• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 01 Маусым, 2024

Сыртқы саясаттағы маңызды бағыт

102 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасының Тұрақты өкілі Катар­жи­на Вавьерниамен кездесті. Онда тараптар Қазақстанның БҰҰ-мен ынты­мақтастық мәселелерін және Орнықты даму мақ­сат­тарына (ОДМ) қол жет­кізуге арналған бірлескен жобаларды талқылады.

Палата спикері Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды бағыт екенін айтты. Өткен 30 жылдың ішінде нәтижелі екіжақты байланыс орнап, берік серіктестік қалыптасты. Сол арқылы бірқатар келісімдерге қол жеткізілді.

Кездесуде тараптар бірлескен жұмыс арқылы ОДМ қағидасын және 2021-2025 жылдарға арналған Елдік бағдарламаны іске асыру мәселелеріне айрықша назар аударды. Мәулен Әшімбаев Қазақстан Президенті орнықты даму бағытына баса мән беретінін атап өтті. Соған сәйкес аталған салада оң өзгерістерді көздейтін жүйелі шаралар қабылданып, кешенді жобалар әзірленіп жатыр.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының саммитінде сөй­леген сөзінде Орнықты даму мақ­саттарын іске асыру біздің мемлекет үшін ұлттық басымдық екенін атап өтті. Осыған байланысты көздеген нәтижелерге қол жеткізу үшін елімізде мақсатты шаралар қабылданып жатыр. Бұл жұмысқа Парламент депутаттары да белсенді қатысуда. Соның аясында былтыр Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасымен Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндет­тер­дің іске асырылуына мониторинг жүр­гі­зу жөніндегі парламенттік комиссия құрылды», деді Палата төрағасы.

Сұхбат барысында аталған Парла­менттік комиссия қызметінің нәти­же­лері де сөз болды. Сондай-ақ әзір­ле­ніп жатқан жобалар, оның ішінде Сенат­тың Қоғамдық Жобалық кеңсесі, Maqsut Narikbayev University және Ақмо­ла облысының әкімдігі бірлесіп қолға алған акселератордың маңызы талқы­ланды.

Өз кезегінде Катаржина Вавьерниа БҰҰ ДБ Орнықты даму мақсаттарын іске асыруда және оның өсу қарқынын қолдау бағытында Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін айтты. Сондай-ақ ол институттармен және мүдделі тараптармен байланыс орнатуға ашық екенін жеткізді.