• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Маусым, 2024

Алматыда «Айбын» X халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтеді

145 рет
көрсетілді

Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған іс-шараның салтанатты ашылуы даңқты майдангер, аса көрнекті әскери қолбасшының есімімен аталатын Құрлық әскерлерінің әскери институтында өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиын 16-22 маусым аралығында «Әли» полигонында ұйымдастырылады. Өткен жылы оған алаң иелері - Қазақстанмен бірге Әзербайжан, Өзбекстан елдерінің өкілдері ғана қатысқан болса, биыл бұл тізімге Беларусь, Қырғызстан, Ресей командалары қосылады. Бұл әскери-патриоттық жиынға қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартады.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиынға  Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдары әскери-патриоттық клубтарының, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Қорғаныс министрлігі әскери колледжінің, «Жас ұлан» республикалық мектептерінің, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің, облыстық әскери мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері қатысады. Жалпы саны жиында 14-17 жас аралығындағы 750 ұл мен қыз бабы мен бағын таластырады.

Айбындықтар АК-74 автоматын толық бөлшектеу және құрастыру, пневматикалық винтовкадан ату, белтемірде тартылу, денені шалқасынан жатып көтеру, арқан тарту, 1000 және 3000 метр қашықтыққа жүгіру, әскерилендірілген эстафета және «Күшіміз бірлікте» әскери-далалық тактикалық ойындарында сынға түспек. Сондай-ақ «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны және «Айбын жұлдызы» шығармашылық байқауы ұйымдастырылады. 

Әскери-патриоттық жиынға қатысушылар үшін концерттер, дәрістер, спорттық ойындар, от жағу кештері және армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов туралы фильмдер көрсетілімі бар қызықты бағдарлама дайындалған. Сонымен бірге әскери техника, жабдықтар, спорттық мүліктер мен стендтер және клубтардың қызметі туралы көрме әзірленеді.

Жиын ұлтаралық және халықаралық достықты нығайтуға, әскери-патриоттық тәрбиені жетілдіруге, әскери қызметті танымал етуге және Қарулы күштердің имиджін арттыруға бағытталған.