Кеше Ақордада Президенттің Көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаевтың төрағалығымен «Қазақстан Республикасындағы экологиялық қауіпсіздік» тақырыбында Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы Сараптамалық кеңестің отырысы өтті.
Отырысқа қазақстандық бейінді ғылыми-зерттеу институттардың жетекшілері мен үкіметтік емес ұйымдардың сарапшылары қатысты.
Н.Ермекбаев Қазақстанның тұрақты дамуы мен қоршаған ортаны қорғау мәселесіне Мемлекет басшысы ерекше назар аударып отырғандығын атап өтті. Қазіргі уақытта еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту нақты шешімдерді қабылдауды қажет етеді және осы салада азаматтарды үнемі қауіп-қатерлер туралы алдын ала ақпараттандырып отыру қажет.
Сарапшылар экологиялық тәуекелдер, атап айтқанда, климаттың өзгеру салдары, жердің тозуы мен шөлге айналуы, суды тиімсіз пайдалану, өндірістік қалдықтар мен қоқыстардың жиналуы туралы алаңдаулы екендігін білдірді. Сарапшылар тарапынан Қазақстандағы экологиялық қауіпсіздіктің қауіп-қатерін азайту мен алдын алу туралы нақты ұсыныстар берілді.
Н.Ермекбаев отырысқа қатысушыларға су тасқыны, болуы мүмкін залалды азайту, табиғи апаттардың пайда болуын ескерту мен оны болжаудың тиімділігін арттыру мәселесі бойынша ғылыми, сараптамалық қолдау көрсетуге шақырды.
Сараптамалық кеңес отырысының қорытындысы бойынша Қауіпсіздік Кеңес қызметі мен мемлекеттік органдардың жұмысында одан әрі пайдалану үшін нақты ұсыныстар берілді.