• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Қаңтар, 2015

Әннің де естісі бар, есері бар

1936 рет
көрсетілді

Халық өлеңі. Халық әні. Сөзі мен әні, мәні мен сәні жарасқан. Сондықтан бірде-бір жолын алып тастауға немесе сөзін өзгертуге болмайды. Өйткені, барлығы өзінің орнында. Ғасырлар бойы еленіп-екшеліп, сұрыпталып, осы күнге аман-есен жеткен халық сөзін бұрмалау – қиянат. Қазіргі әншілеріміздің ән сөздерін өзгертіп айтып жүргенін естігенде жаныңды қоярға жер таппайсың. Белгілі әншіміз Мұхтар Шаханов сөзін жазған «Ақ бантик» әніндегі «Білмеймін, бойжетіп қалдың ба?» – деген жолды «Білмеймін, ержетіп қалдың ба?» – деп бұрмалап айтқанын да естідік. Қыз бойжетеді. Ұл ержетеді. Екеуін шатастыруға бола ма? Нұржан Наушабайұлының: «Домбыра күйге келмес бұрамаса, Кім білер кімнің жайын сұрамаса, Ер жігіт мал тапқанмен не болады, Жұбайы бір жағынан құрамаса», – деп келетін жолдары ел аузында. Осы өлеңнің соңғы жолын әншілер «Құдайым бір жағынан құрамаса» деп айтып жүр. Алла беріп тұрса да, әйел ұқсата алмаса, қандай амал бар? Кейін «жұбайың» деген сөзді аңқау қазақ «Құдайымға» ауыстырып алған. Халық аузындағы сөздер уақыт өте келе өзгеріске ұшырап отырғаны белгілі. Алайда, сөзі әнге айналып, ел құлағында жатталып қалған мәтіндер орынсыз бұрмаланып кететін жағдайлар да жиі кездеседі. «Баспадым жардың шетін құлай ма деп, Ішпедім арық суын лай ма деп. Жаманмен дос болуға жасқанамын, Күн туса ердің құнын сұрай ма деп», – деген халық өлеңі бар. Ал  «Дүние-ай!» деген атпен және халық әні деп ән жинақтарында жарияланып жүрген мәтінде «Баспадым жардың шетін құлай ма деп», – деген сөздерден басталатын халық өлеңінің кейінгі жолдарын әншілер «қорқамын дос болуға жамандармен, тар жерде ер-тоқымын сұрай ма деп», – деген тіркеспен айтып жүр. Ер-тоқым қазақ үшін аса қасиетті бұйым. Ол оны ешкімге бермейді. Қазақ «айырылысатын ер ердің артқы қасын сұрайды», –дейді. Немесе ердің (бұл арада азамат деген мағынада) құнын сұрауы мүмкін. Бірақ, ер-тоқым емес. Осы әннің қайырмасы: «Қыздар бұлбұл, жігіт дүлдүл, өтіп барады өмір құрғыр», – деп айтылып жүр. Өмір құрымайды, жалғаса береді ғой. Сөзге бажайлап қарасақ, гүл қауызын таңертең күн сәулесі түскенде ашады ғой, бұлбұл да жаратылыста сол гүлдің ашылғанын көрген сәтте сайрай бастайды. Қыздарды бұлбұл қылып сайратып, жігіттерді тұлпар қылып шапқызып қойғанда не ұттық?! Әннің бағасын кеміттік. Қостанайдың Науырзым өңірінде Байжан есімді әнші өткен. Біз  білетін сол Байжанның әнінде  «Жігіт – бұлбұл, қыздар – гүл-гүл, жастық өтер, ойна да күл!» болып айтылушы еді. Байжанның әнін кезінде облыстық филармония­да әнші болған Байқоныс Мұхамеджанов тамаша айтатын. Қазіргі Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Қадыр Қаржауов осы әнді нәшіне келтіріп орындайды. Ол аталған әнді Байқоныс ақсақалдан үйренгенін айтады. «Байжанның әні» аталып кеткен әнді ел арасында «Байжанның жұмбағы» деп те атайды. Оның мәтіні мынандай: Байжеке, мырза көңілің болды қалай, Бақшаны аралаушы ең талай-талай. Қондырсам осынау тұрған қызыл гүлге, Етуге ептеп сайран жайың қалай? қайырмасы: Қыздар – гүл-гүл, Жігіт – бұлбұл. Жастық өтер, Ойна да күл! Қарғаша қорбаң етіп түсіп қалма, Бұтақтан мұжық тұяқ ұстай алмай. Болмаса қараң батып қашып жоғал, Қояға құйрығыңды бекер малмай. Шіркін-ай, қыз деген бір гүл емес пе, Ойнаса қыз бен жігіт күн емес пе?! Болғанда қыз қызыл гүл, жігіт бұлбұл, Бұлбұл құс қызыл гүлге түнемес пе?! Міне, мазмұны толық ашылып, мағынасы жағынан әннің сөзі де, қайырмасы да үйлесіп тұрған осы тамаша әннің ән жинақтарындағы келесі шумақтары: «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, Жамандар жақсымын деп айқайлайды. Жүрген соң бауырында күнде көріп, Таулардың биіктігі байқалмайды», – деген жолдармен жалғасады. Бұл жолдар да халықтың қара өлеңінен алынған, ән қайырмасына мүлде қатысы жоқ екені тайға таңба басқандай анық. Ол аз болғандай, қайырманың соңына: «Ахау, арман, дүние жалған» деген жолдарды және  «халау-ләйлім, халау-ләйлім» деген Алдаркөсенің шайтанға айтатын сөздерін де қосып қойыпты. Сондықтан әншілеріміз кездейсоқ естіген «әләуләйім» мен «халауләйімге» ілесе бермей, ән сөзіне абай болуы керек. Бұдан да өткен сорақылық кейінгі уақытта теледидарды жаулап алды. Әннің сөзін бұр­малаушылар ғана емес, ән сөзі деп айтуға ауыз бармайтын жолдарды әуенге салып айтушылар пайда болды. Олардың біразы өздерін жұлдызбыз деп есептейді, теледидар жүргізушілері де оларды жұлдыз деп таныстырады. Ал сол «жұлдыздар» қалай сайрайды? «Сенсем бе екен-ай, көнсем бе екен-ай, құшағыңа енсем бе екен-ай!» деген сөздердің өзі жиіркенішті емес пе? «Жоқ, сені, жаным, ұмыт­қаным жоқ, жоқ, қадамашы жүрегіме оқ» немесе «Айналайын, сен маған ұнап қалдың, сені көріп орнымнан құлап қалдым» деген сөздерде поэзияның ұшқыны да жоқ қой. Тағы бір ән мәтініндегі: «Қош бол енді, менің сүйген арманым, Қайда жүрсең орындалсын арманың, Бірақ-бірақ сүйіп өтем мәңгілік, Жаным менің, жаным менің, арманым!» деген бір ғана шумақтағы қайта-қайта қайталанған сөздер «арман, жаным» секілді әдемі сөздерді жауыр қылғандай. Әли Оқаповтың «Биле» деген клипіндегі ән мәтіні кәдімгі жаңылтпаш. Сөзіміз дәлелді болуы үшін түгел келтірейік: Ай, ән арнадым саған жай ғана, әдемі ай, ай, Менің әнім әсте қайғырып, күрсінбейді, Ол айта алмай жүрген сезімді жырлайды, жаным, Жанымды баяу еріксіз жаулайтын сол қайғы жоқ менің әнімде. Бұл әнім бұл әнім тек саған, (жаным тыңда, тыңда, тыңда) Ұнайсың, ұнайсың сен маған, (жаным, тыңда, тыңда, тыңда) Сен мені ойла! (шын көңілмен мөлдіреген жүрегімді) Бұл әнім, бұл әнім тек саған! (жаным тыңда, тыңда, тыңда) Биле, биле, биле, биле, биле! Бұл не? Өлең бе? Қара сөз бе? Үйлескен ұйқасы жоқ, не мағынасы жоқ, «жаным, тыңда, биле»» дегеннен басқа айтары жоқ, поэзия деп айтуға ауыз бармайтын осындай шатпақты ән деп қабылдауға бола ма? Рано Умарова орындап жүрген «Сүйем дешi» деген кең таралған әннің сөзінің сиқы мынау: Жаным сенсің, сүйем деші, Лүпілдеген жүрегімді сүйем деші, Жыламайын, сенім берші, Назданайын, шаттанайын, күлімдеші. Арманым да, жаным, сен ғана, Құшақ жайшы маған сағына, Ғашығымсың, асылымсың, сүйем деші, Махаббаттың жалынына күйем деші, Еркелеген айым деші, Мен ұсынған пәк сезімді балым деші, Аймалаған таң самалын, Қалағаным бір өзіңсің, күнім, келші. Мұнда да шала-шарпы ұйқас, орынсыз сөз қайталау, балдыр-батпақ, шалдыр-шатпақ. «Сенім берші» деген қазақ ұғымында мүлде жоқ тіркес. «Еркелеген айым деші» дегеннен не түсінесіз? Аспандағы айды еркелейді дегенді естігеніміз осы. «Еркелеші, айым деші» десе бір сәрі. «Аймалаған таң самалын» деген не? Айта берсек, сұрақ көп, жауап жоқ. Кез келген ән бейнебаян түсірілмей тұрып, телеэкранға шығарылмай тұрып тексеруден өтсе, құрамында белгілі ақындар бар, комиссия дейміз бе, редакциялық кеңес дейміз бе, әйтеуір, білімді кісілерден құралған алқа әншілердің репертуарын ғана емес, ән мәтіндерінің мазмұны мен үйлесімін елеп-екшеп, сұрыптап отырса нұр үстіне нұр болар еді. Ақылбек ШАЯХМЕТ. ҚОСТАНАЙ.