Ұлттық академиялық кітапханада Астана әкімдігінің қолдауымен жарық көрген «Рақымжан Қошқарбаев: Рейхстагқа тігілген ту» кітабының таныстырылымы өтіп, «Ерлікке тағзым» атты архив құжаттарының көрмесі ашылды.
Биыл Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады. Жер шары халқының 80 пайызын қамтыған Екінші дүниежүзілік соғыстың негізгі бөлігі қазақ батырының Рейхстагқа ту тігуімен тәмамдалды. Сондықтан оның ерлігі ұрпақтар жадында мәңгі сақталмақ. Мемлекеттік және орыс тілдерінде жарық көріп отырған жаңа кітапта жазылған мәліметтер архив құжаттары және батырдың туыстарынан алынған деректерге сүйенген. Бұл жинақ Халық қаһарманының өмір жолынан сыр шертетін мәліметке толы.
Іс-шараны жүргізген Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп төл тарихымызда ел мүддесін бәрінен биік қойып, өшпес ерлік жасаған қаһармандар, тау тұлғалы толағайлар аз емес екенін атап өтті. «Тарихымызда әртүрлі себеппен Кеңес одағының батыры атағы берілмеген Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаев секілді алыптар бар. Кейбір ерліктерге дер кезінде лайықты баға берілмесе де, тарихтың әділ таразысы бәрін орнына қояды. Батыр бабаларымызға көрсетіп отырған тағзым істеріміз осының айқын дәлелі. Осыған байланысты ел көлемінде түрлі іс-шара өтіп, қаһарманның есімі мектеп пен көшелерге беріліп жатыр. Елордамызда Р.Қошқарбаевтың есімі бұған дейін қаланың ең келісті көшелерінің біріне беріліп, еңселі ескерткіші тұрғызылған болса, жыл басында №44 орта мектеп ресми түрде соның атымен аталды. Батыр бабаларды ұлықтау ісі мұнымен тоқтап қалмайды», деді ол.
Кітаптың тұсаукесерінде сөз сөйлеген тарихшы ғалым, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев Рақымжан Қошқарбаевтың өмір тарихына тоқталды. «Бұл соғыста 104 қазақ Кеңес одағының батыры атағын алды. Оның ішінде тек елімізде ғана емес, басқа мемлекеттерде тұрған қандастарымыз да бар. Бірақ нағыз халық таныған батырлардың осы топтан тыс қалғаны белгілі. Соның бірі Рақымжан Қошқарбаевқа тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Халық қаһарманы атағы берілді. Сонымен қатар Кеңес одағының батыры атағын бір рет алып, кейін екінші рет ұсынылып, алмай қалған батырларымыз да бар. Солардың бірі – Сағадат Нұрмағамбетов. Олар қазақтың тарихында өшпес із қалдырды», деді ол.
Жиынға қатысқан Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев қазіргі жастар Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен баһадүрлерге қарап өсуі керек екенін атап өтті. «Мен кезінде Германиядағы Подстам қаласында полк командирі болдым. Сол уақытта Берлиндегі үйімнен Рейхстагқа дейінгі қашықтық – бар-жоғы 700 метр еді. Оған жиі барып тұратынмын. Бірақ, өкінішке қарай, ол кезде Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі жайында ештеңе айтылмайтын. Тіпті көп адам Бауыржан Момышұлының кім екенін білмейтін. Бір неміс офицері бірде маған: «Бақытжан, білесің бе, мына Рейхстагқа ең алғаш ту тіккен адам сенің жерлесің, ұлты қазақ» дегенде менің төбем көкке жеткендей болды. Өзімнің әлі күнге мұндай адам туралы білмейтініме қынжылдым», деді ол.
Тарих ғылымдарының докторы, генерал-лейтенант Абай Тасболатов та кеңес заманында өзге ұлттардың батырларын төбемізге көтере мақтап, өз қаһармандарымызды ұмыт қалдырғанымызды жеткізді. «Біз әскери оқуда жүргенде Александр Македонский, Суворов пен Кутузов секілді қолбасшылардың өмірі мен әскери тактикаларын бес саусағымыздай білдік. Ал өз батырларымыздың ерліктерінен бейхабар болдық. Енді қазір өшкенімізді жаңғыртып, өткенімізді түгендейтін шақ туды. Осы орайда мен Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен батырларымыз, биыл 100 жылдығы тойланып жатқан Рақымжан мен Сағадат ағаларымыздың ерлік көрсеткен уақытта әлі 21-ге толмағанын ерекше айтқым келеді. Талғат Бигелдинов 22 жасында екі дүркін Кеңес одағының батыры атанып үлгерді. Ал бүгінде 20-ға келген кейбір жастар әлі оңы мен солын тани алмай жүр. Сондықтан біз осы аталарымыздың ерік-жігері, ұлттық намысы қандай болғанын жастарға насихаттауымыз керек», деді ол.
Тұсаукесер рәсіміне қатысқан мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай Р.Қошқарбаев секілді батырларға өз заманында ресми атақ берілмесе де, халық жүрегінде әу бастан қаһарман ретінде қалғанын айтты. «Бауыржан Момышұлы «Солдат ерлігін ұрлау – адам бейнесіндегі хайуанның ең сорақы қылмысы» депті. Рақымжандардың ерлігін де көп уақыт ұрлап, жасырып келді. Бірақ әділдік бәрібір орнады, қазақ өзінің қаһарманын таныды. Біздің бала күнімізде қандай идеология болса да, әке-шешеміз Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккенін айтып отыратын. Ел ішінде балаларына, немерелеріне Рақымжан, Қошқарбай деп ат қойғандар көп», деді ол.
Сондай-ақ жиын барысында Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Құралай Сәрсембина, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Іс-шара соңында жаңа кітаптың таспасын Өмірзақ Озғанбайұлы, Бақытжан Ертаев, Абай Тасболатов, Дархан Мыңбай кесті.