Парижде өтіп жатқан «Ролан Гаррос» турнирінің жекелеген сайысында Қазақстанның бір ғана теннисшісі қалды. Ол – Елена Рыбакина. Еліміздің бірінші және әлемнің төртінші ракеткасы үшінші кезеңде бельгиялық Элизе Мертенспен шеберлік байқасты.
28 жастағы Фландрия аймағының тумасы айналдырған төрт-бес жыл аралығында АҚШ пен Аустралияның ашық біріншіліктері және Уимболдонда бас жүлдені олжалады. Басқа да бірқатар халықаралық турнирде үздіктер қатарынан көрінді. Бірақ бұл табысқа Элизе жұптық жарыстарда қол жеткізді. Ал жекелеген сайыста Мельбурнде жартылай финалға дейін жетіп, Нью-Йоркте екі рет ширек финалға шықты. Қазіргі кезде Мертенс WTA рейтингінде 27-орында. Бұл кездесуде Рыбакина қарсыласына бас көтертпеді. Небәрі 1 сағат 08 минутқа созылған сайыс 6:4, 6:2 есебімен аяқталды.
Төртінші кезеңде Елена украиналық Элина Свитолинамен сайысқа түседі. Әлемдік рейтингте 19-сатыға жайғасқан 29 жастағы Одессаның тумасы US open (2019 жылы) мен Уимблдонның (2019, 2023) жартылай финалында және Аустралияның ашық біріншілігі (2018, 2019) мен Ролан Гарростың (2015, 2017, 2020, 2023) ширек финалында ойнап, WTA турнирлерінде 18 мәрте топ жарды.