Ақтөбе облысында ҰБТ тапсыру 25 мамырда басталды. Сынақ тапсырудың ең соңғы күні –12 шілде. Өңірдегі 321 орта мектептің 11-сыныбын 9 236 түлек аяқтады. Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, негізгі ҰБТ-ға тіркелу 6 мамырда басталып, оған 8 342 түлек (барлық мектеп бітірушілердің 90,2 %-ы) екі рет тест тапсыруға 16 556 өтініш берген. Өткен жылы мектеп бітіргендер мен колледждердің 994 түлегі (толық оқу мерзіміне) және қысқартылған оқу мерзіміне түсетін 289 колледж түлегі ҰБТ тапсыруға кірісті. Жексенбіні есептемегенде, 12 шілдеге дейін әр аптаның алты күнінде тестілеу өтеді.
Өңірде екі тест өткізу пункті ашылған. Оның бірі – облыс орталығындағы Есет батыр көшесі, 107/2 мекенжайында, екіншісі Шалқар қаласындағы Ә.Жангелдин көшесі, 89А мекенжайында орналасқан жекеменшік «Ustudy» тест орталықтары. «Ustudy» тест орталығы Ақтөбеде 231, Шалқар қаласындағы орталық 49 орынға негізделген. Тестілеу орталығының дәрісханалары мен дәліздері бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Ақтөбедегі орталық бір күнде екі лекпен 560 түлекті сынаққа кіргізіп жатыр. Ұлттық тестілеу орталығы мамандарының тобы қазір Ақтөбеде қызу жұмысқа кіріскен. Ұйымдастырушылар таңертеңгілік уақыттан бастап тестілеуге тыйым салынған заттарды алып кірмес үшін металл іздегіштермен тексеріп кіргізіп, сынақ барысын бейнекамералардан бақылайды. Әзірше заңбұзушылық тіркелген жоқ. Алғашқы ең жоғары ұпай жинаған ақтөбелік оқушы тіркелді. Ол қаладағы М.Құрманғалиева атындағы №32 гимназия түлегі, «Алтын белгіге» үміткер – Айшат Сағынаева. Айшаттың жинаған балы – 137.
Биыл да ҰБТ-дағы ең жоғары балл – 140. Оған қоса сынақ тапсыратын пәндер саны өзгеріссіз қалды. «Оқу сауаттылығы» және «Математикалық сауаттылық» пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарса, керісінше бейінді пәндерден сұрақ саны 70-ке дейін артқан.
Ақтөбе облысы