Мемлекеттік рәміздер күніне орай Май ауданында мерекелік велошеру ұйымдастырылды. Спорттық іс-шарада саламатты өмір салтын ұстанатын 85 әуесқой өзара кіл мықтыны анықтап, үздік шыққан спортшылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Велошабандоздар додасы әуелі Көктөбе ауылдық әкімдігі орналасқан ғимарат алдынан басталды. Велошерудің ашылу салтанатында аудан басшысы Ағыбай Әмірин жұртшылықты Рәміздер күнімен құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Мемлекеттік нышандарымыз – кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамайтын атрибуттарының бірі. Өскелең ұрпақты саламатты өмір салтына насихаттау, патриоттық сезімді ояту, мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу мақсатында бүгін осындай спорттық іс-шара өткізуді ұйғардық. Биыл Май ауданының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Осы мерейлі датаны ескере отырып, велошеруге 85 спортшы қатысса деген тілек болған. Шақыртуымызды ескеріп, белсенді қатысып жатқан тұрғындар мен оқушыларға, жастарға алғыс айтамыз», деді құттықтау сөзінде әкім.
Велошеруге оқушылар мен жастар, мемлекеттік қызметшілер, тұрғындар мен ардагерлер, кәсіпкерлер қатысты. Велосипедке отырып алып, онымен желдей есудің денсаулық үшін пайдасы мол екенін Май ауданының жұртшылығы жақсы түсінеді. Үлкен шаһарда тұрмаса да, жергілікті халық арасында велосипедпен қыдырыстау, күнделікті жұмысына барып-келу кең таралған. Денсаулыққа пайдасынан бөлек, шап-шағын әрі ыңғайлы бұл көліктің қоршаған ортаға да еш зияны жоқ екенін еске сала кеткен артық болмас. Ал Май өңірі – кезінде атом сынағынан ең көп зардап шеккен аймақтардың бірі.
Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Сағадат Отаров мұндай іс-шара жас ұрпақты дене тәрбиесімен айналысуға үндеуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Жазғы уақытта таза ауада серуендеп, спортпен шұғылданудың пайдалы екені баршаға мәлім. Ал велосипед тебудің пайдасы ұшан-теңіз. Велоспорт күнделікті әдетіңізге айналса, жалпы денсаулыққа жағымды әсері мол. Велосипедті экологиялық көлік ретінде де насихаттап жүрміз. Бірақ, ең бастысы, оның адам ағзасына қосымша оттегі бөліп, есте сақтау, ойлау қабілетіне жақсы әсер ететінін ұмытпауымыз керек», дейді спорт маманы.
Қатысушылар Әйтеке би, Абай, С.Сейфуллин, Абылай хан көшелерін басып өтіп, Орталық алаңда мәре сызығын қиды. Ұйымдастырушы тарап – аудан әкімдігінің қызметкерлері қатысушылар арасынан «Ең жас велошеруші» мен «Ардагер велошерушіні» анықтап, оларға арнайы аталымдарды табыстады. Ал үздік шыққандар мен жүлделі орынға ие болғандар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Павлодар облысы,
Май ауданы,
Көктөбе аулы