• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тарих 02 Маусым, 2024

Тайпақта ескерткіш ашылды

566 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысындағы Тайпақ ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ескерткіш ашылды. Тот баспайтын темірден жасалған, биіктігі 5,5 метрлік белгінің ашылу құрметіне ауыл тұрғындары, репрессия құрбандарының ұрпақтары қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Жазықсыз жазаға ұшыраған боздақтардың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында орнатылған бұл ескерткіш Ақжайық ауданы әкімдігінің, ауыл тұрғындары мен ел жанашырларының қолдауымен бой көтерген екен. Ескерткіш композициясының авторы – Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Ерғали Бекешев осы шығармасында бабаларымыздың тағдырын талқан еткен зұлмат заманды, сол кезде құрбан болған арыстарымыздың мұңын бейнелегенін айтады. «Ескерткіштің жоғары жағындағы тор қазақтың азапты күнді басынан өткергенін, бірақ соған мойымай, қиындыққа төзгендігін көрсетеді. Ал, қобыздың бейнеленуі елдің еркіндікті аңсағанын аңғартады. Қобыздың төменгі бөлігінде бос кісен салбырап тұр. Бұл азаптан құтылғандықтың белгісі», деді Ерғали Орынғалиұлы.

Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин зұлмат жылдар қасіреті ешқашан ұмытылмайтындығын және жазықсыз құрбан болған бабаларымыз өскелең ұрпақтың мәңгі есінде сақталатындығын айтты.

«Ауылымызда осындай бір ескерткіш орнату идеясы 2017 жылы осы ауылға әкім болып келгеннен бері мазалап жүр еді», дейді Тайпақ ауылының әкімі Болат Шәленов.

Өйткені сол жылы жазда ауылдың қадірлі ағасы Болат Дошаев жас әкімге жан тебірентерлік бір оқиғаны айтып берген екен. Ұзақ жыл білім саласында қызмет еткен, бірнеше мектеп басқарған ардагер ғой. Тайпақтағы гимназияны басқарып тұрған кезінде Қыдырғали Дүйсенбаев есімді ауыл ақсақалы өз қаржысына шағын тақта жасатып, соны мектеп қабырғасына орнатуды сұрап келіпті. Сөйтсе, Қыдырғали ақсақалдың әкесі Шектібаев Дүйсембай 1938 жылы жазықсыз репрессияға ұшыраған болып шықты. Оның зардабын баласы да аяусыз тартыпты. Мектепті, институтты үздік бітірсе де «халық жауының баласы» деген ат соңынан қалмапты. Осы қарғыс таңбасы үнемі алдынан шығып, дұрыс жұмысқа да тұра алмапты. Кейін Сталин өліп, әкесі ақталса да, оның есімін жарыққа шығару, ел алдында насихаттау ісі жүргізілмеген. Қыдырғали ақсақал өзінің қолынан келгені – азғантай зейнетақысынан үнемдеп жинап, «Жазықсыз жаға ұшырап, құрбан болған аталарымыздың аруағына мың тағзым!» деген сөзді гранит тақтаға жаздырған екен. Кейін бұл тақта мектеп қабырғасына емес, ауыл ішіндегі саябаққа орнатылған. Бірақ сталиндік репрессия құрбандарына еңселі ескерткіш, тағылым алар тарихи белгі орнатылуы қажет-ақ болатын.

Өлкетанушы Ахмедияр Батырхановтың дерегінше, сталиндік репрессия жылдары Тайпақ өңірінен 300-ден аса азамат қуғын-сүргінге ұшыраған екен. Арнайы зерттеушілер қолға алса, бұл тізім әлі толыға түсуі мүмкін. Болашақта бұл ескерткіштің айналасын толық абаттандырып, саяси қуғын-сүргін құрбандарының аты-жөні жазылған тақталармен толықтыру жоспарланып отыр.