының айтуынша, кеңес заманында қалада ондаған зауыт болды. Кейін олар объективті себептермен жабылып, жүздеген мың адам жұмысынан айырылды, көпшілігі шағын және орта бизнесте қалды. Демек Алматы экономикасының қазіргі деңгейі қаланың өткен ғасырдағы экономикасының қуатынан күш алып тұр деуге негіз бар дейді.
Бастысы – әлеуметтік капитал
2021 жылдың шілде айында Алматы халқының саны ресми түрде 2 млн адамнан асты. Демек әлемдік деңгейдегі қалалардың қажеттілігі бізге де ортақ. Өмір сүрудің жоғары стандарттарын қамтамасыз ету, қоршаған ортаны жақсарту және қауіпсіздікті арттырудың өзекті мәселелерін шешу, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту үшін ресурс жетіспеушілігінің өткір түйткілдерімен бетпе-бет тұрмыз.
Э.Полетаев айтып өткендей, қала экономикасының әлеуеті кемі 5-7 млн адамды жұмыспен қамтамасыз етуге жетеді. Экономикалық белсенді топ көп болса, соғұрлым жақсы.
Саяси ғылымдар кандидаты, «Urban Forum Kazakhstan» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы Әділ Нұрмақовтың айтуынша, қаланың даму көрсеткіштерін демографиялық өсіммен ғана бағалауға болмайды. Кейде оның артықшылық әкелмейтін тұстары да бар. Ең бастысы – халықтың саны емес, адам және әлеуметтік капитал.
Келісіп пішкен тон келте болмас
Сарапшы айтып өткендей, Алматы экстенсивті дамып жатыр. Алматының барлық ауданы сырттан келгендерге тартымды немесе тартылыс нүктесіне айналып үлгерді деп айту қиын. Алматының шеткері аймақтарында тұратын азаматтар қаланың орталығына жету үшін кемі 2,5 сағатын жолда, көлік кептелісінде жоғалтады.
Урбанист-ғалым атаған екінші фактор – көлік инфрақұрылымы. Инфрақұрылым мәселесінің шешілмеуі экономика тынысын тарылтып тұр. Бұл жерде ол ЭЫДҰ сарапшыларымен келіседі. ЭЫДҰ сарапшылары қоғамдық көліктегі проблемаларға байланысты жолаушылар жеке көліктерге тәуелді екенін, қала басшыларының басты саясаты жолды кеңейту, жолайрықтарын салуға бағытталып келгенін айтады. Жолдардың кеңейтіліп, жолайрықтардың салынуы мәселені шешпеді. Алдағы уақытта мұны жоғары жылдамдықты трамвай (LRT) және метро құрылысымен жалғастыру керек.
«Алматының метросы қазіргі бір линиялы «Г» көрінісінен қаланың әрбір нүктесін қамтитын, қаланы бірнеше рет орап алатын орама сақиналы деңгейге жеткенде көлік кептелісі мәселесі шешіледі. Инклюзивті шешім қабылдау тетіктерін әзірлеуге басымдық беріп, ашықтықты дамыту қажет. Қала құрылысы жобасына үкіметтік емес ұйымдарды, жергілікті қоғамдастықтарды – қабылданған шешімдерге тікелей әсер ететіндерді тарту керек», деп түйіндеді сарапшы.
АЛМАТЫ