Бұл не өзі? Мынау ән қайда тартып барады? Қара құрдым... Түпсіз терең тұңғиыққа түсіп барамын. Ол менің, мен оның ішінде. Кішкентай баланың қолындағы тиек секілдімін. Әлемет ән мені домбыраның ойығынан өткізіп, ішіне тастап жіберіпті. Ал екі шегі... Екі шегі фәни мен бақи арасындағы қақпаның екі босағасы екен. Ән шумақтары көңіл күмбезімде күңірене күңгірлеп тұр: «Жарқ етпес қара көңілім, не қылсада...»
Сізге қалай екенін білмеймін, бірақ Абайдың осы өлеңі мені осындай ойға батырады. Сыдық Мұхамеджановтың музыкасымен шырқалған үйлесім үлгісі көңіліңді елең-алаң күйге түсіреді. Алғашқы ноталарынан-ақ минорлы аккорд мұңға жетелеп кетеді. Мұң болғанда да, жай мұң емес, мүбәрак мұң... Ал қайырмасында... «Жүрек наласын биіктете көтеріп, шексіздікке шарықтата жұтылдырып, қанаты талған қырандай, талмаусырап барып бітеді». Мұны айтушы – өрелі өнертанушы Ілия Жақанов. Рас, орындаушысы келіссе, тыңдарманын тұңғиық шыңырауға да түсіріп, тым биік шыңға көтеретін шығарма – бұл.
Күні кеше дәстүрлі әншіміз Асқар Мұқият Өзбекстандағы «Ovoz The Voice» жобасында Абайдың осы бір ғаламат әнін шырқады. Екпіні тау теңселтер алапат баритон иесіне қол соқпаған жан қалмады. Сүйегін сүтпен жуғандай сүйсініп қалды бәрі. Абайдың әні қалың бір ой құшағына қалдырғанын жеткізді. Иә, Асқар Сүлейменовше айтсақ, ақыл әнге апармайды, ән ақылға апарады. Жанның дірілін, жаурағанын, тасығанын – иек артқанмен, сөзді арқаланбай-ақ – қалтқысыз жеткізетін – ән.
Қазақстан атынан бақ сынап келген Асқар Мұқият Өзбекстанның Халық әртісі Фаррух Закировтен бастап, Мәдениет және туризм министрі Озадбек Назарбеков, танымал әнші Севара Назархан, Тохир Содиков сынды өнер майталмандарын тәнті етті. Қобыз көмей, аспан кеуде жігіттің әні әлеуметтік желіде де кеңінен таралып жатыр. Олай болуы заңды да.
Заманында көркемдік кеңесте жас композитор Сыдық Мұхамеджановтың аталған туындысын тыңдаған Евгений Брусиловский де әнге ерекше баға берген. «Тамаша! Бәрі өз орнында! Қисынды, қызықты. Ең бастысы, мұнда ұлттың жаны бар, жаны! Мәселен, «Ертарғын» операсына «Елім-ай» әнін пайдаландым. Қарапайым әуез дерсіз, ал оның салмағы қандай зілмауыр. Мына жігіттің әні де осындай. Бір қызығы, Абайдың өзі жазған секілді бұл романсты. Айтарға сөз жоқ!», деп баға береді атақты композитор.
Күләш Байсейітова да шығарманың Абай рухымен үндес екенін ақтарыла ашық айтқан. «Сезімге бай ән. Ойы жинақы, әрі терең. Евгений Григорьевич айтқандай, ағылып жатқан әуез. «Қорланға» қалай ұйысақ, «Жарқ етпесте» дәл сондай һәл кешесің. «Абай жолы» романындағы Абай мен Тоғжанның сол бір соңғы жүздесуі көз алдымызға келгенін қараңыз. Біздің Тобықты елінде Абайдың өз «Жарқ етпесі» айтылатын-ды. Келе-келе ол мүлде ұмытылды. Оны білетін жандар бүгінде о дүниелік. Ал мына «Жарқ етпес» сол «Жарқ етпесті» тірілткендей болды. Жап-жас жігіттің толғанысы – Абайдың өз толғанысы!», деген екен.
Иә, одан кейін біршама уақыт өтті. Еліміздегі музыкалық үдеріс түрленіп, соны сипат алды. Абай өлеңдеріне де жаңаша әндер шығарылып, тыңдарман қауымға жол тартты. Жаман емес. Көпшілігі көңілден шығып жатыр. «Бойы бұлғаң», «Көзімнің қарасы» секілді әндер джаз, блюз жанрында шырқалды. Алайда ешбірі «Жарқ етпестің» биігіне шыға қойған жоқ. Шықпауы да мүмкін. Себебі мұндай рухани үйлесімде жаралған өнер туындылары бір ғасырда бір-ақ келуі мүмкін. Абайдың алып трагедиясын аңдаған композитор ғана мұндай батылдыққа бара алады.
Меніңше, бұл шығарманың соңғы нотасы жоқ. Әрі қарай ол сенің кеудеңді тартыла береді. Тартыла береді... Ешқашан тоқтамайды...