Түркістандағы «Ұлы дала елі» орталығында ташкенттік қылқалам шебері Гүлмира Досыбекованың «Туған жерге тағзым» атты көркем туындылары көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Оған Өзбекстан, Ресей және еліміздің қылқалам шеберлері мен Түркістан қаласының зиялы қауым өкілдері қатысты.
Гүлмира Пернетайқызы Досыбекова Түркістан қаласында дүниеге келіп, Некрасов атындағы мектепті үздік бітірген. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің халықаралық қатынастар факультетін бітірді. Тума талант иесі Италияның дизайн мектебінде білімін жалғастырды. Отбасылық жағдайымен Ливандағы Бейрут қаласында тұрған кезінде Қазақстанның салт-дәстүріне негізделген туындыларымен халықаралық сурет көрмелерін ұйымдастырып, зиялы қауым өкілдерінің ризашылығына бөленді. Алайда Ливанда қиыншылық туындаған кезінде шекарадан жүздеген полотноларын алып өте алмай, қиындыққа ұшырады. Қазіргі кезде Ташкентте тұрады. Шекарадан аман-есен өткізген туындыларының ішінен 47-сін «Туған жерге тағзым» атты көрмеге қойды. Қазіргі кезде QR код арқылы әрі онлайн көрмелерді өткізуге де машықтанған көрінеді.
«Туған жерге тағзым» көрмесіне әкелген туындыларымның ішінде майлы бояу, акрель, текстуралық паста, алтын-күміс жалатылған полотноларым қойылды. Қазіргі таңда шетелдіктер негізінен түркі халқының салт-дәстүріне қызығушылық танытады. Мен жалпы суреттерімді гүлмен көмкергенді, отбасылық құндылықтарды насихаттайтын әр ұлттың сұлу қыздарының бейнесін сомдағанды жақсы көремін. Бұл топтаманы «Туған жерге тағзым» деп атаған себебім, түркі тегінің түп төркіні Түркістандағы туғандарымды шығармаларыммен таныстыру еді. Қазір менімен бірге келген он екі суретшіні «Арыстанбабқа түне, Қожа Ахмет Ясауиден тіле» дегендей Арыстанбаб, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, Үкаша ата кесенесіне апарып, осындағы ұстаздарымның ақ батасын алып, суретшіліктің үлкен жолына шығуға бел байладым»,дейді Гүлмира Пернетайқызы.
Бұған дейін Бейрутта, Ташкентте көркем туындыларынан халықаралық көрме ұйымдастырған Гүлмира Пернетайқызының мақсаты алдағы уақытта Душанбеде, Швейцариядағы Цюрих қаласында, Еуропа елдерінде, Дубайда өткізуге тапсырыстар алған көрінеді. Жақында сонда аттанбақ.
Көрмеге қатысқан Некрасов мектебінің сол кездегі директоры Светлана Керн мен ұстазы Несіпгүл Өтебаеваның айтуынша, Гүлмира мектепте оқып жүрген кезінде де сурет салып, ол туындылары оқу орнының қабырғасының көркін келтіріп тұратын болған. Мұны көрген тұрғындар «арнайы суретші жалдадыңдар ма?» деп жиі сұрайтын көрінеді. Гүлмира жасынан пысық, зерек, жауапкершілігі мол, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуымен көзге түскен. Сыныптың тұрақты старостасы болған. Достарының ішінде ерекшелігі киім үлгісі, интерерьер жасаумен де көзге түскен.
Гүлмира ана ретінде үш қыз, бір баланы тәрбиелеп отыр. Үлкені Қасымжомарт Швейцарияның халықаралық қатынастар университетінде, қызы Әдия Швейцария универститетінің қаржы факультетінде оқиды. Жандәулет, Нұрсәлім, Сафиясы өзімен бірге Ташкентте тұрады. Жолдасы Рахымжан – Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі. Дүниежүзілік банктің дипломаты болғандықтан басшылық қайда жұмсаса, сол елге отбасымен барып тұрады екен. Бұл өз кезегінде Гүлмираның жаңа мемлекеттерге қазақ дәстүрін танытуына мол мүмкіндік әпереді. Әкесі Пернетай Досыбеков пен зайыбы Шаткүл де қалаға танымал ұстаздар. Төрт баланы тәрбиелеп, ұлын ұяға қызын қияға қондырған жандар. Салтанатты іс-шарада сөз алған «Ұлы дала елі» орталығының директоры Гүлжанат Ибрагимқызы, Некрасов мектебінің ұстаздары Светлана Керн, Несіпкүл Өтебаева, «Қазақстан, Өзбекстан, Ресей» суретшілер қауымдастығының мүшелері Мадина Такенова мен Анна Каурова, «Түркістан» газетінің тілшісі Роза Нарымбетова Гүлмираның әлемге қылқалам арқылы қазақтың дәстүр-салтын паш етіп отырған мақсаткерлігін мадақтап, ата-анасына осындай талантты да намысты қызды тәрбиелеп жеткізгені үшін алғыстарын жеткізді.
«Ұлы дала елі» орталығындағы Гүлмира Досыбекованың «Туған жерге тағзым» атты көрмесін қала тұрғындары мен қонақтары алдағы бірнеше апта тамашалауына болады.
Ескендір ЕРТАЙ