• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 04 Маусым, 2024

«Самұрық-Қазынаның» сауапты ісі

95 рет
көрсетілді

Астанада «Charity Samruk Marathon – 2024» қайырымдылық марафоны өтті. Шарада жиналған қомақты қаражат ерекше балаларға арналған әлеуметтік жобаларға жұмсалады.

1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай елордалық Триатлон саябағында өткен «Charity Samruk Marathon – 2024» қа­йырымдылық марафоны саламатты өмір салтын ұстанатын әрі жомарт жү­ректі отандастарымыздың басын қосты.

Бұқаралық жүгіруге бас-аяғы 1200-ден астам желаяқ қатысты. Олардың басым көпшілігі – «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қызметкерлері.

Ересектер 5 және 10 шақырымдарды бағындырса, 200-ден астам балалар мен жасөспірімдер 400 және 1000 метрге жүгірді.

«Бүгінгі шара саламатты өмір салты мен бұқаралық спортты насихаттап қана қоймайды. Ең бастысы, біз бір ай­дың көлемінде 125 млн теңгеден астам қаражат жинадық, бұл қаражаттың бар­лығы Астана қаласындағы мектептер мен балабақшаларда инклюзивті ка­би­неттер ашуға жұмсалады», деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Жалпы, «Самұрық-Қазына» – елімізде қайырымдылыққа ерекше көңіл бөліп отырған құрылым.

«Биыл су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге біз 22 млрд-тан астам қаражат бөлдік. Оның ішінде 10 млрд «ҚазМұнайГаз», 3 млрд «Қазатомпром», 3 млрд «ҚазақстанТемірЖолы», 2 млрд «Самұрық-Қазына», 1 млрд «KEGOC», 1 млрд «Самұрық-Энерго», 1 млрд «ҚазақГаз», 1 млрд «Air Astana». Бұдан бөлек, қаржылай көмекпен қатар Қор ком­­паниялар тобы тегін жанармай, ар­найы техника, жұмысшылар күшін бөлсе, «ҚТЖ», «Air Astana», «ҚазақЭйр» ар­қылы тегін тасымалдау қызметі көр­се­тілді, дейді «Самұрық-Қазына» қоры­ның басшысы.

Жыл сайын «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан жарты миллионнан астам отандасымызға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Олардың 97 мыңға жуығы – балалар мен аналар.

Марафон қатысушыларын қолдау үшін олардың отбасы мүшелері де кел­ді, жалпы спорттық шараға барлығы 2 мыңнан астам адам қатысты.

Қор жүгіруге ниет білдірген жандарға марафонға дейін бір ай бойы әр сенбі сайын тәжірибелі жаттықтырушымен дайындалуға мүмкіндік жасаған.

Осылайша, саламатты өмір салтына ден қойған азаматтар мен жомарт жандардың арқасында кішкентай балдырғандар жарқын болашаққа, сала­матты және бақытты өмір сүруге мүм­кіндік алды.

Жаппай жүгіру аяқталған соң марафон қатысушылары мен еріктілер тобы Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясын қолдау мақсатында саябақ аумағын қоқыстан тазалап шықты.

 

Ақмарал БАЯЗИТОВА