• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Маусым, 2024

Ұлттық рухты көтерген жыр

132 рет
көрсетілді

Семейде Мемлекеттік рәміздер күні қалалық ішкі сая­сат бөлімінің ұйымдастыруымен «Көк байрағым – айбыным» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті. Жыр додасына өлеңге жаны құмар жиырмаға тарта жас жеткіншек қатысты.

Екі кезеңнен тұрған байқау­дың бірінші бөлігінде жас ақындар рәміздерге арнал­ған, ұлттық рухты қастер­леу мен Отан­ды сүю тақырыбындағы пат­­риоттық өлеңдерін көпші­лік алдында оқып, сынға түс­ті. Екінші кезеңде еркін тақы­рып­тағы жырларын талқыға салды.

Өзара бәсекеде жас­­тар арасынан суы­­ры­­лып шық­қан Шәкәрім уни­­­вер­­ситетінің сту­дент­­тері Ұлан Нұрбол, Мерей Тұрарбек, сондай-ақ Әлихан Бө­кей­хан университетінің сту­денті Ақгүл Серікқызы ұйым­дас­тырушылар тарапынан жыр бәйгесінің арнайы жүлдесіне ие болды. Байқау қортындысы бойынша Азамат Серікұлы 3-орынды қанағат тұтса, 2-орынның жүлдесі Мирас Зекеновке бұйыр­ды. Бірінші орынды Бағжан Кәріпбаева иеленді.

«Байқаудың басты мақсаты – 25 жасқа дейінгі жастарды жарысқа қатыстыра отырып, бүгінгі заманның патриоттық жырларын көпшілікке таныс­тыру, жас өнерпаздардың өлеңдері арқылы ұлттық на­қышты еліміздің рәміздерін насихаттау», дейді іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі  Абай жастары ресурстық орталығының бөлім басшысы Ерсінбек Өрлеубек.

Облыс аумағында рәміз­дер күніне орай барлық аудан тұрғындарының қатысуымен Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өткізіліп, жиналған көпшілік Мемлекеттік әнұранды бір уақытта шырқады. Семей, Курчатов қалалары мен Жарма ауданының жастары велошеруге қатысса, Абай, Бесқарағай, Бородулиха аудандарында ел мерейін асқақтатып автошеру ұйымдастырылды. Шеруге қатысушылар бір мезетте ту көтеру іс-шарасына қатысып, ел рухын көтеретін Әнұранды қосылып орындады.

Сонымен бірге Семей өнерпаздары кешкілік қала тұрғындары мен меймандарына патриоттық әндерден шашу шашып, коцерттік бағдарлама ұсынды.

 

Абай облысы