Француз фильмдері алғаш рет қазақ тілінде көрсетілмек. Сондай-ақ Францияның ұлттық кинематография және анимация орталығы (CNC) сарапшыларының Қазақстанға жұмыс сапары ұйымдастырылады.
Францияның Қазақстандағы елшілігінде Қазақстан мен Францияның киноөндіріс саласындағы ынтымақтастығы жан-жақты талқыланып, бірқатар жоба келісілді. Енді елімізде француз премьераларының апталығы ұйымдастырылып, одан кейін қазақ тіліндегі француз фильмдері ұсынылады.
«Біз қазан айында француз фильмдері премьераларының апталығын өткізуді жоспарлап отырмыз. Онда ең танымал француз фильмдері қазақ көрермені назарына ұсынылады. Премьера аптасынан кейін алғаш рет қазақ тіліне дубляждалған француз фильмдерінің көрсетілімін ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Біз Франциядағы қазақ фильмдерін қолдауға дайынбыз. Сондай-ақ Францияның ұлттық кинематография және анимация орталығы (CNC) сарапшыларының Қазақстанға жұмыс сапары ұйымдастырылады», деп хабарлады Францияның Қазақстандағы елшілігі.
Сондай-ақ бірлескен кино өндірісі және екі жақты кинопрокат бағыттарында тұрақты кездесулер өткізу жоспарланып отыр.
«Білім беру семинарлары мен қазақстандық мамандарды Францияда оқыту мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Мемлекеттік киноны қолдау орталығымен және сала мамандарымен бірлесе отырып, ең пайдалы бағыттарды анықтауға күш саламыз», деді Францияның Қазақстандағы елшілігі.
Айта кетейік, Қазақстанның Ұлттық кинематографиясын қолдау орталығы мен Францияның Ұлттық кинематография және анимация орталығы Канндағы халықаралық кинофестиваль аясында ынтымақтастық туралы қосымша келісімге қол қойды. Тараптар киноөнімдерін тарату мәселелері бойынша ынтымақтасуға келіскен еді.