• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 04 Маусым, 2024

Көк тудың желбірегені...

180 рет
көрсетілді

Әр спортшының асқақ арманы және басты мақсаты – Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттары секілді дүбірлі додаларда өз елінің әнұранын шырқап, туын көкте желбірету. Мемлекеттік рәміздер күні осы жағдайға байланыс­ты отандастарымыздың айтқан әсерлі сөздерін жадымызда тағы жаңғыртуды жөн көріп отырмыз.

Әбиба ӘБУЖАҚЫНОВА,

дзюдодан әлем чемпиона­ты­ның екі дүркін қола жүлдегері:

– Өзбекстанда туып-өстім. 11 жасымнан дзюдомен айналыстым. Сол жақта жүргенде де атажұртқа қоныс аударып, дүбірлі додаларда өз елімнің намысын қорғауды армандадым. Мек­тепте оқып жүрген кезімде жалғыз өзім Алматыға келдім. Елішілік додаларда мықтылығымды мойындатып, ұлттық командаға қабылдандым. Одан кейін халықаралық жарыстарға қатыса бастадым. Қол жеткізген табысым аз болған жоқ. Биік белестің біразын бағындырдым. Ал 2022 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленіп, қазақтың көк байрағын көкте желбіреткенімде, қуанышымда шек болмады. Өйткені сол күнге дейін аталған жарыс­та жеңіс тұғырына көтерілген бірде-бір қазақ қызы болмаған. Сондай бақтың маған бұйырғанына қатты қуандым. Одан кейін аталған жарыста тағы бір рет жүлде алдым. Азия ойындары мен құрлық чемпионаттарында да табысқа жеттім. Міне, енді Олимпия ойындарына барамын. Бұйыртса, Париждегі додада да өнерім­мен Қазақ елін қуантамын деген ойдамын.

 

Елена РЫБАКИНА,

теннистен «Уимблдон» турнирінің жеңімпазы, әлемнің төртінші ракеткасы:

– Мәскеуде дүниеге келіп, спорттық карьерамды Ресейдің астанасында бастағаныммен, 2018 жылдан бері 19 жасымнан Қазақстанның туы астында өнер көрсетіп келемін. Осындай қадамға барғаныма еш өкінбеймін. Спортшы ретінде өсуіме Қазақстан барлық жағдай жасады. Маған сенді, үміт артты. Жергілікті жанкүйерлер жылы қарсы алды. Осыдан артық не керек? Сол сенімнің, қамқорлық пен қолдаудың арқасында көрсеткішім де уақыт озған сайын жақсара түсті. Қысқа ғана мерзім аралығында «Уимблдонды» ұттым, Аустралияның ашық біріншілігінің финалында ойнадым, WTA турнирлерінде сегіз рет топ жарып, қазіргі кезде әлемнің төртінші ракеткасы атанып отырмын. Егер осы жеңістерім Қазақстан жастарының тенниске деген қызығушылығын оятып, кортта өнер көрсетіп жүрген жас өрендердің жеңіске деген жігерін арттырса, мен үшін үшін басты жеңіс осы!

 

Нариман ҚҰРБАНОВ,

спорттық гимнастикадан Азия ойындарының жүлдегері, Әлем кубогі мен құрлық чемпионат­тары­ның бірнеше дүркін жеңімпазы:

–  Әр жарыс сайын еліміздің Әнұраны шырқалып, Туы көкте желбірегенде, жер-жаһан жұртшылығы осы көріністі орындарынан тік тұрып тамашалап, сырттай сүй­сінеді. Ал АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Жа­пония, Франция, Италия, Испания, Оңтүстік Корея, Түркия, тағы басқа алпауыттардан байрағымыз жоғары тұрса, олар бізге қызыға да қызғана қарайды. Ондай сәттерде кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді. Ерекше күй кешеміз. Мақтанамыз, шаттанамыз, жеңіске деген құштар­лығымыз арта түседі. Тіптен бақыт­тан басымыз айналады десек те болады. Өзім де отандық спорттың абыройын асқақтатып, мәртебесін көтеруге бір адамдай-ақ еңбек сіңіріп жүрмін. Еліміз спорт­шы­ларының сол жеңісті жолы ұзағынан болатынына сеніміз зор.