АҚШ-тың «Top Rank» деп аталатын әйгілі промоутерлік компаниясы кәсіпқой бокстан WBO мен IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының келесі айда кезекті жекпе-жегін өткізетінін ресми түрде жария етті.
Шаршы алаңға 15 рет көтеріліп, барлық бәсекеде жеңіске жеткен қазақтың атақты боксшысы 13 шілдеде Лас-Вегаста 26 жастағы Андрей Михайловичпен жұдырықтасады. Ресейдің Санкт-Петербург қаласында дүниеге келген боксшы бұл күндері Жаңа Зеландияда тұрып жатыр. Бойы – 189 сантиметр. Кәсіпқой рингтегі карьерасын 2018 жылы бастады. Сол аралықта 21 кездесу өткізіп, барлығында басымдық танытты. 13 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Бір айта кетерлігі, Михайлович өзінің барлық жекпе-жегін Жаңа Зеландия мен Аустралияда өткізді. Өзге мемлекеттерге шыққан емес. Қазіргі кезде ол – IBF нұсқасының чемпиондық атағына міндетті үміткер.
Жоғарыдағы ақпарат тараған бетте Жәнібек Әлімханұлы: «Осы жекпе-жекті тағатсыздана күтіп жүрмін. Маған чемпиондық атақтарымды сәтті қорғау еш қиындық туғызбайды. Сөз орайы келгенде, Андрей Михайловичке өз ризашылығымды білдіремін. Орта салмақтың чемпиондары менімен жұдырықтасудан бас тартқан кезде ол батылдық танытып, келісім берді. Енді 13 шілдеде «Qazaq Style» қандай болатынын күллі әлем жұртшылығы қайта көреді. Сөйтіп, абсолютті әлем чемпионы атағы үшін жорық жалғасып жатыр. Қазір менің жолымда Михайлович тұр», деп мәлімдеді.
Жаңа Зеландияның өкілі де үнсіз қалмады. Ол: «Біле білсеңіздер, Жәнібек – менің жолымда тұрған жай ғана бір боксшы. Алға қойған мақсатыма қолжеткізу үшін оны жайпап өтуге күш-қуатым жететініне сенімдімін. Бәлкім, бәзбіреулер «Ол мүмкін емес» деп айтуы мүмкін. Бірақ мен үшін бәрі мүмкін. Әлімханұлына тиесілі екі бірдей алтын белбеуді одан тартып алу үшін осы айқаста барымды саламын», деп жер-жаһанға жар салды.