«Бәйтерек» холдингі және Қазақстан Ипотекалық Компаниясы жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша Шымкент қаласының тұрғындарына жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті.
Жақында «Бәйтерек» холдингі және Қазақстан Ипотекалық Компаниясы жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша Шымкент қаласының тұрғындарына жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті.
Салтанатты жиынды «Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасының орынбасары Алина Алдамберген ашып, жаңа қоныс иелеріне бақ-береке тіледі. Содан соң бастапқы төлемақысы жоқ, пайызы төмен тұрғын үй кешенін салуға қатысқан, «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» Ипотекалық Ұйымы» АҚ төрағасының орынбасары Болат Досмұхаметов сөз алып, Қазақстан бойынша екі мыңға тарта осындай үй пайдалануға берілсе, соның тең жартысын оңтүстікқазақстандықтар құрап отырғанын ерекше атады.
Алғашқы болып өз пәтерлерінің кілтін алғандар Мәдина Сералиева, Мәдина Әуелбекова, Нұрбол Ахметов қуаныштарын жұртпен бөлісіп, осындай қамқорлық жасағаны үшін Мемлекет басшысына рахметтерін айтты.
Тұрғын үй бағдарламасына байланысты «Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасының орынбасары Алина Алдамберген журналистерге сұхбат беріп, төмендегі жағдайды баяндады.
Жиырма жыл мерзімге сатып алу құқығымен жалға берілген осы пәтерлердің ай сайынғы төлемдері орташа есеппен 1 бөлмелі пәтерлер үшін 21 мың теңге, 2 бөлмелі пәтерлер үшін 35 мың теңге және 3 бөлмелі пәтерлер үшін 46 мың теңге болады екен.
Биыл «Бәйтерек» холдингі жалпы алғанда, жалға берілетін тұрғын үйдің 487 мың шаршы метрін сатып алуды, салуды және оларды жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандарға ұсынуды жоспарлап отыр. Бұл шамамен 9 740 пәтер. Бағдарламаны іске асырудың 5 жыл ішінде жалдамалы тұрғын үйдің 1 483 шаршы метрін беру жоспарланып отыр. Бұл шамамен 29 мыңға жуық пәтерге жуықтайды.
«Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы Н.Ә.Назарбаев жалға берілетін тұрғын үй құрылысына көзқарасты қайта қарастыруды тапсырды. ҚР Үкіметі Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын әзірледі. Ол бағдарламада жалға берілетін тұрғын үйге ерекше назар аударылды. Жеңілдік талаптарымен әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үйді беруге Ұлттық қордан 180 млрд. теңге бөлінсе, оның ішінде «Бәйтерек» холдингіне жалға берілетін тұрғын үйді салу және сатып алу үшін 145 млрд. теңге берілді. Ал 35 млрд. теңге жергілікті атқарушы органдар үшін бөлінді. Олар қаражаттарды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізуге жұмсайды. Олардың ішінде 2015 жылы 92,5 млрд. теңге, 2016 жылы 52,5 млрд. теңге бөлінеді.
Бағдарламаны жүзеге асыру аясында 49 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның 20 мыңы биылғы жылы және тағы 650 маман салынған үйлерді пайдалануға беру кезінде жұмысқа тартылады.
Бағдарламаға ЖАО-да кезекте тұрған мына санаттарға жатқызылатын тұлғалар қатысады: көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар, оралмандар, мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері сияқты санаттарға жататын жергілікті атқарушы органдардың кезегінде тұрған азаматтарға бірінші кезекте беріледі. Бағдарлама бойынша пәтерлердің елу пайызы көрсетілген санаттардың 35 жасқа дейінгі жас отбасылардың арасында үлестіріледі.
Кезектік тізімінен жергілікті атқарушы органдар іріктеп алған азаматтар төлем қабілеттілігін растау үшін «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ-қа жіберіледі. Кейіннен,төлем қабілеттілігі бойынша іріктеуден өткен адамдар пәтерлерді нақты үлестіру үшін әкімдіктердің тұрғын үй комиссиясының шешімімен бекітіледі.
Біз жаңа қонысқа кіргендердің үйлеріне барып, пәтер иелерінің қуанышымен бөлістік. Облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы, майор Нұрбол Ахметовтің қуанышын түсінуге болады. «Үй болмаса күй болмайды» деген рас екен, жұмысың жақсы болғанымен көңіл қобалжулы. Енді өз үйім бар, бала-шағаның ертеңі үшін алаңдамаймын» дейді.
Жалғыз басты ана, үй кезегінде сегіз жыл тұрып, қашан қолы жетеріне көзі жетпегеннен кейін ипотекалық үйге ауысқан Мадина Серғазиева «Бұрын теледидардан үй алып жатқандарды түсірген хабарды көріп «неткен бақытты жандар» деп сүйсінетін едім. Қызықтым, қызғандым. Сол бақыт міне, менің басыма да келді. Қызым екеуміздің қуанышымызда шек жоқ.
Сая Серғазиева Пушкин атындағы мектептің 4-сынып оқушысы, ол да гүл-гүл жайнап жүр.
– Мен қатты қуанып тұрмын, – дейді ол. – Ең алдымен Нұрсұлтан атама, сосын осы үйді салып берген «Бәйтерек» холдингіне рахмет айтамын. Менің Қазақстаным ең күшті мемлекет болады.
Үйсіздік қамытын мойнынан сыпырып тастаған тұрғындар қуаныштарын осылай білдіруде.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
ШЫМКЕНТ.
Cуреттерді түсірген
Хусан Азизов пен
Қайсар Шерім.