Астанадағы академиялық ұлттық кітапханада армян әдебиеті бұрышының ашылу салтанаты өтті. Мәдени мәжіліске еліміздің зиялылары, Армения Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Армен Гевондян арнайы қатысты.
Алғашқы болып сөз алған кітапхана директорының орынбасары Нұржан Жолдыбалин іс-шараның мәдени маңызы мен қазақ-армян арасындағы достық байланысты ерекше атап өтті. Жиынның екі ел әдебиетінің рухани ынтымақтастығына оң әсерін тигізетінін жеткізді.
Арменияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Армен Гевондян: «Кітапхана ішінде ашылған бұл бұрыш армян тілі мен әдебиеті мұраларына терең үңілуге мүмкіндік береді. Қазіргі күні Егише Чаренц, Уильям Сароян, Оганес Туманян шығармалары қазақ тіліне аударылған болса, қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдері армян тіліне тәржімеленген. Алдағы уақытта екі халық ақын-жазушыларының туындыларын аудару ісі жалғаса беретіні сөзсіз», дей отырып, Арменияның мәдениетін, тарихын, дәстүрі мен қазіргі даму барысын бедерлейтін 113 кітапты кітапхана қорына тапсырды.
Басқосуда армян әліпбиі мен көне жазбалары туралы деректі фильм көрермен назарына ұсынылды. Жастар өнер көрсетіп, қазақ, армян тілдерінде өлең оқыды.
Томирис БАЙҒАБЫЛ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті