Ақтөбе облысында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 652 үйді қалпына келтіру жоспарланды. Бүгінгі таңда 494 тұрғын үй салынып жатыр, 309 отбасы дайын баспана сатып алуға шешім қабылдады. Қазір тек Ырғыз өңірінде үйлерді су басып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі су тасқыны салдарын жою жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын баяндады. Су тасқыны кезінде барлығы 4084 үй зардап шекті. Оның 1 457-сі жеке үйлер болса, қалғаны саяжай алқабындағы тұрғын үйлер. Қазір су тасқыны аяқталған аудандар мен қалада тұрғын үйлерді техникалық тексеру аяқталды. Нәтижесінде 652 тұрғын үй салу және 309 үйді сатып алу келісілді. Салынып жатқан барлық үйлер бір типті, ауданы 80 шаршы метр. Оған қоса 3 123 үй күрделі жөндеуден өтетіні белгілі болды.
«Су тасқынының салдарын жоюға жергілікті бюджеттен 7,8 млрд теңге бөлу қарастырылды. Тұрғын үй мәселесімен қатар 136 шақырым жолды, 15 көпірді, 23 әлеуметтік нысанды жөндеу қажет. Сондықтан қарастырылған бюджетпен қатар ірі компаниялар мен мемлекет қорлары қолдау білдіріп, тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Олар: «Болат Өтемұратов қоры», «Қазақстан халқы» қоры, «BI Group» және «ERG» қорлары. «Болат Өтемұратов» қорының демеушілігімен Әйтеке би, Үйіл, Қобда, Темір және Мұғалжар аудандарында 64 үй сатып алынды. Сонымен қатар бұл қор Алғын, Мәртөк, Байғанин аудандарынан тағы 11 үй сатып алмақ. Бұл аймақтарда төтенше жағдай жарияланған жоқ, бірақ су тасқыны кезінде бірнеше үй жарамсыз болып қалды. Облысқа BI Group компаниясы 2 млрд теңге, «Қазақстан халқына» қоры 1,5 млрд теңге бөлді. Бұл қаражатқа үйлер салынды», делінген әкімдік хабарламасында.
Айта кетейік, облыс бойынша барлығы 2 904 адам 100 АЕК көлемінде бір реттік төлем алды. Бұл 939,2 млн теңгені құрайды. Су тасқыны кезінде жұмысы тоқтап қалған шағын және орта бизнес субъектілерінің шығыны шамамен 3 миллиард теңгені құрайды.
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті