Тай еліне аттанған Қазақстанның жеті боксшысының төртеуі жарысты мерзімінен бұрын аяқтап, Олимпия ойындарының лицензиясынан айырылғаны туралы бұған дейін баяндағанбыз. Содан үш жерлесіміздің жолына үмітпен қарадық.
Сенбі күні 75 кг салмақтағы Валентина Хальзова 1/8 финалда моңғолиялық Эрдентуя Энкхбаатармен кездесті. Бұл бәсеке жерлесіміздің жеңісімен аяқталды. Екінші раундта ол қарсыласын нокдаунға жіберді. 50 кг салмақ дәрежесінде бақ сынаған Назым Қызайбай дәл сол межеде ұлыбританиялық Саванна Саблимен күш сынасты. Ол да Хальзовадан қалыспай, Тұманды Альбион елінің өкілін үшінші раундта есеңгіретті. Мұхамедсабыр Базарбайұлы мен кубалық Эрисланди Алварестің арасындағы ширек финалдық айқасты төрешілер бұра тартып, жеңісті Бостандық аралының былғары қолғап шеберіне берген еді. Десек те қандасымыз жолдамаға таласу мүмкіндігін сақтап қалды. Себебі сол межеде жеңіліс тапқан жампоздар өзара жұдырықтасып, 63,5 кг салмақ дәрежесіндегі соңғы лицензияны сарапқа салды. Алғашында ол колумбиялық Хосе Виафарамен жұдырықтасты. Өте шиеленісті өткен жекпе-жектің бірінші кезеңінде Мұхамедсабыр басым болды. Екіншісінде Хосенің бағы жанды. Үшінші раундта жарақат алғанына қарамастан, қазақ боксшысы жеңісті қарсыласынан жұлып әкетті.
Жексенбіде шешуші сайыстар өтті. Алғашқы болып рингке Валентина Хальзова шықты. Ол колумбиялық Ширлейдис Ороскодан басым түсті. Кешкі бағдарламада Назым Қызайбай мен Су Хьян Канмен қолғап түйістірді. Бірінші раундты Солтүстік Кореяның өкілі өз пайдасына шешті. Екіншісінде қандасымыздың мысы басым болды. Шешуші кезеңде намысқа тырысқан Қызайбай Канды бір мәрте есеңгіретіп, жеңіс тойын тойлады. Одан кейін кезек Мұхамедсабыр Базарбайұлына келді. Біздің жігіт молдовалық Александру Параскивадан басым түсті. Барлық төреші Мұхамедсабырдың мықтылығын мойындады.
Сөйтіп, Қазақстанның ерлер құрамасы Олимпия ойындарында толық құрамда өнер көрсетеді. Мұхамедсабыр Базарбайұлына (63,5 кг) дейін ондай құрметке Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) бөленген еді. Сондай-ақ Парижге баратындардың тізіміне үш бұрымдымыз қосылды. Олар – Назым Қызайбай (50 кг), Карина Ибрагимова (57 кг) және Валентина Хальзова (75 кг). Ал барлық спорт түрлері бойынша бүгінгі күні жерлестеріміздің жеңіп алған жолдамалар саны 58-ге жетті.