Бокстан Қазақстанның ерлер құрамасы Париж Олимпиадасында толық құрамда өнер көрсетеді. Жетінші жолдаманы Таиландтың Бангкок қаласында өткен Олимпиадаға іріктеу турнирінде 63,5 кг салмақтағы Мұхамедсабыр Базарбайұлы жеңіп алды.
– Олимпиада жолдамасы маған оңай келген жоқ. Алдымен Қазақстан спартакиасында жеңіске жеттім. Одан кейін Италияда өткен Олимпиадаға іріктеу турнирінде бақ сынадым. Алайда жолым болмады. Астанада бес спортшының арасында кішігірім жарыс ұйымдастырды. Финалда тәжірибелі Дулат Бекбауовтан басым түстім. Таиландта алты жекпе-жек өткіздім. Ең бастысы, Олимпиада жолдамасын иеленіп отырмын. Ата-анама, бапкерлеріме, қолдаушыларыма алғыс айтамын, – деді Мұхамедсабыр.
Сондай-ақ ол тыңғылықты дайындық жүргізіп, Париж Олимпиадасында көк туымызды биік тұғырдан желбіретуді көздеп отырғанын айтты.