Оңтүстік Кореяның Орталық мемлекеттік кітапханасының қоры қазақша кітаптармен толықты. Рухани мұраларды еліміздің Кореядағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрғали Арыстанов табыс етті.
Енді жергілікті оқырмандар хакім Абай шығармашылығымен танысып, Қаныш Сәтбаев туралы мағлұматқа қанығып, Қазақстан тарихын, мәдениеті мен өнерін, сондай-ақ Президент қызметі туралы тереңірек біле алады.
Аталған кітапханада 14 миллион 250 мыңнан астам кітап пен 19 миллионнан астам цифрланған материал сақталған. Ондағы мамандар кітапхана ісіне жаңа технологияларды енгізу тәжірибесімен бөлісуге дайын.
«Делегациялармен алмасуға келістік. Жақын арада кітапхана мамандары делегация жіберіп, Қазақстандағы әріптестерімен өздерінің озық технологияларымен бөлісетін болады. Одан кейін біздің кітапханашыларға осы жерде тренингтер өткізіп, маман даярлауға да өз ниеттерін білдіріп отыр», дейді Қазақстанның Корея Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрғали Арыстанов.