• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 30 Мамыр, 2024

Шәмші мен шабыт

124 рет
көрсетілді

Қазақ халқында «Шәмші», «Шәмшінің әні» десе, ішкен асын жерге қоймайтын жан жоқ. Адам жүрегін тебірентетін сезімдердің қайсысы болсын – асыл ана, ардақты әке, мөлдір сезім, шынайы махаббат – осының бәрі Шәмші әндерінің тақырыбы.

Туған халқын ән бесігіне, вальс ырғағына бөлеген сазгерді есте сақтау мақсатымен Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыс­тық қазақ музыкалық драма театры «Шәмші» атты спектакль-концертін көрерменге ұсынды. «Ән падишасының халық аузынан түспейтін, классикаға айналған шығармалары қалай дүниеге келді?» деген сұраққа жауап іздейтін қойылым зор аншлагпен өтті.

Қойылымның алғашқы минутынан-ақ залда отырған көрермен Шәмшінің ішкі бұлқынысы мен шабытының иі­рімдерін айқын сезінді. Әу баста дра­ма­лық тұрғыда өрбиді-ау деп күт­кен едік, ойламаған жерден спектакльде Шәм­шінің әзілі де жарасып, кейбір тұс­тарында комедиялық образы байқалып қалды.

Шәмші бірде шарқ ұрып шабытын іздесе, енді бірде көңілінің жыртығын жамайтын «Мұқағали шіркін жанымда болар ма еді?», деп толғанды. Қойылым әдетте адамды толғандырып, ойлантып отыратын. Бұл туынды адамның жансарайын, тынысын ашып, демалдыратындай. «Елім жүрегімді түсінсе деймін, қайда барсам да дау-дамай», деп қамығады композитор. Енді бірде Сағынышын іздеп тау­сылады. Ал иесіне адал Шабыты жарық дүниені тастағанша қасынан табылды. Әр сәт, әр бейне ән болып ақтарылып, көңілдерге нұр болып құйылып жатты. Концерт-спектакльде дирижер Болат Рахымжановтың жетек­шілігіндегі симфо­ниялық оркестр­дің сүйемелдеуімен Шәм­ші Қалдая­қовтың 18 әні шырқалды. Бар­лық әнді актерлер жанды дауыста орындап, вокалдық өнерлеріне еріксіз тәнті етті.

Қойылым авторы – Нұркен Тұрлы­бек, режиссері – Әділет Ақанов, қоюшы-суретшісі – Айсұлу Шәріпова. Басты рөлде – Мәдениет қайраткері Бейбіт Шәнім (екінші құрамда Кенжеғазы Қарымсақов), Шабытты театрдың жас актері Бауыржан Егінбай, Сағынышты Райхан Жұмақанова, Анасын Гүлжихан Хамитова, сыған қызы Изольданы Айзана Тасболатова сомдады.

Ұжымның көркемдік жетекшісі, қойылым режиссері Әділет Ақанов бұған дейін керекулік театр сахнасында әйгілі композитордың шығармашылығына қатысты «Сыған серенадасы» қойылымы болғанын жеткізді. Ал «Шәмші» спектакль-концерті жұртшылықты Шәмшінің әндерімен әлдилеп, сазгердің ішкі әлеміне үңіліп көруге жетелейді. Мақсаты – тұлғаның ішкі ой-толғам, иірімдерін, шабыт шыңын ұғындыру.

«Шәмші әндері қоғамда әлі күнге өміршеңдігін сақтап, той-думанда, отба­сылық мерекеде тұрақты шырқалып ке­леді. Әсі­ресе аға буын Шәмшінің әні десе, ішер асын жерге қоятыны рас. Қойылымның мәні – Шәм­ші мен Шабыт. Олардың тек екеуара ғана түсінісетін әлем­дері бар. Шәмшінің ішкі сыры әрбір жүректі толғайды. Ол өмірдің құла­зытқан сәттеріне мойымай, мәңгілік әуен­дерді мұраға қалдырды. Туындыда ән әлемінің майталманы, вальс королі, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен өнері, жетістігі мен жеңілісі, махаббаты мен ғадауаты сипатталады», деп Әділет Ақанов сахна сыртындағы әңгімеде ұжымның шығар­машылық ізденістері туралы айтып берді.

Жалпы, бұл туындының сахналық нұсқасының жазылуына театрдың белді актері, Мәдениет қайраткері Бей­біт Шәнім және өнер ұжымының өзге де аға буын актерлері түрткі болса керек. Жергілікті көрерменге король Ри­чард, король Лир сияқты кесек тұл­ғалар­дың образымен танымал Б.Шәнім Шәмшінің әндерін бала кезден жаттап өстік дейді. Тағдырдың теперішін көп көрген сазгердің әндеріне заманында шектеу қойылып, кейбір әндерінің радиодан берілуіне тыйы­м да салынған. Мәселен, «Ақ­маң­дайлым» әні 1957 жылы жа­рыққа шықса, радиода ой­натуға тек 1958 жылы ғана рұқсат берілген. Осындай қиын­дықпен күресе жүріп, асау ша­быттың өрінен түс­пеген өнер иесінің ішкі жан дүниесі әлем-тапырық болғаны анық. Тағдырлы тұл­ға­ның ішкі жан арпалысын «Шәмші» спектакль-концерті сахнада ашып көр­сете алды.

«Бейбіт аға сияқты театр май­тал­ман­дары ғана мұндай кесек рөлді сахнаға алып шыға алады. Себебі шығар­машылық адамының ішкі жан дүниесін та­нып-білу, оны сахнада сомдау үлкен шеберлікті ғана емес, осы саладағы талай жылғы тәжірибені қажет етеді. Шәмшіні өз заманындағы адамдар түсіне алмады, жан дүниесін аша алмады. Бұл қойылымның сахналық нұсқасын әзірлемес бұрын Ш.Қалдаяқов туралы көптеген фильмді көріп, кітап, газет-журналдарға үңілдім. О.Бодықовтың Шәмші туралы кітабына көп сүйендім», дейді Ж.Аймауытов театры басшысының орынбасары, қойылым авторы Нұркен Тұрлыбек.

Ал театр директоры Арман Темірбек атап өткендей, «Шәмші» – биылғы маусым­ның соңғы премьерасы.

«Былтыр театрымыз үшін сәтті ке­зең болды. Қазан айының соңы мен қараша айының басында театр труппасы Ресейдің Мәскеу облысы Мы­тищи қаласындағы «ФЭСТ» драма және комедия театрында өткен «Подмосковные вечера» фестиваліне қатысып, «Үздік ансамбль» аталымына ие болды. Жалпы, қойылымның өзі мен актерлердің ойыны ресейлік театр майталмандарының оң бағасын алды. Ал маусым басынан бері өнер ұжымы жаңа премьераның тұсауын кесті. Олар – Шекспирдің «ІІІ Ричард», Оралхан Бөкейдің «Кербұғы» қойылымдары», деді театр басшысы.

Ерекше атап өтерлігі, биыл Алаш қайраткері, қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әде­биетін қалыптастырушылардың бірі Жүсіпбек Аймауытұлының туғанына 135 жыл толып отыр. Тұлғаның мерейтойына орай Аймауытов театры 20-25 қыркүйек күндері «Ертіс-Баян» I республикалық театр­лар фестивалін өткізуді ұйғарып отыр. Фестиваль отандық театр өнеріндегі үздік жұмысты, заманауи театр үрдісінің негізгі бағытын анықтау және театр өнерінің классикалық, заманауи мұралары арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, актерлік кәсіби деңгейді шыңдау, театр әлеміндегі жаңа есімдерді анықтау мақсатында өткізіледі.

«Еліміздегі ең үздік деген спектакльдер Павлодар төрінде қойылып, жергілікті көрермен де өзге актерлердің өнеріне тәнті болады деген ойдамыз. Бұл фестивальдегі негізгі талап қатысатын жұмыс бұрын өзге театрлардың сахнасында қойылмауы керек әрі кейінгі бір жыл ішінде премьерасы өткен болуға тиіс. Бұл әріптестеріміздің арасындағы бәсекелестікті арттыра түседі деген сенімдеміз. Қазірдің өзінде фестивальға қатысуға ниет білдіргендер баршылық. Тіпті сонау Италиядан хабарласып, қатысу мүмкіндігін біліп жатқандар кездесті», дейді Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының басшысы Арман Темірбек.

Қазіргі уақытта республикалық сынға қатысу жөнінде 7-8 театрдан өтінім түскен. Ал күзде бұл тізім 10-12-ге жетеді деп күтіліп отыр. Аймауытов театры биылғы маусымды туар айда қо­рытындылап, бесжылдық есеп беру мақсатымен Алматы, Талдықорған қала­ла­рына гастрольдік іссапармен шығу­ды жоспарлап отыр.

 

Павлодар облысы