• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Маусым, 2024

Шіркей Жайық жұртын шаршатып тұр

64 рет
көрсетілді

Орал қаласының тұрғындары маса мен шіркейдің көптігіне шағым айтып жатыр. Сай-саланың бәрін суға толтырған биылғы тасқынның тағы бір зардабы осылай көрінді.

Үш өзеннің ортасында тұрған Орал қаласында көктем сайын ма­са мен шіркей көбейетіні таңсық емес. Жергілікті әкімдік қаржы бөліп, тиісті мекемелер жәндіктер көбейетін қуыс-қалтарысты алдын ала улап, қам жасайтын. Бірақ биыл­ғы көктемде өңірде су көп болды, Жайық өзені тасып, қала ма­ңын­дағы саяжай қоғамдары түгел су астында қалды. Ал су көп жер­де маса мен шір­­кей де көп.

«Бұрынғы жылдары әр көк­темде шамамен 13 мың га жер зиянкес жәндіктерге қарсы өң­­де­­летін еді. Биылғы су тасқы­ны­на байланысты бұл көлем екі есеге жуық ұлғайып отыр. Бірақ оны алдымен зерттеу керек, жәндіктердің жұмыртқа салған аумағын, личинкаларының көп жерін анықтап алу қажет. Қазір арнайы мамандар, энтомолог-биологтер қала маңын, Деркөл мен Круглоозерный кентінің айналасын, жайылма сулар аумағын зерттеуге дайын. Тек судың көп­ті­гінен әлі кей жерге бара алмай отыр», дейді облыс­тық Энер­ге­тика және тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық бас­қар­ма­сы басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиев.

Жалпы, Орал қаласы мен оның айналасында профилактикалық дезинсекция жұмыстарын жүргізу, яғни масаға қарсы өңдеу жұмыс­та­рын атқару үшін жыл сайын мем­лекеттік сатып алу байқауы өтеді. 2024–2025 жылдарға арналған байқаудың же­ңім­пазы – «Танкеев Б.А.» жеке кә­сіпкері болыпты. Өткен сәуір айында жеке кәсіпкер мен әкімдік арасында 187 040,0 мың теңгеге 2 жылдық келісімшарт жасалған. Мұның 105 395,0 мың теңгесі биыл, яғни 2024 жылы игерілуге тиіс. 81 645,0 мың теңге келер жылдың еншісінде. Қаржыландыру жоспарына сәйкес, биыл облыстық бюджеттен 105 395,0 мың теңге бөлініп те қойған.

«Бұл жұмыс маса мен шіркей тәрізді жәндіктердің шектен тыс көбейіп кетуінің алдын алу үшін, профилактикалық мақсатта жасалады. Бірақ шыбын-шіркей осы шаралардың нәтижесінде мүлдем жойылып кетеді деп айта алмаймыз. Биыл тасқын судың әсерінен жән­діктердің шектен тыс көбейіп ке­т­­уі­не қолайлы жағдай туға­нын тү­сіну керек», дейді Қанат Амангелдіұлы.

– Біз атқаратын дезинсекциялық шаралар екі кезеңге бөлінеді: бірін­ші­сі су айдындарын масалар­дың дернәсілдеріне қарсы өңдеу болса, екіншісі аумақтарды маса­лар­дың ұшатын түріне (имаго) қарсы өңдеу. Біз бірінші кезең­ді 9 сәуірде бастап кеттік. Орал қала­сы­ның айналасын, Серебряково, Круглоозерное, Серебряково, Круг­ло­озерное Ко­мин­терн, Же­лаево, Октябрьское, Зеленое, Макарово, Достық, Жайық, Бортөбе, Өскен, Жамбыл секілді т.б. ауылдардың маңындағы су қоймаларына энтомологиялық мониторинг жүргізіп, масалардың дернәсілдерін қарадық. Сөйтіп, 18 сәуірде 3 және 4 сатыдағы дернәсілдер пайда болған жерлерде өңдеу жұ­мысы басталды. Біз оны рюкзак бүріккіштермен жүргізіп шықтық, 20 дезинфектор және 5 техника жұ­мылдырылды. Сөйтіп, бір айдың ішінде 3000 гектардан астам аумақ дернәсілге қарсы өңделді, – дейді «Танкеев Б.А.» ЖК директорының орынбасары Юлия Майер.

Әрине, дернәсілге қарсы кү­ресте Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы ұсынған, ел аумағын­да қолдануға рұқсат етілген инсектицидтер мен ларвидцидтер қол­данылуға тиіс. Сондықтан тиісті меке­­ме улау кезінде қолданылатын пре­параттардың мемлекеттік тіркеу туралы сертификатын, сәйкестік декларациясы мен сертификатын қатаң тексеріп отырады.

Дезинсекциялық іс-шаралар­дың екінші кезеңі де Орал қала­сы аумағында, сондай-ақ қала ма­ңындағы Серебряково, Круг­ло­озерное, Коминтерн, Желаево ауыл­дарында, орман алқап­та­рын­да, ­ауылдағы орман белдеуінде жүр­­­гізіліп жатыр. Сонымен қатар Бәйтерек пен Теректі аудан­да­ры­ның Асан, Жеміс-көкөніс, Мичурино, Новенький, Трекино, Володарка, Дариян, Подстепное, Октябрьское, Зеленое, Макарово, Достық, Жайық, Бортөбе, Өскен, Жамбыл елді­ ме­кен­дері, қала­лық мәдениет және демалыс сая­бағының аумағы, Хан тоғайы, Әнес көлі, Деркүл өзе­ні­нің бойында, Шаған өзені, саяжай аумағы да назардан тыс қал­маған.

Биылғы жұмыс көлемінің көпті­гіне байланысты қосымша қар­жы бөлінуі мүмкін бе? Бұл сауал­ға Қанат Өмірәлиев «әбден мүмкін» деп жа­уап берді.

«Дәл қазір бөлінген қаражат бар, жұмыс жүріп жатыр. Егер бөлін­ген қаржы таусылып, одан әрі қажет­ті­лік туса, қосымша сұрататын боламыз. Бірақ әуелі нақты талдау жұ­мыс­та­рының нәтижесіне сүйену керек. Мысалы, былтыр қала маңында 2 мың га жерден жәндіктердің личинкалары анықталған еді. Биыл оның көлемі тағы 1 мың гек­тарға ұлғайғаны байқалады. Нақты көлемі қандай болмақ? Соған байланысты әрекет етеміз» дейді Қанат Амангелдіұлы.

Қазір қала ішінде де, ауылдарда да маса мен ұсақ шіркейдің ерекше көбейіп кеткенін айтып, дабыл қағушылар көп. Әсіресе Орал қаласында көшеде жүру қиын­дап кетті. «Қала іші неге масаға қар­сы улау жүргізілмейді?» деп наразылық білдіру­шілер де бар.

«Біз соңғы 5 жылдан бері қала ішінде улау жұмысын тоқтаттық. Өйткені тұрғындар арасында жағым­сыз иіске шағымданған, «аллергия дерті асқынып кетті» деп арыз айт­қандар болды. Бүгінде көпқабат­ты үйлердің жертөлесінен маса шығып жатыр дейді. Бұл мәселеге пәтер иелері кооперативтері жауап беруге тиіс. Ереже бойынша ПИК жылына екі-үш мәрте жертөледе дезинфекция жұмысын жүргізуі керек. Біз көктемде осы жағдайды ескертіп, тұрғын үй пәтер иелері кооперативтері басшыларымен жиналыс өткізген болатынбыз», дейді Қанат Өмірәлиев.

«Маса мен шіркейдің көбеюі – маусымдық қиындық. Жаз әбден күшіне еніп, күн ысыса, инелік шықса, маса-шіркейдің бұлты да сейіледі. Сәл шыдайық» деп орал­дықтарды сабырға шақырып жат­қандар да бар. Әзірге Батыс Қазақстанда ең өтімді тауар – омарташының торлы бетпердесі болып тұр.

 

Орал