• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
25 Сәуір, 2015

Үсенбай датқа

1170 рет
көрсетілді

Әлі де болса еліне сіңірген еңбегі, ұлт мүддесі үшін жасаған ерлігі, ұрпағының келешегіне алаңдаған ақ ниеті ескеріле қоймаған, есімдері еленбей жүрген бабаларымыз баршылық. Алаш жұртына насихаты өте аз, там-тұмдап қана айтылатын осынау тұлғалардың қатарына кезінде Қоқан хандығының езгісіне тап келген халқын қызғыштай қорғап, әпербақан биліктің көптеген жөнсіз әрекеттеріне ақыл-парасатымен тоқтау салған, жүректілігімен, ақылдылығымен әлдіге әлсіздің ақысын жегізбей, ел үлесінің ортаймауына қызмет еткен Үсенбай датқаны да қосқымыз келеді. Қазақтың кешегі тарихы өз жерімізде мөрленіп, хатқа түсіп мандымағандықтан, өткенімізді ой өлшеміне, сана сарабына салып, оларды бүгінмен сабақтастыруда ел аузындағы аңыз-әңгімелерге, тұлғалардың жақын-жұрағаттарының естеліктеріне, көкірегі ояу көзкөргендердің мәліметтеріне сүйену әдісін қолданатынымыз бар. Осының негізінде тарихи шындық су бетіне шығып, дәлелдер мен дәйектер қорытылып жатады. Халық аузымен айтылған мағлұматтар кейде қағазға түсіп хатталған, мөрленген деректерден артық болмаса, кемшін түспейтінін де ескеруіміз керек. Сондықтан, бүгін біз әңгімеміздің арқауы болғалы тұрған кейіпкеріміз – Үсенбай датқа Төлегенұлы жөніндегі сөзімізді айту барысында ел ішіндегі азаматтардан естіп-білгенімізге иек артамыз. Тарих сахнасында екі ғасырға жуық туын тігіп, ақырында 1876 жылы тізгін тартқан Қоқан хандығы кезінде қазақ байтағына тырнағын батырып, ашкөздікпен ауыз салғаны белгілі. ХІХ ғасырдың басында Шымкент, Түркістан қалаларын жаулап алған олар, көп өтпей, Ұлы, Орта және Кіші жүз қазақтары жайлап жатқан Арал теңізінен Шу, Іле өзендеріне дейінгі аралықты бағындырды. Қоқан билігі жергілікті халықты уысында ұстау үшін басып алған жерлердің барлығына бекіністер салдырып, оларды өз өкілдері арқылы бақылап отырды. Әбден күшіне енген қоқандықтар көшіп-қонып жүрген қазақ руларына түрлі салықтар салып, халықтың әлеуметтік жағдайын тұралатып жіберді. Тіпті, қазақ азаматтары отаршылардың қарамағында әскери қызмет атқаруға міндеттелді. Мұның бәрі жұрт арасында көптеген толқулардың туындауына себеп болды. Кенесарының сенімді серіктерінің бірі болған, қоқандықтар 1864 жылы зеңбірек аузына байлап атқан Байзақ датқа Мәмбетұлы, Қоқан ханының Ордабасыдағы бегі, «қыздан зекет» дегенді шығарып, елдің үрейін алған Мырзабиді қанжарымен жарып өлтірген Мұсабек батыр Қалдыбекұлы бастаған көтерілістер – сөзімізге дәлел. Бір өкініштісі, бұл бас көтерулер өз деңгейінде ұйымдастырылмағандықтан, аяусыз жаншылып отырды. Дегенмен, жергілікті халықтың басқыншыларға қарсы күресі Қоқан билеушілерінің қатал талаптарын жұмсартып, біршама жеңілдіктер жасауға мәжбүр етті. Жалпы, Қоқан билігі өздерінің құзы­рындағы қазақ даласын уысында ұстап, мұндағы саяси жағдайларды бақылап отыру мақсатында биліктің тың құрылымын енгізді. Ірі қалаларға даруғалар, ал кенттерге әкімдер тағайындады. Ал осы ша­һар­лар мен қала тектес мекендерге қарас­ты өңірлерді датқалықтарға бөлді. Оларды датқалар басқарды. Жоғарыда аталған лауазымдарға тек өз адамдарын ғана бекітті. Кейіннен, яғни Қоқанды Омар хан билеген тұста датқалықтардың тізгіні қазақ ішінен шыққан беделді, елге сөзі өтімді тұлғаларға да беріле бастайды. Өйткені, әккі хан халықтан алым-салық жинауда, қажет кезінде ел ішінен әскер жасақтауда жергілікті тұлғалардың күшін пайдаланудың тиімді екенін білген. Тарихи деректерде айтылып жүрген­дей, сол тұстарда, оңтүстік өңірінде ХІХ ғасырдың басы мен орта шенінде 39 дат­қалық болған. Ал қазақтан 80-нен астам датқа шыққан. Бұлардың арасында өздеріне берілген шен-шекпен үшін қоқандықтардың алдында құрдай жорғаламай, керісінше қарауындағы елдің мүддесі үшін өз басын қатерге тіге жүріп, отаршыларға қарсы тынымсыз күрескен қазақ датқалары көп болған. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігінің есімдері өте сирек айтылады, тіпті, мүлде аталмай кеткендері де бар. Біз сөз еткелі отырған Үсенбай датқа да солардың бірі. Датқаның ұрпағы, бүгінде Түркістан қаласында тұратын Айтбек Есенқұловтың айтуынша, қоңырат тайпасының жетімдер руынан шыққан Үсенбай Төлегенұлы шамамен 1777 жылы Түркістан маңындағы «Шоқтас» деген жерде туған. Ол жастайы­нан замана ызғарын, басқыншылардың езгісіне түскен халықтың ауыр жағдайын терең сезініп өседі. Ат жалын тартып мінер жасқа келгеннен бастап ел ісіне араласып, жақсылар мен жайсаңдардың соңына ілеседі. Оның бұлайша ерте есеюіне түрлі саяси және әлеуметтік жағ­дайлар әсер етеді. Әсіресе, Үсенбайға өскен ортасының, шыққан тегінің осал болмағаны көптеген жауапкершілік жүктегендей. Үсенбайдың арғы атасы – тарихтан белгілі, сүйегі Қожа Ахмет Ясауи кесе­несіне жерленген атақты Сүйіліш батыр. Сүйіліштің бесінші ұрпағы Бекет қалпеден – Беген, Қара, Малбай, Жанбай, Әйтей, Ақшай, Қасай туған. Осылардың арасындағы Қара атадан Барқы, Тайсоймас тарайды. Барқыдан Атығай, Төлеген, Телғожа батыр, Тас, Сейдуалы өрбіген. Ал Төлеген – осы Үсенбайдың әкесі. Барқы батыр болған, ал оның ұлдарының ішіндегі Телқожа жүректілігімен көзге түскен, есімі тарихта қалған тұлға. Созақ ауданы Қарақұр ауылында ұзақ жыл мұғалім болып қызмет еткен, қазақтың арғы-бергі тарихынан хаба­ры мол, шежірелі қария, бүгінде өмірден озған Жұмахан Төлебаев ағайымнан естігенімдей, Үсенбай ұзын бойлы, ірі денелі, сөзге шешен, елдің ынтымақ-бірлігін сақтап, әділ билік жүргізген әрі жылқылы бай адам болған екен. Ол Әулиеатадағы Байзақ датқа Мәмбетұлы, Сыр өңіріндегі Жанқожа батыр Нұрмұхаметұлы секілді басқа да атақты тұлғалармен тығыз байланыста болып, олардың басқыншыларға қарсы күрестеріне астыртын қолдау білдіріп отырған. Сақадай сай әскері бар, билік тізгінін берік ұстаған Қоқан бектеріне қарсы ашық күресу соңына ерген аз ғана ел-жұртын өлімге айдағанмен бірдей екенін терең түсінген Үсенбай жаулап алушылардың көңілін тапқансыған сыңай танытқанымен, негізінен бүкіл жан-дүниесімен өз халқына қызмет етіп өткен. Түркістан маңын алып жатқан сансыз жылқыларын білетін Қоқан бектері одан әскерге қажетті ат алып тұрған. Бұған амалсыздан көнген Үсенбай кейіннен жаудың көзіне жылқыларының бір бөлігін ғана көрсетіп, қалғанын Қаратаудың күнгейі мен теріскей бетінің қуыс-қуысына жасырып ұстаған. Ол тау қойнауларына қайырмалап, басқыншылардың назарына іліктірмей жүрген осы жылқыларының арқасында жер-жерлерде бас көтеріп жатқан ниеттес ағайындарына, қан­дастарына материалдық көмек беруді мықтап қолға алған. Қазақтың бас көтерер батырлары мен датқалары Үсенбайдың бұл ниетін түсініп, оны қоқандықтарға қарсы ашық күреске шығуға шақыра қоймаған. Өйткені, мініс аттар мен қару-жарақ, азық-түлік секілді қажеттіліктермен шын пейілімен, өз еркімен қамтамасыз ететін Үсенбай секілді азаматтардың көзге көріне қоймағаны абзал еді. Ол Ташкент, Шымкент, Сайрам сынды қала­лардан ұста-шеберлер алдырып, оларға жасырын түрде ер-тұрман, қару-жарақ жасатып, өзінің сенімді жігіттері арқылы күрес жолында жүрген қазақ жасақтарына астыртын жолдап отырған. Тіпті, өз қарауындағы жігіттерді мұздай қаруландырып, қазақ көтерілісшілеріне көмекке жіберген кездері де көп болған. Бірде Үсенбайдың бұл астыртын ісі Түркістандағы Қоқан хандығының өкілі, қала әкімі Беглербектің құлағына жетеді. Шаһар бегі бұған ашуланып, Шоқтаста отырған Үсенбайды алдына әкелуге шабарманын басшы етіп, оншақты сарбазын жібереді. Шаш ал десе бас алуға дайын Қоқан жігіттері аттарын омыраулатып, оның ордасын қаға-маға келіп тоқтайды да, бірі сыртта тұрып: «Ей, Үсенбай, сыртқа шық, сені Беглербектің алдына алып баруымыз керек», – деп өзеурейді. Осы кезде ауыл жігіттері де жинала қала­ды. Тапа-тал түсте ордасының алдын шаңдатқан әумесерлердің қылығына шамданған Үсенбай үйінен шығып, бектің адамдарына тіл қатпастан, өз жігіттеріне оларды байлап тастауға белгі береді. Сол заматта Қоқан сарбаздары өздеріне бас салған қазақтарға лайықты қарсылық көрсете алмай, аттарынан аударылып түсіріледі. Барлығын жіппен матап тас­тайды. Іле оларды екеу-екеуден жұптап, бір-бірлеріне теріс қарата байлап, ат үстіне таңдырады да олардың көліктерін екі-үш жігітіне жетектетіп, Түркістанға қарай жолға салып жібереді. Мұның соңы бір жамандыққа соқтыратынын сезген ауыл ақсақалдары Үсенбайға артық кеткенін ескерткенімен, пәлендей ештеңе дей қоймайды. Өйткені, бектің сарбаздарынан әбден жүректері шайлығып қалған ауыл тұрғындары: «Қоқан әскерін де осылайша байлап, ат артына теріс қаратып мінгізіп жіберуге болады екен-ау», – деп, бір желпініп қалған-ды. Ал өзіне сенімді Үсенбай бір топ нөкерлерін ертіп, Беглербектің ордасына әлгілерден бұрын жетеді де, бектің қабылдауына кіреді. Іле екі жақтың жауаптасуы басталып кетеді. Бірінші сөз алған төрдегі бек: – Сөйле, Үсенбай, жүрісің қауырт, түсің суық қой. Көзіңе шайтан көрінді ме, не болды сонша? – деп кекете тіл қатады. Үсенбай іркілместен: – Бегіміздің кісі шаптырып, шақыр­туының себебін білу үшін қауырт жүріп келгенім рас. Ал жылы өңімді суытқан сенің шабармандарың. Тал түсте үйімнің алдын шаңдатқан әңгүдіктеріңнің қылы­ғы жүрегіме шаншудай қадалып тұр. «Үсен­бай – менің құлым, оған барып не істесеңдер де рұқсат» деп жөн сілтеген бегіміз бұған не дер екен? – деп тоқтайды. Беглербек: – Әй, ақымақтар-ай, оларға сенімен сыпайы сөйлесіңдер деп едім ғой, жігіттерден бір қателік кеткен болар, оларға өзім сазайын беремін, – деп ол жұмсара сөйлейді. Үсенбай: – Олар онсыз да сазайын тартты. Көр­генсіз жігіттеріңді ат үстіне таңып, Түр­кістанға қарай беттерін түзеп жібергенмін. – Қалай?! Жеңімпаз сарбаздарымды жазалайтындай сен кімсің? – деп Беглербек ақыра орнынан тұрып кетеді. Бұған саса қоймаған Үсенбай: – Бегімізге абырой әпермейтін сарбаз­сымақтардың сазайын тартқызғаным әбестік пе? – дейді. Беглербек: – Жүзбе-жүз кездескенде «бек» дейсің­дер, былай шыға білгендеріңді істеп, жаула­рыммен қолтықтасып кетесіңдер. Менің естуімше, әлгі өнбес іске бас болып, Қоқанның ноқтасын кигісі келмей кердең­деген қазақтарға барыңды беріп болысады екенсің. Бұған не дейсің? – дейді. Үсенбай: – Сұрағаныңды беріп отырған маған сенесің бе, әлде қайдағы бір өсекшілердің жел сөзінің ығына жығыласың ба? Беглербек аз-кем үнсіздіктен кейін ыңырана: – Жарайды, саған сенейін, бірақ менің жауларым сенің достарың екенін жақсы білемін. Абайла, әшкере болған күні тұқымыңды құртамын, – дейді. Шын мәнінде, Үсенбайдың өз қандас­тарына барын сала көмектесіп жүргеніне, көтеріліс көсемдерімен тығыз байланыста екеніне Беглербектің дәлелдері көп еді. Бірақ, ол өз ханының қазақтың ішіндегі беделді, сөзімен де, ісімен де ықпалды адамдарды алдаусыратып ұстауға, оларға тым қатал қарамауға байланысты берген пәрменінен аса алмаған. Өйткені, елге сөзі қадірлі қазақтарды өздеріне тарта білмесе, өңірдегі дәурендері ұзаққа созылмайтынын Қоқан билеушілері терең түсінетін. Үсенбайдың әкім ордасынан еңсесін түсірмей шығуы сарайдағы лауазым иелерін таң-тамаша қалдырады. Өйткені, бәрі де қазақ байының тұтқындалатыны сөзсіз деп ойлаған-ды. Бірақ жағдай басқаша өрбиді. Осыдан бастап Түркістан әкімі оның ізін аңдытып, қыр соңына тыңшыларын салып қояды. Мұны сезіп-біліп жүрген Үсенбай аса сақ қимылдап, оңтүстік өңіріндегі қазақтың айтулы адамдарымен қарым-қатынасын үзе қоймайды. Еліміздің оңтүстігін құзырына қаратқан Қоқан хандығы өздері жаулап алған жерлерге сарт-өзбектерді қоныстандыру сая­сатын жүргізген. Ондағы мақсаты жер­­гілікті қазақтардың әлеуметтік-эконо­микалық және саяси ықпалына бәсеке­лесетін балама күш қалыптастыру еді. Осы саясаттың себебімен Созақ даласына да қазақтар «сарт» деп атап кеткен өзбек­тер қоныстандырылды. Олар Созақ қаласына, сондай-ақ Қаратаудан бастау алар ірілі-ұсақты өзендердің бойына көшіріліп апарылды. Бұлардың бойында тассыз қара топырақты әрі тың, егін егуге ыңғайлы ашық алаңқайлар көптеп кездеседі. Міне, осындай жерлерге табан тіреген өзбектер қоқандықтардың аз болса да сүйенішіне айналды. Бұл қалыптасқан ахуал қазақтар үшін тиімсіз болды. Себебі, бастауын Қаратаудың теріскей бетінен алатын Торлан, Балдысу, Жылыбұлақ, Суындық, Қарақұр, Алтын тау, Раң секілді өзендердің бойын еркін жайлап жүрген жергілікті халық Қоқан билігі тарапынан бірқатар шектеулерге тап болды. Мұның бәрі тек Созақ қазақтарын ғана емес, күнгей беттегі, яғни Түркістан қаласы маңын мекендеген, жайы­лым алқаптары күн сайын тарылып бара жатқан ағайынды да ойлантумен болады. Өйткені, олар үйір-үйір жылқыларын, уақ малдарын құнарлы келетін қуаң шөпті Созақ даласына жаюды көксейтін. Бірақ, қолдың қысқалығы оған мүмкіндік бермейді. Осы қарсаңда Қоқан хандығы біршама қиындықтарды бастан өткеріп жатыр еді. Сыртқы күштермен соғыстар, ішкі бас көтерулер хандықтың іргесін шайқалта бастаған-ды. Соған байланысты хандық тарапынан жергілікті халық арасынан сөзі өтімді, беделді адамдарға шен-шекпен үлестіріп, өздеріне тартып, солар арқылы ел ішіндегі ықпалын сақтап қалу амалын кеңінен қолданды. Тіпті, реті келгенде, Қоқан әкімдері мен бектері қазақ руларымен қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы болу мәселесіне де назар аударды. Өйткені, қазақ ұлтының құдалық жағ­дайындағы қарым-қатынасқа зор мән беретінін, мұның ішкі тұрақтылықты сақ­тауда өзіндік орны болатынын жақсы білетін. Сол тұста Ташкент құшбегі тарапынан Үсенбайға датқа шені беріледі. Оны бұл дәрежеге Түркістан әкімі Беглербек ұсынады. Қоқан хандығына деген көз­қарасының жақсы емес екенін қала әкімі біле тұра, Үсенбайдың аталған лауазымды алғанын қалайды. Себебі, Беглербекке оның мүлде теріс қарап кетпеуі аса қажет болған. Беделі бұрынғыдан да өсе түскен Үсенбай датқалықтың мөрін алған соң өз қарауындағы елдің өрісін кеңейтуді ойлап, Қаратаудың теріскей бетіне, яғни Созақ даласына ойысуды көздейді («Үсенбай датқаның тайшығы «221» деген жазу бар бұл мөр Қарақұр ауылының тұрғыны Жеңіс Қасымқұловтың үйінде сақтаулы тұр). Бұл үшін Қоқан билігінен арнайы рұқсат керек еді. Ал Үсенбайдың Түркістан маңынан ұзап, Теріскей асып кетуі Қоқан өкілдеріне қолайсыз болатын. Шынында, биліктің иегі астында жүрсе де өзінің жан қалауын іске асырып жүрген датқа Созаққа өтіп кетсе, Қоқан хандығына қарсы күреске шыққан қазақ тұлғаларымен алаңсыз, еркін байланысқа түсетіні басы ашық мәселе еді. Сол кездерде датқаның Ханымбибі атты ақылына көркі сай немере қарын­дасына Беглербектің көңілі ауып, сөз са­лады. Қыз да Қоқан хандығы өкілі­нің ұсынысын бөтен көрмейді. Қарындасының меселін жығуды жөн көрмеген Үсенбай екеуінің қосылуына кедергі келтірмейді. Көп ұзамай Беглербек қазақтар жағын құдалыққа шақырады. Ханымбибі төркін жұртының адамдарын Үсенбай ағасының басқарып келуін сұрап, еліне кісі жібереді. Содан Түркістан әкімі қонақтарына ба­рынша құрмет көрсетіп, лайықты дең­гейде күтіп алады. Екі жақ та бір-бір­леріне көңілдері толып, алыс-беріс жасалып, ақырында тарқасатын сәт те келіп жетеді. Беглербек қайынағасына құрметін білдіріп, оның алдына үш ақбоз атты көлденең тартады. Сонда қоқандық күйеу балаға Үсенбай: – Пейіліңе рахмет. Өзімнің де аяқ артарым жеткілікті. Одан да маған теріскейдегі Қарақұр өзенінің бойына және оның шығысы мен батысына қоныстануыма рұқсат бер, – дейді. Датқаның әлгі өзеннің шығысы мен батысын қоса сұрауында үлкен мән бар еді. Өйткені, Қарақұрдың екі жағындағы Алтын тау, Раң, бұрынғы атауы белгісіз, қазір Тау шаға деп аталатын өзендерді де қамтып қалуды көздеген. Мұндай мәселені өзінен жоғары тұрған хан арқылы шешу қажеттігін жақсы білетін Беглербек қайын жұртының алдында төмендегісі келмей, келісімін береді. Оның үстіне Ханымбибі де ағасының тілегін жерге тастамауды сұрағандай, күйеуіне ишарат білдірген деседі. Сол сәтте қыз ағасына қарап: – Сіз келгелі бері ағалығыңыз үшін қандай сый көрсетерімді білмей жүрмін. Не тілегіңіз бар, айтыңызшы, – дейді. Үсенбай: – Ниетіңе рахмет. Ештеңе керек емес. Қала­ғанымды алып кетіп барамын, – дейді. Сонда Ханымбибі: – Теріскейге барғанда ордаңызды тігетін қолайлы бір жер таңдасаңызшы. Ағалығыңызға алғыс ретінде соны бергі­зейін, – деп күйеуіне наздана қарай­ды. Бұл ұсынысқа не дерін білмей қалған Үсенбайға серіктері: – Қарындасыңыздың айтқаны жөн. Бізден кеңес сұрасаңыз, Созақ қамалы мен Қарақұр өзенінің ортасындағы өзіңіз талай көрген, бұрқылдаған бұлақтары көп, үсті жазық төбені таңдаңыз. Сол араға ордаңызды тігіп, еліңізге ағалық жасап отырыңыз, – дейді. Көп ұзамай, шамамен 1830 жылы Үсенбай датқа өзіне қарасты елді күнгей­ден теріскейге, яғни Қарақұр өзенінің бойына көшіріп әкеледі. Өзі әлгі бұлақты төбенің үстіне жайғасады. Кейіннен бұл жер «Ағалық» аталады. Бүгінде оны жұрт «Ағалақ» деп кеткен. Жоғарыда айтып өткеніміздей, датқаның бейіті дәл осы жерде орналасқан. Үсенбайдың Созақ өңіріне көшіп баруы қазақтың бірқатар руларына айтарлықтай жеңілдік әкелді. Өйткені, Түркістан маңында малына өріс іздеген әрі Қоқан әскерлерінің көз алдында жалтақтаған рулар датқаны сағалап барып, Қаратаудың теріскей бетіндегі өзендерді бойлай жайғасты. Датқа өзінен жер сұрап келген қазақ руларының ешқайсысының да бетін қақпаған. Қайта, керісінше олардың айналасына көптеп келгенін қалайды. Ниеті ақ, мырза көңілді Үсенбайды пана тұтқан қазақтардың арасында, әсіресе, жоқ-жұтаңдар көп болған. Қазіргі таңда Созақ жерінде «Тау шаға», «Бала шаға», «Шаға» деген жер-су аттары кездеседі. Бұлардың осылай айтылуының өзіндік сыры бар. Датқа өзінен қоныстануға жер сұрай келген ағайындарына: «Бала-шағаның несібесі ғой. Барыңдар да жайға­сыңдар», деп жолға салып жібереді екен. Содан келіп, теріскейде бірқатар жер «Шаға» сөзімен бай­ланыстырыла аталып кеткен («Шаға» сөзі парсы тілінен енген, оның қазақша мағ­ынасы «бала», «сәби» дегенді білдіреді. – Ж.Б.). Осы арада ерекше бір тоқтала кетер жайт, Үсенбайдың Созақ даласына қоныстануы шын мәнінде бұл жерлерді Қоқан хандығынан азат етуге алғышарт жасап берді. Өйткені, кезінде жаулап алушылардың күшімен орналасқан сарт-өзбектер Қаратаудың күнгейінен келіп қоныстанған қазақ руларының тарапынан ысырылып, қайтадан Түркістан маңына ауа көшеді. Оларға Қоқан билігі тарапынан жартымды қолдау бола қоймады. Бүгінде Созақ ауылында жасап жатқан өзбектер сол заманда тау асып көшуге жағдайлары келмеген соң лажсыздан қалып қойған жатақтардың ұрпақтары деген сөз бар. Мұны шындықтан алшақ дей алмаймыз. Бұл қалыптасқан жағдай Қоқан хандығының Созақ өңіріндегі ықпалын әлсіретіп жібереді. Сол замандардағы оқиғаларды біршама білетін қариялардан естігеніміздей, ХІХ ғасырдың ортасында, шамамен 1841 жылы Созақ қамалы үшін болған соғыста Кенесары хан жергілікті халықтан барынша қолдау тапқан. Әрине, мұның бәрі Үсенбай сынды тұлғалардың Қоқан билігінің әлсірете түсу мақсатында жылдар бойы талмай жүргізген нәзік саясатының бір көрінісі еді. Қазіргі таңда Үсенбай датқа жөнінде біршама деректер білетін азаматтар қатары азайып келеді. Бұлардың бірі – созақтық ақын, датқаның тікелей ұрпағы Ескермес Жақсымбетов. Енді әңгімемізді осы кісі айтқан деректермен толықтыра түсейік. Е.Жақсымбетов: «Атамыз бүкіл Түр­кіс­тан өңірі мен Арқа еліне танымал, сыйлы болған. Әсіресе, Ақмола дуанбасы, белгілі Ерден би Сандыбайұлы, Ақсақ төре, арғын Ағыбай батыр және бірқатар най­ман, тама билері оның сөзін жерге тас­тамай, қадірлеп өткен екен. Ерден бидің немересін өз ұлы Бекболаттан өрбіген Исаға айттырып, құда болған. Майлықожаның «Қараның өтті хандары» деген толғауында: Барқы аталық баласы, Атығай батыр, Төлеген. Үсенбайдың бетіне, Қарсы боп ешкім келмеген. Байзақтай* алтайы Қазақта тумас енеден, – деп жырлаған. (ХІХ ғасырда өмір сүрген, ел сөзін сөйлеген Байзақ есімді екі датқа бар. Бұлардың біріншісі – дулат тайпасының шымыр руынан шыққан атақты Байзақ датқа Мәмбетұлы болса, екіншісі – қо­ңырат тайпасының жетімдер руының кісі­сі Байзақ датқа Битабарұлы*. Соңғысы атақ­ты Молда Мұса ақынның әкесі. – Ж.Б.). Сондай-ақ, Созақ ауданы Сызған ауылынан шыққан дүлдүл ақын әрі би Бегалы Күленұлы Үсенбай датқаның немересі, болыс Нұрлан Салықбайұлына өзінің даулы болған бір жағдайын айтқанда: Арғы атаң би атанған Қара, Барқы, Би болыпты әулетіңнің бәрі жалпы. Битабар, ер Байзақ пен би Үсенбай, Аспаған қай жерлерде атақ-даңқы. Қоңыраттың сендер едің үлкен ауылы, Үлкен ауыл болуға болған қаулы. Құдайым мені осындай тентек қылды, Өзіңдей ата ұлымен болып даулы, – деп жырлайды. Қазақтың бұл атақты ақындарының жырында Үсенбай датқаның сөз болуы ол кісінің тегін адам еместігін көрсетсе керек. Үсенбай ата ұстамды, сөзге берік, бәрін де ақылмен шешетін, шешен сөйлейтін кісі болыпты. «Айтылған сөз – атылған оқ» деп, пайымдылықпен кісілік арттырыпты. Атамыздан көп ұлағатты сөздер халық арасына тарап кеткен. Оларды елдегі ескі көздер әлі күнге дейін ұмытпай, сөз арасында қолданып келеді. Мәселен, Үсен­байдан «Адамды кісі ететін де, құртатын да сөз», «Елді біріктіретін де, іріте­тін де сөз», «Кісілік кішіліктен туады», «Атқа мінгенге ағайын аманат», «Би­лікке емес, бірлікке жақын бол», «Бірің­ді бірің кемсітпе, еңбекті меншікте», «Басыңа бақ қонса, аумағыңды бақ», «Дұш­пан ынтымақты жерде бірлігіңді берме», «Көп тыңдап аз сөйле, аз сөйлесең де саз сөйле», «Қарны тоқ адам кісі емес, кем­тарға қарайласқан кісі», «Елдің тұмауы естіге тиеді», «Ағайынның аузы араз, жүрегі тату», «Татулық – тоқтық, араздық – аштық», «Ұрпағыңды ойла, ұмытыл­май­сың» деген нақыл сөздер қалған», – дейді. Үсенбай ата 1865 жылы 88 жасында Созақ жерінде қайтыс болған. Сүйегі Созақ және Қарақұр ауылдарының ортасындағы Ағалақ деген жердегі биіктеу, үсті жалпақ, әр тұсынан бұлақтар саулаған, қалың шилі төбешікке өзі тірі кезінде салдырған кесенеге қойылған. Осыдан біраз бұрын атаның ұрпақтары кесенені жаңғыртып, еңсесін қайта көтерді. Бүгінде Созақ ауданы Қарақұр ауылының орталық көшесі Үсенбай датқа Төлегенұлының есімімен аталады. Бұл жергілікті халықтың ел арысына деген ыстық ықыласының бір белгісі ғана. Алайда, бабамыздың есімін ұлықтап, өрелі істерін насихаттау алдағы уақытта жүйелі түрде қолға алынар деп ойлаймыз. Өйткені, қазақ өзінің даңқты ұлдарын ұмытпайтын халық. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».