Адриад арнасынан ат суарған Аттиладай, елімізден аттанған көркем өнер керуені исі итальян жұртшылығын тәнті етті. Әлем туындыгерлерінің ең танымал форумдарының бірі, тәуелсіз қазылар арқылы бағаланып, екі жылда бір рет өткізілетін халықаралық өнер көрмесі Венеция биенналесі деп аталады. Ондағы көпшілік назарына Қазақстан павильоны тұңғыш рет ұсынылды. Көрмеге Кәміл Моллашев, Ерболат Төлепбай, Сергей Маслов бастаған бейнелеу өнерінің беделді өкілдерінің бедерлі жұмыстары қойылды.
Авторлық инсталляция мен бейнелеу өнері көрмесін ұйымдастыру ең алғаш екі ғасыр ілгерідегі Италияның елшісі Риккардо Сельватиконың ойына келген. Заманында ол кескін, сымбат және музыка өнерін жанындай жақсы көрген. Нәтижесінде, 1895 жылдан венециялық биеннале «Халықаралық өнер көрмесі» ретінде ұйымдастырылып келеді. Екі жылда бір рет өтетін өнер жәрмеңкесінде алыптар галлереясынан орын алған небір таланттардың ғажайып туындылары ел назарына ұсынылған.
Дәл осы биенналенің арқасында халық импрессионизмнің беделді өкілі, француз суретшісі һәм мүсіншісі Пьер Ренуар мен ХХ ғасырдағы сурет өнеріне төңкеріс әкелген, кубизм бағытының негізін қалаушы Пабло Пикассоның есімімен танысты. Ал 1964 жылғы ел абстрактілі эспрессионизм өкілі Роберт Раушенбергтің қоқыстан жасалған көркем туындыларын байқады, басын шайқады. Өнердің жаңа бір ашылмаған аралы табылды деп жар салды. Содан бері поп-арт бағыты халықаралық деңгейде мойындалды. Ал Әулие Марктің айбарлы арыстаны Венецияның және осы өнер мерекесінің басты рәмізіне айналған. Бүгінгі күнде ең үздік қатысушыларды қола, күміс, алтын арыстан статуэтімен марапаттайды.
Ең алғашқы халықаралық көрмеге тек 16 мемлекет өкілдері ғана қатыса алған. Бірақ дәуір доңғалағы айналған сайын көрменің де ауқымы үлкейіп, кеңістігі кеңейе берді. Әр мемлекеттің жеке павильоны ұйымдастырыла бастады. Осындай құрметті биыл Қазақстан да иеленіп отыр. Ендігі кезекте суретшілеріміздің туындыларына тоқталып өтейік.
Көрме кураторларының айтуынша, тәуелсіздік алғаннан кейін қалам иелерінің ой азаттығы мен пікір дербестігіне жол ашылды. Нәтижесінде, адам шындығы мен қоғам сұмдығының рәміздік бейнесін спиритуализм мен мистицизмнің тоғысуында көрсеткен Әнуар Мүсіреповтің «Аластау» туындысы, ғарыштық кеңістікті көшпелілік санамен игерген марқұм Сәкен Нарыновтың «Мобильді орнатпасы», көкжиектің арғы жағына көз тастауға мүмкіндік беретін Ерболат Төлепбайдың «Жаңа перзент. Қайта туу» шығармалары жарыққа шықты.
Біз аталып отырған соңғы жұмысқа назар аударып көрейік. Мистицизмде «өлмей тұрып өлу» концепциясы бар. Яғни анық ажал келместен бұрын адам өзінің пенделігін өлтіріп, кісілік келбетінде қайта дүниеге келеді. Бұл үлкен рухани еңбектің нәтижесімен келетін жұмыс. Осы тұста Жұбанның «мың өліп, мың тірілген қазақ» дейтін рухты жыры еріксіз еске түседі.
Картина палитрасы сары түске негізделген. Сартап сағыныштың түсі. Динамикасы күшті, қозғалысы жанды. Ақыл-ой алыптары Анархистен бастап Абайға дейінгі сана сапырылысы келеді көз алдыңа. Ал құлағыңда Қорқыттың қоңыр қобызының құмығыңқы зары. Анау қырға қараңызшы. Кірмембес ауыр қолға бас болған батыр мен нар үстінде найқалып келе жатқан аруақты жыраулар. Бергі жағында оғланым деп жол тосқан әзиз ананың үмітті жанары мен жар төсегін жайнамаздай күткен келіншектің аянышты келбеті... Барлығын да шаһид кешкен шаһбаз рухтардың елесі аралап жүр. Бірақ... Күллі атыс-шабыс, жоқтау мен жұбатуды бір ғана дауыс басып кетеді. Ол жаңа туған нәрестенің іңгәсі... Иә, дүниеге жаңа ұрпақ келді. Жаңа тағдыр, жаңа тарих туады енді.
«Бұл суретшінің өз құпиясы бар. Суретшінің әр картинасына мұқият қарасаңыз, әрқайсында терең сыр жатқанын аңғарасыз. Ол материямен ерекше жұмыс істейді. Ұлты қазақ суретші материяны сезініп, оның тілін түсінеді. Бүгінде оның назарында: адам құндылықтары, отбасы, әйел заты, өмір өрімдері...» деп баға берген заманында белгілі француз архитекторы Роджер Тайлиберт. Иә, оның шығармаларында жұмбақ көп. Автор идеясын тайға таңба басқандай әшкере қылмайды. Үнемі жасырып отырады. Осы тұста Ерболат Төлепбайдың өз пікірі де бізді ойландырмай қоймады. Ол айтады: «Жазған жұмыстарымның әрбірінде әр түрлі ой мен оқиға жатыр. Олар көп адамға түсініксіз. Елдің бәріне ұғыныңқы картинаны мен де жаза аламын. Бірақ ол көрушіні ойландырмайды. Егер жасап жатқан еңбегімде ойымды анық көрсетіп алсам, өнер мені кері итергендей болады. Өз-өзімді кешірмеймін. Ондай сәтте мен қылқаламымды қоя қоямын. Кенепке қайрылмаймын. Көпшілікке бірдей түсінікті болған картина маған қызық емес». Осы сәтте Асқар Сүлейменовтің сөзі санама сақ етердің оғындай қадала қалды. «Ең терең идеялар – қиын идеялар. Өнердің түбіне сорпа бетіндегі майдай қалқыған түсінікті идея жетеді. Жазушының бір міндеті – идеяны ашу емес, оны мұзартқа көміп, мұнармен бүркеу. «Шайнап берген ас болмас». Оқушы шыңғырғандай болып қиналса несі ерсі? Алсын қамау терін! Стилі жоқтың жазғанын оқу – арпа талқанды құрғақ асағандай. Стильсіз жазушы, стилін таба алмаған жазушы – іріге еліктеп көлеңке калькаға барады да, сорпаның сорпасының сорпасы болады», дейді асқақ қаламгер. Ерболат Төлепбайдың айтқысы келген ойы да осы болса керек.
Көрмеге қайта оралайық. Картиналардан бөлек Әнуар Мүсіреповтің «Аластау» мистикалық видео-эссесі ел назарына ұсынылды. Аты таныс болғанмен, заты беймағлұм шығарма бізді ерекшелігімен таңғалдырды.
Тұрпаты жаңа тұжырымға негізделген туынды авторы – арт-публицист және режиссер. Әнуар Вена өнер академиясының магистрі атанып, қазір Астанадағы «Pigmalion» галерясында көркемдік жетекші болып жұмыс атқарады. Ендігі кезекте «Аластау» видео-эссенің мазмұны туралы туындыгердің өз аузынан естісек: «Бұл фильм қазақтың байырғы мәдениеті мен дүниетанымына негізделді. Оқиға постаппокалипсис уақытында ажалдан қашқан қаһарман туралы. Әрине, мұның өзегінде Қорқыт бабамыздың бедерлі бейнесі жатыр. Антагонистер – түркі демонологиясының кейіпкерлері, бөтен ядролық шаңнан дүреген албастылар. Олар жер-жаһандағы тірі табиғатты жойып кетеді. Бір эпизодта басты кейіпкер «аластау» ритуалын жасайды. Сол сәтте оған бабалар аруағы медет беріп, албастыларды қуып шығады. Мен аңыздарды құрдан-құр сахнаға шығара салған жоқпын, оны өзімше тәпсірледім. Түйсікпен қабылдап, түсінген шындығымды көпшіліктің көзіне көшіргім келді. Бұған көп уақытымды жұмсадым. Іздендім. Шыңғыс Айтматовтың «Кассандра таңбасын» рухани құбыла қылып алдым», дейді ол.
Биенналеге қойылған әрбір жұмыстың тізбегі міне осындай рухта жалғасады. Барлығы мәңгілік мұраттарды адамзат алдына сауал етіп қояды. Дүниеге дүңгірлеп келген түркінің көзімен қарайды жаһанға. Өмірге өзгеше мән дарытады. Ой түкпіріндегі ілкі ақпараттарды ақтарып, жүрек түбіне тереңдеуді үндейді.
Асан қайғының Жерұйығы мәңгілік мекенде. Қай жерге ажалдың құрығы жетпейді, сол жер – Жерұйық. Біздіңше, ол мекен – өнер өлкесі. «Дүниеге келмей бақ, келсең бірақ өлмей бақ» депті Қорқыт атамыз. Расында, ғасырлар ғазауатынан аман өтіп, бабадан жеткен бағзы жырлар соның айқын дәлелі емес пе? Венециядағы қазақ картиналары да болашақтың мәңгілік олжасы боларына кәміл сенгіміз келеді.