• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Маусым, 2024

«Утиль алым»: Қоғамдық талқылау қашан өтеді?

224 рет
көрсетілді

Жаңадан тіркелген автокөліктерге салынатын утилизациялық алым салығын күшінде қалдыру немесе алып тастау мәселесі 5 шілдеге дейін толық шешімін таппақ, деп хабарлайды Egemen.kz.

inbusiness.kz сайтының жазуынша әлеуметтің өзекті проблемасына айналған утилизациялық алым салығына наразы азаматтар арнайы петиция жариялап, жуырда салыққа қарсылар саны 50 мың адамнан асты. Заң бойынша қарсы қол қоюшылар саны белгілі бір межеге жеткенде, міндетті түрде қайта қаралатын бұл процесс туралы Сенат мінберінен де айтылды.

Парламент отырысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев утилизациялық салықтан жиналған қаражат жөнінде ақпараттың жетіспеушілігін сынға алған еді.

«Халық өздерінен жиналатын қаражаттың қайда және қалай жұмсалатынын білгісі келеді. Жиналған қаражатты компаниялар қандай мақсатта пайдаланып жатқанын білуге тиіс, ашықтық пен жариялылық керек, барлық мәселе осыдан туындап отыр. Болашақта жауапты мемлекеттік құрылымдар мен бұл қаражатты жұмсап жатқан компаниялар толық ашықтықты қамтамасыз етеді деп сенеміз», деді Сенат төрағасы.

Халықтың сұрауы мен биліктің сынына жедел жауап қатқан Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың уәжі қоғамды қанағаттандырмады.

«Утилалымнан түскен қаражаттан автомобильге арналған дөңгелектер мен шиналар, пластикалық автобөлшектер шығарылады. Кәсіпорындардың мүддесін қорғау – менің тікелей міндетім. Лоббизм жасады деу орынсыз. Отандық өнеркәсіптің дамуына жағдай жасауымыз керек», деген еді министр.

Алайда Қазақстанда жасалған автодөңгелектер мен пластикалық автобөлшектерді еліміздің базарлары мен автодүкендерінен кездестіру неғайбыл. Базарлар мен дүкендерден сапасы нашар қытай өнімдері алынып тасталуы керек еді ғой?!

Сонымен, 24 мамыр мен 5 шілде аралығын қамтитын утиль алым тағдырын шешетін процес кезінде арнайы жұмыс тобы құрылады. Оның құрамына мемлекеттік тиісті органдардың мүшелері, қоғамдық ынталы топ өкілдері кіргізіледі. Жұмыс тобы өңірлерге шығып, халықпен кеңес өткізуді жоспарлап отыр. Қажет болса зауыттар мен кәсіпорындарда болып, утиль алымнан түскен қаражаттың жұмсалып жатқан жерін де көрсетпек. Комиссия жұмысы қорытындыланған кезде министрлік қоғамдық талқылау өткізеді.