Биыл қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қаламгердің ғасырлық тойы өңір-өңірде жалғасып, түрлі ауқымды жобалар атқарылып жатыр. Айтулы датаның ЮНЕСКО көлемінде атап өтіліп жатқаны да жазушы мұрасын мыңжылдық етуге сеп болары сөзсіз. Осы орайда Ұлттық кітапханада қабырғалы қаламгердің түрік тіліне аударылған «Өлгендер қайтып келмейді» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Алқалы жиынға ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, МАМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Эврен Мудеррисоғлы, Алматы облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Алиев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым қатысты.
«Мәдениет және ақпарат министрлігі қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару бағдарламасы аясында Бердібек Соқпақбаевтың көптомдық кітабын екі рет басып шығарып, еліміздің барлық кітапханаларына таратқан болатын. Көрнекті жазушының оқырмандары жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантады. Енді олардың қатарын түрік бауырларымыз да толықтырып отыр», деді МАМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли.
Шебер суреткердің қаламынан туған романның түрікше нұсқасы 2000 данамен басылып шыққан. Аударған – түрік жазушысы Хусейн Варол.
«Өлгендер қайтып келмейді» – жастық шағы соғыстың ауыртпалығымен қатар келген тағдырларды суреттейді. Бұдан бөлек қаламгердің «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «16 жасар чемпион» сынды шығармалары да оқырманға етене таныс, ерекше ыстық.
Айта кетейік, жазушының еңбектері бүгінге дейін әлемнің бірнеше тіліне тәржімеленген. Ал түрік жазушысы аудармаға екі жыл уақытын жұмсапты. Сондай-ақ ол аударма кезінде романның қиынға соққан тұстарын атап өтті.
«Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қарт сәлем береді». Бұл – қазақта сәлемнің маңыздылығын, дәстүрін көрсететін сөз. Түріктерде де сәлемдесудің мағынасы терең. Осы сынды мақал-мәтелдерді, ауылдың тұрмыс-тіршілігіне байланысты сөздерді аудару қиын болды», дейді жазушы Хусейн Варол.
Ал ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет тұлға мерейтойын атап өту шетелде басталып кеткенін айтты.
«24 қазанда туған жері Алматы облысының Райымбек ауданында, Нарынқолда халықаралық деңгейдегі ЮНЕСКО-ның, ТҮРКСОЙ-дың деңгейіндегі мерейтой іс-шаралары өткізіледі. Жалпы, Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы Түркияда басталған», деді ол.
Іс-шара аясында Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығына арналған кітап көрмесі де ұйымдастырылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Менің атым Қожа» шығармасы да түрікше сөйлеген еді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, ғасырлық мерейтой аясында қаламгердің туған аулы Нарынқолда еңселі ескерткіші бой көтереді. Сондай-ақ жазушының есімі бірқатар саябаққа, білім ошағы мен облыстық кітапханаға берілмек.