Словенияның Копер қаласында спорттық гимнастикадан аяқталған «Challenge Cup» турнирінде Диас Тойшыбек «ат» жаттығуы бойынша 14,150 ұпайды еншілеп, күміс медальды мойнына ілді. Бұл бәсекеде украиналық Илья Ковтун (14.900) алтын тұғырға көтерілсе, хорватиялық Матео Зугич қолаға қол созды.
Париж Олимпиадасындағы грек-рим, еркін және әйелдер күресінен өтетін бәсекелерде Қазақстанның екі төрешісі қазылық етеді. Олар – Ерік Жұмабеков пен Игорь Лигай.
Халықаралық спорттық зерттеу орталығы (CIES Football Observatory) жасыл алаңда өнер көрсетіп жүрген ең құнды қақпашылардың рейтингін жариялады. Үздіктер көшін швейцариялық Грегор Кобель («Боруссия» Дортмунд) мен украиналық Анатолий Трубин («Бенфика») бастап тұр. Олардың әрқайсысы 66 миллион еуроға бағалануда. Одан кейінгі сатыларға мына қақпашылар жайғасты: Диогу Кошта («Порту») – 56 млн, Джанлуиджи Доннарумма (ПСЖ) – 53 млн, Андре Онана («Манчестер Юнайтед») – 51 млн, Барт Вербрюгге («Брайтон») – 47 млн, Эдерсон («Манчестер Сити») – 43 млн, Андрей Лунин («Реал») – 39 млн, Майк Меньян («Милан») – 37 млн, Георгий Мамардашвили («Валенсия») – 37 млн евро.