• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Маусым, 2024

Ерекше ойын, бөлекше көңіл күй

155 рет
көрсетілді

Еліміздің рәміздер күнін Шығыс жұрты да ерекше тойлады. Әдеттегі ресми іс-шаралардан бөлек танымдық ойын-сауық, көптің көңілін көтерген концерт ұйымдастырылды. Айшықты мерекеге әсіресе Өскеменнің жастары белсене қатысты.

Жылдағыдай жұрт­шы­лық таң аты­сымен елі­міздің рәміздері ор­на­ласқан Қазақстан тауына көте­ріліп, Әнұранымызды шыр­қады. Қаланың ең биік нүктесінде көк туды желбіретіп суретке түсті.

– Еліміздің өркендеп дамуы, көк туымыздың мәңгі желбіреп тұруы үшін біздей болашақ мамандар ел ертеңіне сергек қа­раса екен деймін. Оқуымызды тәмамдаған соң Отан деп еңбек етуге тиіспіз, – дейді автоматтанды­ру ма­мандығы бойынша білім алып жатқан студент Темірлан Айтқазин.

Әнұран шырқау сынды іс-шара облыстың әр ауданында ұйым­дас­ты­рылды. Ал қызыққа толы «Quest-simvol» ойыны Өскеменде ғана өтті. Ұйымдастырушы қала жас­тары мен «Естілер» ұйы­мы. Бұрын-соңды болмаған таным­дық ойынға қала жастары қызығушылықпен қатысты. Командалар әлеуметтік желі арқылы күні бұрын тіркеліп, қатысуға ниет білдірді. Ойынның ережесі де көпшілікті елең еткізді. Қысқаша айтсақ, 3-5 адамнан құ­рыл­ған 9 команда қаланың әр нүк­тесінде сары жейде киген агент­тер­д­і тауып, жасырған сұрақ­та­рына жауап беруге тиіс. Оларға жетуі үшін транспорттың кез келген түрін пайдаланды. Бірін­ші жетіп, жасырған сұрағына жауап берген команда келесі агентті іздеу­­ге кіріскен.

– Командалардың ішінде Аста­на­дан келген қонақтар да болды. Ойын Рәміздер күніне орай­лас­тырылғандықтан, сұрақ­та­рымыз да қала ішіндегі белгілі жерлерге қатысты болды. Дөп тауып, шапшаңдық танытқандары межелі жерге жиналды. Шаршап-шал­дығып жеткен оларды тәтті-дәм­дімен күтіп алдық. Ал жеңім­паз команда кешкі концертте мара­патталды, – деді іс-шараны ұйым­дастырушы Аян Қалымбек. Қатысқан тоғыз команда қаланың белгі­ленген әр нүктесіне қарай асыққан. Қойылған сұрақтар да сан түрлі.

– Ең алдымен ұйымдастырушы жастарға алғыс айтамын. Ойын өте қызықты болды. Командамызбен қаланың әр нүктесін аралап жүріп, агенттер ұсынған сұраққа жауап бердік. Осымен тоқтап қалмай, тағы да жалғасын тапса екен, – дейді ойынға белсене қатысқан Аруназ Ермек.

Рәміздер мерекесі кешкілік концертке ұласты. Қорытынды іс-шарада «Quest-simvol» ойынының жеңімпаздары марапатталды. Ән әуелеп, күй күмбірлеген көңілді кеш биылғы мейрамның нүктесін қойды.

 

Шығыс Қазақстан облысы